BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

GGG-ге Каллум Смитпен кездесу қаншалықты қауіпті? Сараптама

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Кәсіпқой бокстан орта салмақ бойынша, экс-әлем чемпионы Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) екінші орта салмақ дәрежесінде WBA (Super) тұжырымы бойынша әлем чемпионы, Бүкіләлемдік суперсерияның бірінші маусымының жеңімпазы (WBSS) британдық Каллум Смитпен (25-0, 18 КО) кездесуі мүмкін.

Британиялық боксшының промоутері Эдди Хирннің айтуынша, бұл жекпе-жек 2019 жылдың мамыр айына жоспарланып отыр екен. Ал кездесу Ливерпуль қаласындағы «Энфилд» стадионында өтуі мүмкін. Хирн Головкиннің промоутері Том Леффлермен бұл жекпе-жек жайлы жақында жолығып, талқылаған көрінеді.

Алайда, Хирн әзірге Головкин мұндай тәуекелге бара ма, жоқ па соған сенімді емес. Өйткені, Головкин әлі де болсын Сауль «Канело» Альварепен (50-1-2, 34 КО) трилогия жасаудан үмітті.

«Смитпен жекпе-жек өткізу GGG үшін өте жақсы ұсыныс. Бірақ Головкин Альвареспен үшінші кездесуінің алдында мұндай тәуекелге бара ала ма, сол жағы белгісіз болып тұр», - дейді Хирн Sky Sports тілшісіне берген сұхбатында.

Каллум Смит деген кім?

Каллум Смит 1990 жылы 23 сәуірде Англияның Ливерпуль қаласында дүниеге келген британиялық боксшы. Әзірге кәсіпқой бокста жеңіліп көрмеген. Екінші орта салмақта өнер көрсетеді. Биылғы жылы WBA тұжырымы бойынша әлемнің супер-чемпионы атанған. The Ring тұжырымы бойынша да чемпион. Бүкіләлемдік бокс суперсериясында жеңіске жетіп, Мохаммед Әли атындағы кубокқа ие болған.

Кәсіпқой бокста жүргеніне алты жыл. Алғашқы жекпе-жегін 2012 жылы 17 қарашада отандасы Дэн Блэквелмен өткізген.

«Мен кәсіпқой боксқа әлем чемпионы болу үшін келгенмін. Бұл әрине бірінші мақсат. Ал жалпы, әлемнің үздігі атанғым келеді. Бәлкім,біреулерге қызық естілетін шығар, бірақ айырмашылығы бар. Мысалы, әлем чемпионы титулын жеңіп алғаныңмен рейтингте алтыншы орында тұруың мүмкін. Алайда, мен бірінші болғым келеді. Джордж Гроувсті жеңсем сол мақсатыма жақындай түсемін. Одан кейін басқа чемпиондармен кездесіп, өзіннің деңгейінді көрсетуге болады. Әлемде бірінші болу – менің ең негізгі мақсатым, – деген еді Каллум Смит Бүкіләлемдік суперсерияның финалының алдында Sky Sports тілшісіне берген сұхбатында.

Ол Сауд Арабиясында өткен бокс кешінде Джордж Гроувсті жетінші раундта нокаутқа түсіріп, жеңіске жеткен.

Енді, Смит қазақстандықпен кездесудің пайдасы көп екенін жақсы түсінетін секілді. Танымалдылық, қаржылық гонорар жағынан 36 жастағы Геннадиймен жекпе-жек өткізудің ұтымды тұсы көп.

«Ол өте танымал. Біздің кездесуіміздің қаржылық тұрғыдан керемет пайда әкелеріне сенімдімін. Жеңіске жетсем, басқа да пайдасы бар. Ол жақында қарсыласына есе жіберді. Көпшілік төрешінің шешімімен келіспейді. Дегенмен, өте жақсы кездесу болды. Головкин Канеломен екі жоғары деңгейде жекпе-жек өткізді. Тіпті, Головкин – мен үшін ең танымал қарсылас болары анық. Бұл тізімге екінші орта салмақ пен жартылай ауыр салмақтағы боксшыларды да қосуға болады. Көрермендер Головкиннің бұл шешімін құптайды деп ойлаймын. Бәлкім, сын да айтылар. Өйткені, ол осының алдында екінші орта салмақтағы Андре Уордпен кездесуден бас тартқаны бар. Бірақ қазір басқаша шешім қабылдайды деп сенемін. Геннадий – өте жақсы боксшы», – дейді Смит boxingnewsonline.net порталына берген сұхбатында.

Boxingnews24.com тілшісі Джефф Араноу Геннадий Головкин Смитпен кездесетін болса, үлкен тәуекелге баратын болады дейді. Өйткені, қазақстандық боксшыдан қарсыласы бірнеше параметр бойынша басым тұр деп санайды.

«Хирн, Головкин мен Смиттің келесі жылдың мамыр айында кездесетіне сенімді. Бұл жердегі ең басты проблема – Головкиннің өзі. Өйткені, ол келесі жылдың мамырында «Канеломен» жолығуды қалайды. Трилогия, бәлкім, ол уақытта өтпеуі мүмкін. Бірақ соған бола Головкинге екінші орта салмаққа ауысып, тәуекелге барудың қажеті жоқ. Смит одан 15 фунтқа ауырлау. Оның үстіне жекпе-жек Смиттің туған жері Ливерпульдегі «Энфилд» стадионында өтеді. Мұның бәрі Головкинге қиындық тудырады», – деп санайды журналист.

Сондай-ақ әлемнің экс-чемпионы, британиялық Карл Фроч (33-2, 24 КО) қазақстандық боксшыға өзінің отандасымен шықпау жайлы кеңес берді. Бұрын Смит Фрочқа спарринг-серіктес ретінде көп көмектескен. Карлдың айтуынша, бұл жердегі негізгі фактор екі боксшының бойларының айырмашылығы болмақ. Өйткені, Смиттің бойының ұзынды – 191 сантиметр, ал Головкиндікі – 179 сантиметр.

«Ол GGG-ді жеңеді. Қолынан келетіне сенімдімін. Смитдің соңғы кездесуін көрдім. Гроувзге қарсы жақсы өнер көрсетті. Тіпті, жекпе-жектің ерте аяқталғанына таңқалдым. Каллум қарсыласын нокаутқа түсіре алды. Менен GGG – Смит кездесуі жайлы сұрайтын болсаңыз, Каллум қарсыласынан денесінің ірілігімен ерекшеленетінін айтқым келеді. Ол GGG-ден мықтырақ» – дейді Фроч BoxingScene сайтына берген сұхбатында.

Головкинның командасының пікірі қандай?

Отандасымыздың жеке бапкері Абель Санчестің пікірінше, бұл промоутер Хирннің тарапынан жасалып отырған жай ғана пиар көрінеді. Ол қазақстандық боксшының есімін пайдаланып өзіне жарнама жасауды көздеген дегенді айтты.

«Меніңше, Эдди Хирн Геннадий Головкиннің есімін пиар үшін пайдаланып жүр.Ол үшін бұл қажет болуы мүмкін. Бірақ Головкин қазір демалыс. Геннадий жаңа жылдан кейін өзі кіммен кездесетіні жайлы шешім қабылдайтын болады. Әзірге оған бірнеше ұсыныстар келіп түсті», – Абель Санчес Tofight.ru сайтына берген сұхбатында.

Ал жерлесіміздің промоутері Том Леффлер Behind The Gloves-ке берген сұхбатында Головкин Британияда жекпе-жек өткізуі мүмкін деп отыр. Леффлер қазақстандық басқа-басқа емес, дәл осы Каллум Смитпен жолығуы әбден мүмкін екенін жеткізді. Өйткені, бұған дейін Головкин орта салмақтағы тағы бір британдық боксшы Билли Джо Сондерспен кездесуді жоспарлаған көрінеді. Алайда, ол допинг-тестен өте алмай, WBO тұжырымы бойынша белбеуінен айырылып қалғаны бар.

Оның айтуынша, Головкин бұған дейін Ұлыбританияда жекпе-жек өткізген. 2016 жылы Лондонда Келл Брукты мерзімінен бұрын жеңген болатын.

HBO-ның орнын DAZN басуға ниетті

GGG командасы қазіргі кезде өздеріне тиімді жаңа келісімшартқа қол қоюудың жолын іздеуде. Головкиннің Альвареспен екінші кездесуі HBO арнасымен келісімшартындағы соңғысы болатын. Қазақстандық боксшы бұл арнамен 2012 жылдан бері 12 жекпе-жек өткізді. Енді телеарналардың арасындағы гигант саналатын HBO алдағы уақытта боксты насихаттаудан бас тартпақ.

Бұл тығырықтан жол табу үшін Головкиннің командасы басқа кабельдік арналармен келіссөз жүргізетіні анық. Бірақ Сауль Альварестікіндей ұзақ мерзімді бола қоймас. Мексикалық боксшы DAZN компаниясымен 5 жылдық келісімшартқа қол қойып үлгерді. Осы уақыт аралығында ол $365 млн пайда табады. Ол үшін «Канело» 11 жекпе-жек өткізуі тиіс.

Бұл компания британиялық промоутер Эдди Хирнмен $1 млрд сомаға 8 жылдық келісімшарт жасаған. Енді жыл сайын 32 бокс кешін өткізуге міндетті. Хирн Головкинмен де байланыс жасауға құлықты. Ол үшін алдымен отандасымыз Каллум Смитпен кездесуге келісім беруі керек шығар.

GGG мен Канело екінші орта салмақта жолығуы мүмкін

15 желтоқсанда «Канело» британиялық Рокки Филдингпен шаршы алаңда жолығады. Жекпе-жек екінші орта салмақ дәрежесінде өтеді. Бұл Альварестің карьерасындағы осымен үшінші рет салмақ ауыстыруы. Бұған дейін бірінші орта салмақ пен орта салмақта чемпион болып үлгерген.

Орта салмақтың королі Сауль Альварестің 168 фунтқа көтеріліп, WBA (Regular) тұжырымы бойынша чемпион Роккин Филдингпен кездесуге келісім беруі жаңалық болғаны жасырын емес. Осы рет көпшіліктің көкейінде мына сұрақтың туындағаны рас: «Канело» мен Головкин арасындағы шешуші үшін кездесуді көреміз бе? Жанкүйерлердің басым бөлігі бұл жекпе-жектің қорытындысы әзірге 1:1 деп санайды. Өйткені, былтырғы тең есепті GGG-дің жеңісіне жатқызатындар бар. Бізге шешуші жекпе-жек керек. Егер «Канело» тағы да барлығын таңқалдырып, 15 желтоқсандағы кездесуден кейін екінші орта салмақта қалатын болса? Бәлкім, онда Головкин де 168 фунтқа көтерілетін болар. Негізінде, осыдан біраз уақыт бұрын, «Канелодан» жеңілмей тұрып, Головкин егер жақсы ұсыныстар болса, суперорта салмаққа ауысатынын жеткізген болатын.

Сондықтан бәрі де мүмкін. Тіпті, GGG мен «Канелоның» үшінші кездесуі де 168 фунт дәрежесінде өтуі әбден ықтимал. Егер мексикалықпен енді кездеспесе, Головкин екінші орта салмаққа көтеріле ме? Әзірге нақты бірдеңе айту қиын. Жекпе бапкерінің берген сұхбатына сәйкес, Головкин барлық жоспарымен жаңа жылдан кейін бөліседі екен. 168 фунтта отандасымыз үшін бірнеше жақсы қарсыластар бар. Бірінші кезекте жоғары да айтқан Каллум Смит ең тиімдісі болмақ. Орта салмақтың бұрынғы королі «Канелодан» қалыспай, суперорта салмаққа ауысып жатса, ешкім таңқала қоймас.

Промоутер Боб Арум өзінің әлі күнге жеңілмеген боксшысы, WBO тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы Хильберто Рамиресті қазақстандық боксшымен кездестіргісі келеді. Тіпті, бірнеше рет GGG-ді рингке де шақырған. Бірақ 168 фунтта бірде-бір кездесу Головкин-«Канело» жекпе-жегіндей сұранысқа ие бола қоймас. Алайда, отандасымыздың екі салмақ бойынша әлем чемпионы атанғанын көру де қызық болатын да жасыра алмаймыз.

Головкин Чарломен кездесуге міндетті

Головкин WBC-ден Альварес кездесу үшін тікелей реванш сұраған. Бірақ ұйым басшысы одан бас тартты. Өйткені, WBC президенті Маурисио Сулейманның қалауы мүлдем басқа.

«Головкин – чемпион. Ол мерзімінен бұрын реванш сұрайды. Біз онсыз да бірнеше рет рұқсат бердік. WBC Головкиннің «уақытша» чемпион Чарломен кездескенін қалайды. Геннадий өзінің титулдарынан айырылып қалды. Бірақ бұл талас тудыратындай жекпе-жек болды. Сондықтан Головкин осы ойында қалғаны әділетті. GGG Альвареспен тікелей реванш сұрайды. Ал Сауль керсінше, өзінің қалауы бойынша еркін жекпе-жек өткізгісі келеді. Барлығы араласып кетті. Біз өз кезегімізде Головинге Чарломен міндетті түрде кездесу өткізуді жүктедік. Бұл жекпе-жектің жеңімпазы «Канелоның» қарсыласы атанады. Егер барлығы осылай өрбісе, мен қуанамын», –дейді Маурисио Сулейман BoxingNews.kz берген сұхбатында.

Ал BoxingInsider.com сайты америкалық боксшы Джермалл Чарло (27-0, 21 КО) Головкинмен емес, Саулем Альвареспен кездескісі келетінін жазды.

«Бұл жекпе-жек әлі де саудаға түседі. Жас панчер үшін PPV-ден жоғары табысты тек «Канеломен» кездесу ғана бере алады. Ал Головкинде мексикалықпен жекпе-жегін есептемегенде, өзге кездесулерінің арасындағы ең көп пайда әпергені Джейкобспен жекпе-жегі. Оның өзін 170 мың адам ғана ақылы түрде көрді», – деп жазады басылым.

Әзірге GGG мен Чарлоның командасы бұл жекпе-жектің дәл қазір ешқандай қажеттігі жоқтығын айтып отыр.

Головкин әлі де WBC рейтингінің топ басында

Геннадий Головкин Бүкіләлемдік бокс кеңесінің (WBC) қараша айындағы рейтингінде бірінші орынды сақтап қалды. Бұл тұжырым бойынша чемпиондық белбеуден жерлесіміздің айырылып қалғаны белгілі. «Уақытша» белдік Джермалл Чарлоға тиесілі.

Айтпақшы, осы ұжырымның рейтингіндегі үздік 40 боксшының қатарына Головкиннен бөлек, тағы бір отандасымыз Мейірім Нұрсұлтанов та енген.

WBC рейтингіндегі ТОП-10 боксшы:

1. Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО; Қазақстан)

2. Мартин Мюррей (37-4-1, 17 КО; Ұлыбритания)

3. Давид Лемье (40-4, 34 КО; Канада)

4. Камил Шеремета (18-0, 4 КО; Польша)

5. Кіші Вилли Монро (23-3, 6 КО; АҚШ)

6. Риота Мурата 14-2, 11 КО; Жапония)

7. Джейсон Куилли (15-0, 11 КО; Ирландия)

8. Джек Кулькай (25-3, 13 КО; Германия)

9. Ямагучи Фалькао (16-0, 7 КО; Бразилия)

10. Сергей Деревянченко (12-1, 10 КО; Украина).


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер