BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Дімкәс балалармен жұмыс істеуді тоқтатпау керек – оңалту дәрігері

Фото: Автор

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. 2018 жылдың «Үздік әлеуметтік жобалар» байқауының «Жүрек жолы» жобасының қатысушысы, оңалту дәрігері Гауһар Кәмелинованың мақсаты – денсаулығында кінәраты бар балаларды емдеп-жазуға ата-аналардың өзін қатыстыру.

Гауһар Темірғалиқызы Көкшетау қаласында «Я сам шагаю» қоғамдық қорын құрған. Биылғы маусым айынан бастап сал ауруына шалдыққан балаларды оңалту орталығын ашып, жұмыс істеуде. Оларды қимылдауға, қозғалуға үйрететін түрлі құрал-жабдықтарды ағаштан өз қолдарымен жасаған.

Гауһар Кәмелинова бұл жұмысты қолға алуда жары Мараттың көп көмек көрсеткенін айтады. Ерлі-зайыптылар 12 жастағы сал ауруына шалдыққан қыздарын Гленн Доман, АВА терапиясының көмегімен аяғынан тұрғызыпты. Сол қыздарын емдеу жолында бар күштерін аямай жұмсаған ата-ана егер ерінбесе, баласын емдеп жазуға болатынына көз жеткізген.

Ақыл есінде кінәраты бар, әрі сал ауруына шалдыққандықтан балғындар өздігінен жүріп, тұра алмайды. Арасында жүретіндері де бар. 8 бен 12 жас аралығындағы балалардың диагнозы әр түрлі: сал ауруы – церебралды паралич, талма ауруы – эпилепсия, бірақ бәрінің миында ақау бар. Балаларды оңалту үшін Гленн Доман және АВА терапиясы қолданылады.

«Гленн Доман терапиясы – американдық емдеу әдісі. Оны Америкаға арнайы барып, үйреніп, сертификат алдым. Терапияның мақсаты – тек мінез-құлықты ғана емес, ақыл-ойды дамыту. Мысалы, ірі моторикасы дамымаған баланы жазу-сызуға, түстерді ажыратуға үйреткеннің еш пайдасы жоқ. Кіші моторикаға қабілетті болу үшін адамның ойлау қабілетін дамыту керек. Американдық физиотерапевт дәрігер Гленн Доман терапиясы науқас бала алдымен қоғамның бір мүшесіне айналуы керек, содан кейін ғана оқыту жұмыстарын қолға алу керек дегенді ұстанады», – дейді орталық директоры.

Жарты жыл бұрын жай ғана қимылсыз жататын балалар еңбектеп жүруге, тізерлеуге үйренген. Оларға арналып жасалған тіреуіштер, мініп-түсетін табалдырықтар, орнынан тұруға көмектесетін ұстындар бар. Еңкейтпе еденге жатқызғанда, бала жылжуды үйренеді. Үстелде жеке буын жаттығулары жасалады. Мысалы, бұдан бұрын бұратылып жататын бала, уақыт өте келе арқасы түзеліп, белін тіктеп, тізерлей бастаған.

«Басты мақсат – балаларын оңалтуға ата-аналардың өзін қатыстыру. Олар мамандар емдеп береді деп қарап отырмауы керек. Үйге барғасын да дімкәс балалармен жұмыс істеуді тоқтатпау керек. Сонда ғана нәтижеге жетуге болады», – дейді Гауһар Темірғалиқызы.

Тәрбие Тәжібаева есімді әжей сал ауруына шалдыққан тоғыз жасар немересін сауықтырамын деп Ақтөбеден келіпті.

«Орталықтың нәтижелі жұмысы жайлы интернеттен, газет мақалаларынан оқып білдім. Тамыз айында бір оңалту терапиясынан өтіп, тағы да келдік. Осында келгеннен бастап немеремнің дене бітімі өзгеріп, шымырланып, басын ұстай алатын болды. Орталықта арнайы бөлмеде жатыр. Бұған дейін Украина, Ресей, Қазақстанның біраз емдеу мекемелеріне апардық. Осындай қысқа мерзімде жақсы нәтижеге жеткен жоқ едік. Басқа орталықтарда баланы алып кетіп, түрлі процедуралар жасап, қолымызға әкеліп беріп, қоя беретін. Ал орталық мамандары ата-ананы, ата-әжелерді жанына тұрғызып қойып, жаттығу жасауды үйретеді», – дейді Т.Тәжібаева.

Орталықтың тағы бір бөлмесіне аптасына үш рет талма ауруына шалдыққан балалар және жүйке жүйесі зақымданған ересектер де әкелінеді. Мысалы, 37 жастағы Талап бұрын зіңгіттей жігіт еді. Басынан қатты жарақат алып, бір ай бойы ес-түссіз жансақтау бөлімінде жатыпты. Кейін тіпті денесі қатайып қалған. Орталықта жасаған жаттығулардың арқасында бастапқыда белі бүгіліп, еңбектей бастапты. Қазір таяққа сүйеніп жүреді. Анасының айтуынша, қазір қалада ересектерге арналған оңалту орталығы жоқ.

16 жасар ақыл-есі дұрыс, тек талма ауруына шалдыққан Саматта күніне кейде 3-4 рет ұстамасы болуы мүмкін. Сондықтан үнемі жанында анасы отырады. Мұғалімдері үйге келіп оқытады.

«Гленн Доман әдісі бойынша, арнайы маскалар бар. Ұстаманың алдын алу үшін жарты сағат сайын осы оттегі маскасы пайдаланылады. Сол арқылы ұстама бұрынғыдай ауыр өтпейді», - дейді орталық мамандары.

4 жасар Әлиасқар есімді құлағы нашар еститін баланы анасы Айнаның орталыққа әкеліп жүргеніне бір апта болыпты. Осында жасалған жаттығулардың арқасында өздігінен отырып, жұмылып тұратын оң қолының саусақтары ашылып, икемге келе бастапты.

Орталық директоры алдағы уақытта бұл жұмысын кеңейтуді көздейді.

«Қол ұшын созамын дейтін жандар болса, орталықтың есігі әрдайым ашық. Ең бастысы, ынта қажет. Яғни кез келген адам дімкәс перзентіне қолын созса, көп кедергілерді жоюға болады. Тек шын ниет керек. Баласын дамытуға арналған осындай құрал-жабдықтарды үлгісіне қарап ата-ана өздері де жасай алады», – дейді Гауһар Темірғалиқызы.

Фотолар: Автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер