BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Теңгенің әлсіреуі сыртқы факторларға байланысты болды – Данияр Ақышев

Астана, BAQ.KZ тілшісі. «Валюта нарығында теңге бағамы жыл басынан бастап 15 қазан аралығында 11,3%-ға әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 369,98 теңгені құрады. Теңгенің әлсіреуі сыртқы факторларға байланысты болды. Бұл туралы Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышев Үкімет отырысында айтты.

«Біріншіден, бұл АҚШ долларының дамушы елдердің валюталарына қатысты нығаюы. Екінші фактор – Ресейге қарсы санкциялардың болашақта қатаңдатылуы туралы мәлімдеу. Осы тұрғыдан Ресей рублінің әлсіреуі жыл басынан бері 15% болды. Ұлттық Банк шектерді, дәлізді немесе басқа да бағдарды белгілемей, өзгермелі айырбастау бағамы саясатын жүргізуін жалғастырады», - деді Д. Ақышев.

Сонымен қатар ол Ұлттық Банктің алтынвалюта резервтері қыркүйектің соңында алдын ала деректер бойынша 30 млрд АҚШ доллары, Ұлттық қордың активтері 56,3 млрд АҚШ доллары болғанын хабарлады. Жалпы халықаралық резервтер 86,4 млрд АҚШ долларын құрады.

«Ағымдағы жылғы 8 айда депозиттер 1%-ға 17,7 трлн теңгеге дейін өсті. Ұлттық валютамен депозиттердің өсуі 4,1% немесе 380 млрд теңге болды. Шетел валютасымен депозиттер 2,5%-ға немесе 210 млрд теңгеге қысқарды. Нәтижесінде, депозиттерді долларландыру 46%-ға дейін төмендеді. 1 қазаннан бастап жеке тұлғалардың депозиттері бойынша ең жоғары мөлшерлемелерді анықтау тәсілі өзгерді. Мөлшерлемелер салымның мерзімі және түрлері бойынша жіктеледі», - деді Д. Ақышев.

Ол сондай-ақ несиелеу нарығы қалпына келіп жатқанын атап өтті. Банктердің кредиттері жыл басынан бастап тамызда 2,5%-ға 13 трлн теңгеге дейін ұлғайған.

«Қайта құрылымдаудан өткен және лицензиясынан айырылған банктердің несиелік портфелін есептемегенде, экономиканы несиелеудің жылдық өсуі 11,6%-ға немесе 1,3 трлн теңгеге бағаланады. Ағымдағы жылғы 8 айда жаңа несиелер беру 28,1%-ға немесе 1,9 трлн теңгеге өсті. Кәсіпорындарға теңгемен кредиттер бойынша мөлшерлеме жыл басындағы 13,2%-дан 2018 жылғы тамызда 12,2%-ға дейін төмендеді», -деді ол.

Сондай-ақ ол, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларын іске асыру Ұлттық Банк үшін басты міндет болып табылатындығын айта келе, Үкіметпен және банктермен бірлесіп өтімділік беру тетігін жедел пысықтауға дайын екендіктерін жеткізді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер