BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қасымов қызылордалықтарға Елбасы Жолдауындағы басымдықтарды түсіндірді

Фото: ҚР ІІМ

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылордаға Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауындағы басым бағыттарды түсіндіру мақсатында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов бастаған республикалық ақпараттық топ өкілдері келіп, жиын өткізді. Басқосуға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев та қатысты.

"Осы жылдың 5 қазанында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады. Мемлекет басшысы қай кезде де қазақстандықтарды әлеуметтік тұрғыдан қолдауды басты назарда ұстайды. Бұл жолғы Жолдауда әлеуметтік-экономикалық дамудың маңызды басымдықтарын жаңғыртып, жандандыру аса қажет екенін баса айтылып, ел дамуына тың серпін беретін бағыт-бағдарлардың жаңа кезеңін ұсынды. Ол еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының инновациялық өзегіне айналып, бәсекелестік қабілетін арттыра түсуі тиіс. Сондай-ақ, бұған дейін қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың жалғасы ретінде жүйелі жұмыстар мен тың реформалар қамтылды",– деп атап өтті облыс әкімі.

Жиында ақпараттық топ жетекшісі ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов сөз алып, Жолдаудың ерекшеліктері мен басым бағыттары туралы айтты және құқық қорғау саласына қатысты негізгі міндеттерге тоқталды.

"Жолдауда Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының жұмысына терең әрі сапалы өзгерістер қажеттігін нақты айтып, көптеген міндет жүктеді. Осыған орай «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын» қабылдауды және реформалардың 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылуын тапсырды. Бұл орайда біріншіден, ішкі істер министрлігінің штаттық санын оңтайландырып, полицияны өзіне тиесілі емес функциялардан арылту қажеттігі, екіншіден, полиция қызметкерінің жаңа стандартын бекітіп, мансаптық ілгерілеу, сонымен бірге, полиция академиялары арқылы кадрларды даярлау мен іріктеу жүйесін өзгерту, үшіншіден, халықпен жұмыс істеудің жаңа заманауи форматтарын енгізіп, полицияны бағалаудың критерийлерін түбегейлі өзгерту тапсырылды",– деді ҚР Ішкі істер министрі.

Министрдің мәлімдеуінше, функцияналдық қызметтерін нақтылау, өздеріне тиісті емес қызметтен босату мақсатында бірқатар қызметтер тиісті салаларға берілсе, кейбір басшылық қызметтер қысқартылып, үнемделген қаржыны полицейлердің жалақысын көбейтуге, олардың тұрғын үй және өзге де әлеуметтік мәселелерін шешуге жұмсау және полиция жұмысын сервистік модельге көшіру көзделуде. Азаматтарды қабылдау үшін арнайы кеңселер ашып, қолайлы жағдай жасау да жоспарда бар.

Айта кетейік, республикалық ақпараттық топ құрамында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Әсет Ерғалиев, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов және басқа да министрліктердің комитет төрағалары бар. Олар да өз салаларындағы Жолдауда айтылған басымдықтар туралы баяндады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер