BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Көптілді мұғалім мамандарды даярлау ісі қолға алынуда – Р.Әміренова

Фото: ҚазАқпарат

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауындағы төртінші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту. Бұл басымдық бойынша Елбасы білім беру жүйесіне байланысты ой қозғап, нақты ұсыныстар берді. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің филология және педагогика факультетінің деканы Раушан Әміренованың айтуынша, дамыған өркениетті 30 елдің қатарына қосылу мақсатында жүргізіліп отырған «Үш тұғырлы тіл» саясаты шын мәнінде елдің ертеңі үшін керек, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің Ақмола облысындағы тілшісі.

«Елбасы жаңа кезеңде білім беру жүйесіне байланысты міндетіміз бен бағытымызды айқындап берді. IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керектігін, қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту қажеттігін айта келе, Елбасы Үкіметке тиісті ұсыныстар беруді тапсырды. Қазіргі жағдайда елімізге үштілді меңгерген, кез келген жерден ақпарат ала алатын, бүкіл әлем бойынша коммуникацияға түсіп, жер бетінің кез келген нүктесінде бизнес жасайтын кадрлар керек»,–дейді Раушан Әміренова.

Жолдауда үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірленуі керек екендігі баса айтылды. Бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90% ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырады. Осы орайда, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде үш тілді меңгеруге баса көңіл бөлініп отыр.

«Еліміздің игілігіне еңбек етіп жатқан «Болашақ» бағдарламасы бойынша даярланған жас мамандардың өзі бір төбе. «Үш тұғырлы тіл» саясатының нәтижесі ретінде жоғары оқу орындарында үш тілде білім алып жатқан болашақ мамандарды атауға болады. Алғашқы пилоттық жоғары оқу орындары қатарында 2012 жылдан бастап Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде Дублин дескрипторлары мен Біліктіліктің ұлттық аясы ескеріле отырып модульдік көптілде білім беру бағдарламалары, жұмыс берушілердің қатысуымен тілдік-құзыреттілік моделі қалыптастырылып, көптілді мұғалім-мамандарды даярлау ісі қолға алынды. 2014 жылы магистратурада да іске асырыла бастады. Қазір 17 мамандық бойынша көптілде білім беру бағдарламасы бойынша сабақ жүргізіледі. Соңғы бес жыл ішінде осы бағдарлама бойынша жұмыс істейтін 60-тан астам оқытушы АҚШ, Ұлыбритании, Польша, Эстония, Кипр, Португалия, Испания, Германия сияқты ТОП-500-ге енген шетелдік жоғары оқу орындарында ұзақ мерзімді тағылымдамадан өтіп келді. 2016 жылы 41 түлек оқуды тәмамдады.

Қазақстандықтар Елбасына сенеді, айтқан сөздерін зор қанағат сезіммен қабылдайды. Мемлекет басшысының ұстанымы негізінде елдің бірлігі мен ынтымағын бәрінен де жоғары қоюдың қаншалықты бағалы да құнды екеніне көзіміз жетті. Елбасының биылғы Жолдауы да елдің бірлігін, елдің болашағын, қазақ елінің Мәңгілік болуын мақсат еткен деп танимыз»,–дейді Р.Әміренова.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер