BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Құлыбаев: МӘМС жүйесiне ақша жинау - оң қолмен сол құлақты қасығанмен тең

Медициналық сақтандыру жүйесi кәсiпкерлердiң бәсекелестiгiне кедергi келтiредi. Адамдар "көлеңкеге" кете бастайды. Яғни, олар қайта «конвертке» көшуi мүмкiн. «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсiпкерлер палатасы Төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев осылай айтты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

Бүгiн Мәжiлiс депутаттары «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсiпкерлер палатасының басшылығымен кездестi. Палатаның 5 жылғы қызметiнiң қорытындысы талқыланған жиында «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев Мiндеттi әлеуметтiк медициналық сақтандыру жүйесi жайлы сөз қозғады.

«Бiз қанша адам зейнетақы жарна төлейтiнiн тексердiк. Еңбекке қабiлеттi 9 миллион азаматтың 5,6 миллионы жылына бiр рет болсын жарна төлейдi екен. Ал 12 ай бойы 1 млн 400 мың адам ғана төлейдi. Яғни, адал жұмыс жасап, жалақы мен зейнетақы жарналарын төлейтiн адамдар мен кәсiпорындарға бiз тағы салмақ салып отырмыз. Нақтыласақ, ендi осы 1 млн 400 мың адам Мiндеттi әлеуметтiк медициналық сақтандыру жарналарын төлейтiн болады. Басқалары төлей де алмайды. Бiз бұны көрiп отырмыз. Сәйкесiнше, кәсiпорындардың еңбекақы төлеу қорына түсетiн салмақ 44 пайызды құрайды. Бұл тым көп. Бұл бәсекелестiкке кедергi келтiредi. Адамдар көлеңкеге кете бастайды. Яғни, олар қайта «конвертке» көшедi», - дедi Құлыбаев.

Төралқа төрағасының айтуынша, МӘМС мәселесi әлi де толық шешiлмеген. Құлыбаев алдағы уақытта Денсаулық сақтау министрi Елжан Бiртановпен кездесiп, министрлiктiң сақтандыру жүйесiне дайындығын талқылайтынын айтты.

«Менiң ойымша, Денсаулық сақтау министрлiгi әлi дайын емес. Ең үлкен проблема - бас дәрiгерлер отырған медициналық мекемелерде ақша санай алатын менеджерлердiң жоқтығы. Сондықтан, МӘМС жүйесiне бас дәрiгерлердi де дайындау керек. Олар да ақша есептей алуы қажет. Мысалы, адамға алғашқы медициналық қызмет көрсетiледi. Ал МӘМС жүйесiне кiрмейтiн қатты науқас адамға қандай көмек берiледi? Менiң ойымша, бiз осылайша әлеуметтiк наразылыққа тап боламыз. Менiңше, жүйенi бiртiндеп iске қосу керек. Мысалы, жеке кәсiпкерлер мен өзiн-өзi жұмыспен қамтығандар минималды салық төлей бастасын. Бұл жалпы қанша адамның байланыста екенiн, қанша адамның жүйеден тыс қалып қоятынын бiлу үшiн қажет. Одан кейiн ғана жүйенi iске қосу керек. Мысалы, шартты түрде айтсақ, адам жылына 1 мың теңге төлесе, онда оны МӘМС жүйесiне қосамыз және тағы сол сияқты», - дедi Тимур Құлыбаев.

«Атамекен» басшысы МӘМС жүйесiн енгiзбес бұрын Денсаулық сақтау министрлiгiнiң шығындарын тексеру керектiнiн айтты. Оның ойынша, сол жерден резерв табылып қалуы мүмкiн.

Сондай-ақ, Құлыбаев дәрi-дәрмектi сатып алу жүйесiнде түсiнiксiз жайттардың көп екенiн айтты. Ол дәрi-дәрмек сатып алумен айналысатын «СК-Фармация» компаниясының басшылары тергеуге алынғанын еске салды. Тимур Құлыбаев ол жерде сатып алуда тиiмдiлiк жоқ екенiн айтты. Сондықтан, МӘМС мәселесi толық шешiлмеген. Оған қоса, құрал-жабдық проблемалары да бар.

«Қазiргi таңда МӘМС жүйесiне нарықтан ақша жинау - оң қолмен сол құлақты қасығанмен тең», - деп ойын түйiндедi «Атамекен» басшысы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер