BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

ҚР Үкіметі басшысы Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің ІІІ отырысына қатысты

 Астана. 14 желтоқсан. Baq.kz – Бүгін Бейжіңде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің ҚХР-на ресми сапары жалғасты, деп хабарлайды primeminister.kz.

Аспан асты елінің астанасында Үкімет басшысы Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің 3-ші отырысына қатысты. Отырысқа сондай-ақ екі елдің мемлекеттік органдары, ірі компаниялары және қаржы институттарының басшылары қатысты.
Іс-шара қатысушыларының алдында сөйлеген сөзінде К.Мәсімов Қазақстан мен Қытай басшыларының бастамасымен құрылған Іскерлік Кеңес екі мемлекеттің бизнес қауымдастықтары үшін тиімді диалог алаңына айналғандығын баса айтты.
«Елдерімізді жақындастыратын бірнеше маңызды бағдарламалар бар. Біріншісі – ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің 2013 жылы Қазақстанға сапары барысында жариялаған «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы. Екіншісі – ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол» бағдарламасы. Осы екі бағдарлама бірін-бірі толықтырады деп есептейміз. Іскерлік Кеңес пен кәсіпкерлеріміздің табысты қызметі осы екі бағдарламамен байланысты», - деді К.Мәсімов.
К.Мәсімов өткен жылдың желтоқсанында ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьері Ли Кэцяннің Астанаға сапары барысында Іскерлік Кеңестің кезекті отырысы өткендігін еске салды. «Онда өнеркәсіптік қуаттылықтарды Қытайдан Қазақстанға көшіру бағдарламасы туралы түбегейлі шешім қабылданды. Бір жыл өткен соң осы бағдарламаның тиімді жұмыс жасап жатқандығын көріп отырмыз. Бүгін Іскерлік Кеңес аясында және ертең ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьерімен келіссөздер қорытындысы бойынша нақты кәсіпорындар құру туралы құжаттарға қол қойылады», - деп баса айтты Үкімет басшысы.

Сөз соңында К.Мәсімов екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық пен көршілікті қалыптастырудағы және нығайтудағы айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілгендігін айтып өтті.
Іскерлік Кеңес жұмысының қорытындысы бойынша жалпы 10 млрд. АҚШ долларынан астам сомаға екі жақты коммерциялық құжаттар пакетіне қол қойылды. Атап айтқанда, «Қазақтелеком» АҚ мен China Telecom Global Limited арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға; «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен «Sinopec» корпорациясы арасында өзара түсіністік Меморандумына; «Kazakhstan Petrochemical Industries, Inc» ЖШС мен China National Chemical Engineering Co. Ltd арасында Атырау облысында интеграцияланған газ-химия кешенін салу жобасы бойынша ЕРС-келісімге қол қойылды; түсті металлургия (мыс өндіру) Индустриялық паркі жобасы бойынша өзара түсіністік туралы Меморандумға «Central Asia Gold corporation» ЖШС мен Shenyang Lianli Copper компанияларының басшылары қол қойды, сондай-ақ басқалары. 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер