BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазақстандағы мектептерде 1 мыңнан астам IT-сынып ашылады 

Алдағы уақытта Қазақстан мектептерінде 1 мыңнан астам IT-сынып ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Алдағы 3 жылда «Нұр Отан» партиясы мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен, «Атамекен» ҰКП және бизнес құрылымдарымен бірлесіп, елімізде 1 мыңнан астам тегін IT-сынып ашуды жоспарлап отыр. Онда оқушылар бағдарламалау негіздерін және робот техникасы пәндерін тереңдетіп оқиды. Жыл сайын осы сыныптарда 150 мыңнан астам оқушы білім алады деп жоспарлап отырмыз. Аталған жоба «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асады», - деді ол.

Осы орайда Мәулен Әшімбаев қазіргі таңда IT саласында білікті кадрлар тапшы екенін атап өтті.

«Экономиканы цифрландыру саласындағы мәселелердің бірі - кадр тапшылығы. Біз осы жоба аясында оқушылардың көмегімен аталған салаға жақсы мамандарды тартатын боламыз», - деді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары брифингте.

Сонымен қатар ол IT-сыныптарда оқушыларға халықаралық методика бойынша білім берілетінін атап өтіп, аталған жобаны жүзеге асыру мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілетінін хабарлады.

«Осы мақсатта IT қауымдастықтың өкілдері аталған жобаға белсенді түрде тартылады. Ең маңыздысы – аталған сыныптарды құру, тиісті құралдарды сатып алу. Ал мұғалімдерді қаржыландыру «Туған жер» бағдарламасы аясында бизнес қауымдастық өкілдерімен жүргізіледі», - деді Мәулен Әшімбаев.

Сөз соңында ол алдағы уақытта аталған салада тиісті мамандарды дайындау үшін 20 IT-орталық құрылатынын жеткізді.

«Біз осы орталықтар 35 мыңға дейін мамандарды дайындауға мүмкіндік береді деп жоспарлап отырмыз. Орталықтар еліміздің барлық өңірінде ашылады», - деп түйіндеді сөзін партия төрағасының бірінші орынбасары.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер