BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Біз ғылымды дамытудың орнына тілімізді күрделендіріп жүрміз – Байқошқарова Эксклюзив

ҚР Президенті жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, б.ғ.д., «Экомед» емханасының директоры Салтанат Байқошқарова Елбасы Жолдауына қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Алдымен дәрігер Мемлекет басшысының Жолдауында еліміздің дамуына жол ашатын тиісті міндеттер қамтылғанын мәлім етті. Осы орайда Салтанат Байқошқарова Жолдаудағы екі мәселені атап өтті, ол – терминдерді қазақ тіліне аудару және елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу.

«Қазақ әліпбиін латынға көшіруіміз өте орынды. Бірақ Елбасы өз Жолдауында «Соңғы жылдары әлемде қалыптасқан 7 мың термин қазақ тіліне аударылған. Мұндай «жаңалықтар» кейде күлкіңді келтіреді. Сондықтан осындай аудармаларды негіздеу тәсілдерін қайта қарастырып, терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек. Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет» екенін айтты. Мен «халықаралық терминдерді қазақ тіліне аударудың қажеті жоқ» деген пікірді қолдаймын», - деді Байқошқарова.

Осы орайда маман аталған пікірді неге қолдайтынын түсіндірді.

«Әлем елдері қолданатын дүниежүзілік терминдерді біз де өзгертпей, қолдануымыз қажет. Мысалы, медицинада «операция» деген бұрыннан келе жатқан термин бар. Ол барлығына түсінікті. Бұл сөзді біз «ота» деп қазақ тіліне аудардық. Халықтың құлағы үйренсе де, маман ретінде мен ол сөзге әлі үйренген жоқпын. Тіпті, кейбір кезде қазақша жазылған ғылыми дүниелерді оқып, не жазылғанын түсінбей қаласың. Себебі, онда қазақшаға аударылған терминдерді түсінбей шаршап кетесің. Кейін ғылыми мақаланы да оқығың келмей қалады. Менің пікірімше, біз өз тілімізді күрделендірмеуіміз керек. Әлем елдері қолданатын терминдерді қолданып, сол терминмен сөйлеуіміз қажет. Себебі, ол – ғылыми терминдер. Яғни біз қазіргі таңда ғылым мен технологияны дамытудың орнына тілімізді күрделендіріп жүрміз», - деді ол.

Кейін дәрігер елімізде алдағы уақытта енгізілетін МӘМС жүйесіне қатысты өз ойын айтты.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізгелі отырмыз. Ол туралы Елбасы Жолдауында атап өтті. Денсаулық сақтау әрі еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі аталған бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береді. Мысалы, біздің емханамыз бедеулікті емдеумен айналасады. Мұнда экстрокарпаральді ұрықтандыру технологияларын пайдаланамыз. Бірақ кейбір кезде азаматтарды бедеуліктен емдеуге квота жетіспей жатады. Мысалы, мемлекет бір жылға берілетін 900 квотасы халықтың сұранысын қанағаттандырмайды. Сондықтан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне өту өте қажет», - деді ол.

Осы орайда Салтанат Байқошқарова МӘМС жүйесіне көшкен Ресейді мысалға келтірді. Маманның пікірінше, аталған жүйе еліміздегі демографиялық жағдайдың одан әрі жақсара түсуіне оң ықпалын тигізеді.

«Ресей осыдан бірнеше жыл бұрын медициналық сақтандыру жүйесіне көшті. Осы жүйенің көмегімен ресейлік әйелдер тиісті медициналық көмекті алуға мүмкіндік алды. Қазіргі таңда әйел адам экстрокарпаральді ұрықтандыруға квота алу үшін 3-4 жылға дейін кезекте тұрады. Салдарынан пациенттің ұрығының сапасы төмендейді. Бірақ бұл проблеманы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшу арқылы шешуге болады. Содан елдің демографиялық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Тағы бір ескеретін жайт, МӘМС жүйесі енгізілген мемлекеттерде дәрі-дәрмектің бағасы арзан», - деп түйіндеді сөзін Салтанат Байқошқарова.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер