BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Сағынтаев: Жеке инвестициялар тарту бойынша жұмыс жоқ

Фото: ашық дереккөзден

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бұл жөнінде ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев бүгінгі үкімет отырысында мәлімдеді.

«Жалпы, 2018 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша инвестициялар тартудың барлық тиімді көрсеткіштерінің өскенін министр баяндамасынан байқадық. Жаңа кәсіпорындар мен жаңа жұмыс орындары құрылуда. Инвесторларға барлық деңгейде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіліп жатыр және инвестициялар тартудың жаңа тәсілдері енгізіліп жатыр. Дегенмен, біраз жағдайларға назар аудару керек болып отыр. Қазір барлық өңірде әкімдердің арнайы орынбасарлары тағайындалды, «KazakhInvest» өкілдерімен инвесторларға көмек көрсету орталықтары ашылды, өңірлік инвестициялық штабтар құрылды. Осылайша, инвесторлармен тиімді жұмыс істеу үшін қажетті жағдайлардың барлығы жасалды.Сондықтан, барлық әкімдер осы мәселеге барынша жауапкершілікпен қарап, жұмысты үйлестіруі және өзара іс-қимылды күшейтуі қажет», - деді сөз басында Сағынтаев.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы жеке инвестициялар көлемін арттыру қажеттілігін баса айтты.

«Жеке инвестициялар үлесінің төмендігі бюджеттік инвестициялар көлемінің артуына байланысты орын алып отыр деген пікір айтылды. Ия, ондай жағдай бар. Алайда, мұны қабылдауға болмайды. Егер, біз осылай қол қусырып отыратын болсақ, бүкіл жұмысымыз бюджетке қарап қалады. Көрсетіп өткендей, Шымкентте инвестиция өсімі 275% болса, жеке инвестиция үлесі 65%», - деді Сағынтаев.

Премьер-министр дәл осындай жағдай Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда облыстары мен Астана қаласында байқалып отырғанын атап өтті.

«Яғни, жеке инвестициялар тарту бойынша жұмыс жоқ. Жұмыстың бәрі бюджеттен ақша алу, республикадан ақша алу, квазимемлекеттік компаниялардың инвестицияларын алып келу болып отыр. Ал жеке кәсіпорындарды, жеке кәсіпкерлікті тарту жоқ», - деген Сағынтаев осыған әкімдіктердің баса назар аударуын талап етті.

Сондай-ақ, Үкімет басшысы елшіліктердің негізгі жұмысы инвестиция тарту екенін еске салды.

«Қай елден қай елшіліктің көмегімен қанша инвестиция келгенін саралау керек. Біз жалпы түрде ұсынамыз. Ал оның ішінде, бәлкім бір ғана елшілік жұмыс істеп отырған шығар», - деді Сағынтаев.

Ол сондай-ақ инвестфорумдар аясында қой қойылған меморандумдар шеңберінде атқарылған жұмыстарға арнайы мониторинг жүргізу қажеттілігін де атап өтті.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер