BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Сағынтаев «Бастау-бизнес» жобасын аяқтағандарға микрокредит беру мәселесін шешуді тапсырды

Фото: Нұржас Жақсыбай

Астана, BAQ.KZ. ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен басқа да ведомство басшыларына жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының жобасын жүзеге асыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.

«Жалпы, бағдарламаның жоспарлы көрсеткіштері жаман емес. Жылдың соңына дейін әлі екі ай бар. Құрметті әкімдер, баяндамаларыңызда айтып отырғандай, өңірлерде жұмысты ары қарай жылдамдатып, жылдың соңында жоспарланған көрсеткіштің бәріне қол жеткізуіміз қажет. Бұдан басқа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҰЭМ, АШМ-мен бірлесіп, нысаналы топтарды, атап айтқанда жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адамдардың табысын арттыру үшін азаматтарды нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту бойынша қабылдап жатқан шаралардың әсеріне мониторинг жүргізу жүйесін жолға қою керек. Сол себептен Мәдина Ерасылқызы, «Атамекен» палатасымен және өңрілермен бірге «Бастау-бизнес» жобасы бойынша оқуын аяқтаған адамдарға микронесие беру бойынша мәселені толық шешуіміз қажет. Бір жыл бойы ол жағын айтып келе жатырмыз. Келесі жылы бір бағытқа көшуіміз қажет», - деді Үкімет басшысы.

Премьер-министр бағдарлама арқылы оқығандардың 33 пайыз жұмыспен қамтылу көрсеткіші төмен екенін ескерті.

«Бұл баса назар аударатын мәселе. Өңірлердің өзіндік жобасы бар. Бұл біздің жоба мен екі арада біраз арбитраж болып тұр. Сол себептен алдағы уақытта осындай жағдайлар болмау үшін қарау керек. Егер өңірлік бағдарлама кейбір жағдайлар бойынша, мысалы несиені процентпен беру жеңілдетілген болса, сұраныстың бәрі осы бағдарламаға келетін болса, онда сол өңірлерге қаржының бөлінуі басқаша шешілуі керек. Оны қосымша тағы талқылауға тиіспіз. Келесі жылы мұндай арбитраж болуы дұрыс емес. Өзектендірілген бағдарламаның тиімділігі тұрғындардың табысының өсуіне қарай да бағалануы тиіс. Еңбек және нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерліктерді дамыту мемлекеттік бағдарламасының жобасын, оған енгізілген өзгерістерді ескере отырып, мақұлдауға болады. Елбасымен кезіккеннен мемлекеттік бағдарламаның жобасы Үкімет мүшелерінің дауыс беруіне енгізілетін болсын. Ерболат Асқарбекұлы, бұл шаруа сіздің бақылауыңызда», - деді Үкімет басшысы.

Осыған дейін бүгінгі Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтан «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына енгізілген жаңа тетіктер мен өзгерістерді мақұлдауды және оның іс-шараларын тиімді іске асыру үшін Білім және ғыым, Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне үш күн ішінде қажетті нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуді тапсыруды сұраған болатын.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер