BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Менингит инфекциясы: Астаналық дәрігерлер ата-аналарға дүрлігуге негіз жоқ екенін айтты

Фото: Нұржас Жақсыбай

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Астанада менингит инфекциясы тарап жатыр деп дабыл қағудың реті жоқ. Жағдай толық бақылауда. Бұл туралы қалалық балалар инфекциялық ауруханасы бас дәрігерінің сапаны бақылау бойынша орынбасары Роза Өтегенова мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі таңда жағдай толық дәрігерлердің бақылауында.

«Бүгінгі таңда ауруханаға түсіп жатқан балалар серозды менингитті жұқтырған. Ол қауіпті емес. Серозды менингит жеңіл түрде өтеді. Оны ауруханада 10 күнде емдеуге болады. Қазіргі таңда мұнда серозды менингитті жұқтырған он төрт бала жатыр. Оның жетеуі – мектеп оқушысы, алтауы – мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеленіп жатқан балалар. Ал бір бала ешқайда бармайтын бала. Дер кезінде емделсе, ауруды толық емдеуге мүмкіндік бар», - деді ол.

Осы орайда дәрігер серозды және бактериалды менингиттің айырмашылығын түсіндірді.

«Серозды менингит жыл сайын тіркеледі. Ол қауіпті емес. Ал бактериалды менинигит өте қауіпті және жұқпалы. Тіпті, одан адам өліп кетуі мүмкін. Сондықтан ауруханаға түскен балалардың жұлын суын зерттеу арқылы 30 минутта нақты диагнозды шығарамыз. Жағдай дәрігерлердің бақылауында», - деді Роза Өтегенова.

Сондай-ақ ол бактериалды менингит Астанада тіркелмегенін атап өтті. Өтегенова әлеуметтік желіде тарап жатқан алып-қашпа хабарламаларды жоққа шығарды.

«Әлеуметтік желіде «бактериалды менингит тарап жатыр» деген мәлімет тарады. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Шулатындай жағдай емес. Бактериалды менингиттің эпидемиясы болып жатқан жоқ. Ата-аналарға дабыл қақпай, сабыр сақтауға кеңес береміз», - деді дәрігер.

Айта кетейік, осыған дейін елордада 8 оқушы вирусты менингит диагнозымен ауруханаға жатқызылғанын хабарлағанбыз. Сондай-ақ, жыл басынан бері 199 бала серозды менингит инфекциясымен ауырғаны, ал менингококк менингитінен 15 адам көз жұмғаны туралы жазған болатынбыз.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер