BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Таразда халықты емханаға тіркеу науқаны жүріп жатыр 

Жыл сайынғы дәстүр бойынша елімізде биыл да 15 қыркүйекте халықты емханаға тіркеу науқаны басталды. Бұл жөнінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕ АҚ Жамбыл облысы бойынша филиал директоры Мавлюда Бокаева мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Жыл сайынғы дәстүр бойынша елімізде биыл да 15 қыркүйекте халықты емханаға тіркеу науқаны басталды. Екі айға созылатын бұл науқан 15 қарашада аяқталады. Айта кету керек, өткен жылы тіркеу науқаны барысында емхана таңдау құқығын пайдаланған қазақстандықтар саны 300 мыңнан асқан болатын. Бұл алдыңғы жылдардағы көрсеткіштермен салыстырғанда екі есе көп. Және тіркеу науқанына деген қызығушылықтың артқанын, азаматтардың аталған науқан туралы ғана емес, емхананы еркін таңдау құқығы жайлы да біле бастағанын білдіреді», - дейді филиал директоры.

Оның айтуынша, осы науқан арқылы нарыққа жаңадан қосылған қатысушыларға мемлекеттік тапсырыс негізінде халыққа қызмет көрсетуге мүмкіндік жасалады. 2019 жылы халыққа бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге тапсырыс алғысы келетін медицина ұйымдары қордың дерекқорына енген және емдеу ұйымына белгілі бір халық саны тіркелген болуы шарт.

«Қазақстанда халық саны артып келеді, емханалар жетіспейді. Осыдан біраз бұрын Денсаулық сақтау министрлігі елімізде тағы қосымша 1531 учаске ашу қажеттігін хабарлаған болатын. Сондықтан нарықтағы жаңа компаниялармен және жеке меншік клиникалармен серіктестік орнату инфрақұрылымды арттырудың оңтайлы жолы деуге болады», - дейді Бокаева.

«Тағы бір маңызды өзгеріс – дәрігерлерге түсетін жүктеме мен емханалардағы кезек мәселесін шешу болып отыр. Жаңа тәртіп бойынша, 1 жалпы тәжірибе дәрігеріне түсетін жүктеме ересектер мен балаларды қосқанда 1700 адамнан аспауы тиіс. Бұрын бізде 1 дәрігер 2 мың адамға қызмет көрсетуі тиіс болатын. Әрі десе, бұл жаңа учаскелердің ашылуына түрткі болуы тиіс және бұл мәселеде медицина бизнесі өкілдері белсенділік танытады деп сенеміз. Былтырдың өзінде қормен келісімшарт бекіткен жеткізушілердің саны едәуір артты. Қазіргі таңда Қордың жеткізушілер тізімінде 1365 медицина ұйымы бар. Оның 623 – жеке меншік. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Ал, 2019 жылы олардың саны тағы 10 пайызға артады деген болжам бар. Биылғы тіркеу науқанына бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 580 ұйым қатысып жатыр», - деп түйіндеді медициналық сақтандыру қорының өкілі.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер