BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

9 айда 125 мыңға жуық елордалық тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді

Астана, BAQ.KZ. Биылғы жылдың 9 айында Астана қаласының 124919 тұрғыны тегін-дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Астана қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров айтты.

«Елорда тұрғындарына 2018 жылдың 9 айында 4,5 млрд теңге сомасына 462 649 рецепт берілді, олардың 414 053-і дәрі-дәрмектермен (4,1 млрд теңге сомасына) қамтылды. Басқаша айтсақ, рецепт жазып берілген пациенттердің саны – 132 431 болса, олардың 124 919-ы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді», - дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Астана қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Қазақстанда тегін дәрі-дәрмек беру барысын бақылаудың жаңа түрі пайда болмақ. Жыл соңында іске қосылатын бұл жоба кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу процесін жетілдіруді көздейді.

«2018 жылдың басында Медициналық сақтандыру қоры кепілдендірілген тегін көмек пакеті шеңберінде берілетін дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарына ақы төлеу тәртібін өзгертті. Яғни, бұрын дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдар ақысы дәрігер жазған рецепт бойынша төленіп келген болса, биылдан бастап дәрі қолма-қол берілген рецептілерге ғана төленеді. Атап айтқанда, пациент дәріні алған кезде тиісті құжаттарға қол қояды. Содан кейін төлем туралы мәлімет «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Келесі кезеңде бақылау жүйесіне пациенттердің өздерін тарту көзделген. Біз осы жүйені нобайлы жоба ретінде іске қосып отырмыз», - деп түсіндірді Медициналық сақтандыру қорының Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ботагөз Жақселекова.

Денсаулық сақтау министрлігі, Медициналық сақтандыру қоры және «СК-Фармация» ЖШС бірлесіп іске қосқан «SMS-хабарлама жүйесі» жобасының аясында пациенттерге 12 желтоқсаннан 2018 жылдың соңына дейін SMS-хабарлама жіберу көзделген. Хабарлама биылғы қараша-желтоқсан айларында тегін дәрі-дәрмек алғандар тізіміне енген пациенттерге жіберіледі.

Жоспар бойынша хабарлама рецептілерде көрсетілген 3 млн нөмірге түсуі тиіс. Хабарламада дәрі-дәрмектің берілген күні мен атауы көрсетіледі. Егер пациент препараттарды алмаған болса, SMS-хабарламаға жауап ретінде «0» цифрын жолдайды немесе «СК-Фармация» ЖШС-нің 1439 байланыс нөміріне қоңырау шалады.

Пациенттердің амбулаторлық карталарында көрсетілген телефон нөмірлері қате болса, SMS-хабарлама бармауы мүмкін. Мұндай жағдайда «СК-Фармацияның» байланыс орталығына хабарласуға болады.

Алынған мәліметтер сарапталып, әр дерек (факт) жеке-жеке тексеріледі. Анықталған заң бұзушылықтар ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Қоғамдық денсаулық сақтау комитетіне жолданады.

Хабарлама нәтижесі мен ақпараттық жүйедегі мәліметтер арасында айтарлықтай алшақтық табылып жатса, жоба мерзімі ұзартылады. Сонымен қатар, болашақта ол кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде көрсетілетін өзге де қызметтерге қолданылуы мүмкін.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер