BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Шығыс Түркістан және ұйғыр-қазақ мәселелері туралы аз сөз

Дәл осы кезде тәлкекке түскен түркілер тағдырына шын жанашыр болған, Шығыс Түркістан республдикасын өзі құрысқанымен оның кеңестік бағыт үшін жұмыс істейтінін сезінген Әлихан төре «жаңа Шығыс Түркістан республикасын» – исламшыл түріктің жаңа мемлекетін аңсап, Оспанмен байланысқа шыға бастаған еді. Бірақ Әлиханның қыбыр-жыбырын бағып отырған кеңестік саясат оның адымын аштырмады.

Шығыс Түркістан атауы

Шығыс Түркістан атауы ауызға алынғанда көп адам оның мән-мағынасын біле бермейді.
Ежелгі түрік қағанаты дәуірінен алып қарағанда, кейінгі зерттеушілер олардың байтақ даласының шығысын «Шығыс Түркістан», батысын «Батыс Түркістан» атағаны белгілі. Яғный, бағзы Шығыс Түрік қағанаты мен Батыс Түрік қағанаты негізінде қалыптасқан атау деген сөз. Ал осы атау қалыптасқаннан кейінгі Шығыс Түркістанға қатысты әр түрлі, бір-біріне ұқсамайтын қозғалыстар көп болған. Бірақ, бір нәрсені анық білуіміз керек, «Шығыс Түркістан» аталатын аймақты «Ұйғырстан» деу шындыққа жанаспайды. Шығыс Түркістан – ежелгі түркілер мекендеген өңірдің шығыс бөлегі деген жалпылық ұғымды береді. Бұл арада ұйғырлар көтеріп жүрген «Ұйғырстан» мәселесі Шығыс Түркістан емес, сол даланың бір пұшпағында өмір сүрген ежелгі ұйғыр мемлекетін – ұйғыр хандығын меңзейді. Ал, олардың бұл атауды иеленіп алуының да өзіндік себебі бар. Қысқаша айтар болсақ, Шығыс Түркістанға қатысты қимылдардың басым бөлегі ұйғырлар мекендеген – ежелгі ұйғыр мемлекетінің көне астаналары болған Қашқар, Хотан сияқты аймақтарды орталық етіп отырған.
Ал, Шығыс Түркістанға байланысты құрылған мемлекеттік деңгейдегі ұйымдардың ең бастыларынан, 1933 жылы Шығыс Түркістан Ислам республикасы, 1944 жылы Шығыс Түркістан республдикасы құрылса, 1969 жылы Шығыс Түркістан төңкерістік халықтық партиясы бас көтерген болатын. Шығыс Түркістан Ислам республикасы не бәрі жарты жылға жетер-жетпес ғана ғұмыр кешсе, Шығыс Түркістан республикасы бір жарым жылдай өмір сүрді. Алайда, екінші дүниежүзілік соғыстың өздеріне тиімсіз бола бастаған тұсында Кеңес одағы арқылы тіктелген «Шығыс Түркістан республикасы» өз мақсатын орындау түгілі өз қожасының әмірінен аса алмай, оның «қуыршағына» айналып тынған болатын.
Ал сол тұстағы ұйғыр зиялылары мен қайраткерлеріне келер болсақ, 1933 жылы Қожанияз қажы, 1944 жылы Ахметжан Қасыми екі реткі республиканың тірегі болғаннан көрі, құлауына көбірек көмек көрсетті. Әрі әр екеуі осы еңбектерінің қарымжысы үшін қытай билігіндегі Шынжаң өлкесі төрағасының орынбасарлық тағына отырған еді. Шын мәнінде, тарихтың екі реткі орайлы сәтінде де түркі қайраткерлері бір жеңнен бас, бір жағадан қол шығара алмағаны анық. Ұйғыр хандығын тірілтуге оңтайлы «ұзын арқан, кең тұсау» кезеңдер өтіп кетіп, талайды сан соқтырды. Ал бүінгі, замананың тарайған тұсында «өзге түркі елдері жеке-жеке ел болғанда, біз қайда қалдық» дейтін өкініш арқалаған ұйғыр ұлтшылдарының көбі көзсіз ерлік көрсетіп, отқа түскен көбелектің күйін кешті. Қолдарын «мезгілінен кеш сермеді». Тәңірі көмектеспесе бас көтерерлік қауқардан айрылды.

Шығыс Түркістан республикасы және Оспан батыр

«Шығыс Түркістан республикасын» «Шарқи» деп атап, оның қуыршақтығын алғашқы сезінген адам Оспан батыр Сіләмұлы болды. Әрі аталмыш республикаға қарсы шыққан, сол арқылы оның артында тұрған кеңестік қызылдарға қару кезенген алғашқы және соңғы адам да осы Ошың.
Оспан батырдың күресін Моңғолия жақ қолдай бастаған тұста, «қару-жарақты тегін алсам, артынан бір сұрауы болуы мүмкін» деп түйген ол алған көмегінің бодауын алтын-күміс, бағалы аң терілері, мал арқылы қайтарып отырған. Бұл оның кеңестіктердің қақпанын басудан сақтана бастауы еді.
Ал кейіннен әңгіменің беті ашыққа шыққан тұста ол «Шарқи»-дың сырын тіптен толық түсінді. Ахметжан Қасымидың Мәскеуден, Ысқақбек Моновтың Бишкектен, Дәлелхан Сүгірбаевтің Алматыдан әскери тәлім-тәрбие қабылдаған қызылдардың «сатқыны» екенін сезіне бастады.
Дәл осы кезде тәлкекке түскен түркілер тағдырына шын жанашыр болған, Шығыс Түркістан республдикасын өзі құрысқанымен оның кеңестік бағыт үшін жұмыс істейтінін сезінген Әлихан төре «жаңа Шығыс Түркістан республикасын» – исламшыл түріктің жаңа мемлекетін аңсап, Оспанмен байланысқа шыға бастаған еді. Бірақ Әлиханның қыбыр-жыбырын бағып отырған кеңестік саясат оның адымын аштырмады. 1946 жылы 17 маусымда оны жасырын ұстап, Жәркент арқылы Алматыға алып кетті.
Кеңес одағы Әлиханның үнін өшірген соң енді Оспанның көзін құртуға бар күшін салды. Оспанға Дәлелхан Сүгірбаев және «Шарқидың» орнын басқан «Үш аймақшыларды» қарсы қойды. Моңғолиялықтардың тонын жамылған кеңестік қастандықтар сайлады. Даланың соңғы баһадүрі соның бәрімен жағаласа жүріп, «Шығыс Түркістан республикасын» емес, ежелгі түркі даласын қорғау үшін толарсақтан қан кешті. Балаларын көз алдында кескілеп өлтіріп жатса да өз мүддесін ғана ойламады, отқа, тұзаққа түспеді. Елдің ертеңі үшін қан жұтып жүріп күресін жалғастырды. 1946 жылғы Әлихан әкетілгеннен кейінгі Оспанмен болған күрес, бес жылға ұласып, 1951 жылға келгенде қытайлық қызылдардың артында тұрған кеңестіктер және олардың қол баласы болған «Үш аймақшылар» «жеңіске» жетті. Оспан тірідей қолға түсіп, 1951 жылы 29 сәуір күні Үрімжіде басын имеген қалпында, өлімді қасқайып тұрып қарсы алды.
Ол сол сәтте ешқандай Шығыс Түркістан республикасының туын жамылып тұрған жоқ. Қайта қасиетті атты жамылған тобырға жауыға қарап тұрып көз жұмды. Өз ақиқатын өліммен көрсетті. Мүмкін 1933 жылғы Шығыс Түркістан Ислам республикасының, 1944 жылғы Шығыс Түркістан республикасының туын көтерген ұйғыр түркілері дәл осы Оспанның рухында болғанда олардың арманы іске асар ма еді қайтер еді.
Сол тұстағы тұтас қытай аумағының териториялық қауіпсіздігі мен шекара амандығы жағынан қарағанда Оспан олар үшін от кешкен батыр болуға тиіс еді. Атап айтқанда Оспанның Алтайдың кен байлықтарын тонаған кеңестіктерді қуып шығуы, шекара сызығын ішкерлей жылжытқан моңғолиялық шапқыншыларды кері шегеріп, Бәйтік-Қатық тауларын қорғап қалуы сынды көптеген ерлік еңбектері шын мәнінде бүгінгі қытай мемлекеті үшін аса пайдалы шарт-жағдайлар жасаған болатын. Өз қолымен атқан адамды өзі ақтауға арланды ма, әлде ұлты қазақ болғасын ба, әйтеуір, оны жау санаған көзқарасынан айныған жоқ.

Ұйғырлар қазақтың жауы емес

Қазір қазақстанда ұйғырлар мен қазақтар арасында көлеңкелі сөз бола қалса екінің бірі ұйғырларға үрке қарайды. Шын мәнінде ұйғырлар біздің жауымыз емес. Қандас, діндес бауырымыз.
Өз кезінде Түрік қағанаты қуатты ел болып тұрған шақта, орыс пен қытай біздің бетімізге тіке қарау түгілі, атымызды атаудан қорқатын еді. Сол тұста бір мезет қытай отарлауында қалған туысқандарын құтқару жолында Құтлық қаған бас көтеріп шығып: «Қытай қасында қандай ерлеріміз құл болып қалды. Қандай таза, сұлу әйелдеріміз күң болып қалды. Біз бұларға елу жылдық еңбек күшімізді бердік. Мемлекеттің заң-жосығын жасап бердік. Біз қытайға басқа мемлекеттерді жеңіп бердік.
Біз мемлекетті халық едік, қайда сол мемлекетіміз? Біз қағаны бар ел едік, қайда сол қағанымыз? Бұл қорлықта отыра бергенше өзмізді-өзіміз құртайық, қырылайық?» (Орхон жазуларындағы күлтегін жырларынан) деп ұрандап алдыға шықты. Сөйтіп қытайларды қуып шығып, байтақ түркі даласын қайта азат еткен болатын.
Кейіннен «барған жеріңдегі ұлтыңды, ұлысыңды, оның дінін, ділін аяла» дейтін Шыңғысханның бауырмалдығын пайдаланған өзге ұлттар (әсіресе қытай) қайта бас көтерді. Моңғол-түріктің иелеуіне түскен көп жер қайта бөліске түсті, Ежелден ірге жауымыз болған орыс пен қытай жеріміздің ұлтанды бөлегін басып алып, ұлт-ұлыстарымызды ойыншыққа айналдырды. Бізді «жіліктеп» бір-бірімізден бөлді. Діні басқа демесең бізбен бірге туған моңғолды бізге жау көрсетті. Түркілерді – түрік, өзбек, ұйғыр, қазақ, қырғыз деп бөлді. Біздің қандық жақындығымыздан көрі ащы-араздығымызды қоздыруға сылтау іздеді. Ғалымдар арнайы тапсырмалармен тарихи оқулықтар, кітаптар жазып, сол сценарилердің орындалуына оң көмек жасады. Сөйтіп, өткен ғасыр біздің алакөздік дәуіріміздің асқақтаған кезеңі болды. Туыстар алыстады, тұқымдастар бірін-бірі шетке қақты. Қызығын империялар көрді.
Соның бүгінгі мысалы болып, ұйғыр мен қазақтар бірін-бірі жау көре бастаған көзғарас қалыптасты. Ал сабан астынан су жүгірткен өзге ниеттегілер бұған іштей «мәз-майрам». «Өздеріне де сол керек, обал жоқ!» деп қайшылықты басуға емес, асқындыруға астыртын жұмыс істеді. Қай заманда да халық немесе саясат сойылын соғушылардың көбі ұлт басындағы қасірет келе жатқанда емес, өтіп кеткен соң дабыл қағып, өкініш білдіріп жатады. Біздің басымызда да сондай трагедиялы тарихтың салқыны тұр.
Өткен күндер парағына үңілгенде соңғы 100 жыл ішінде ұйғыр мен қазақтың ортақ одақпен жауларына қарсы тұрған жеңісті шеруі болған жоқ. Тек 1930-1946 жылдар арасындағы кеңестік империяның тікелей ықпалымен жауларына бірлікте қарсы тұрып еді. Оның соңы да баянды болмады. Дегенменде мұсылман одақтықтың осал еместігін тағы бір айғақтап, дүниені бір тітіреткен-ді.
«Саптаяққа ас құйып сабынан қарауыл қараған» көршілеріміз ежелден осындай мұсылман одақтығынан қорқып келді. Жоңғарлар жеңілген соң қазақ көшінің қазіргі Шынжаң жеріне сұғына кіруінен алаңдаған сол кездегі орыс атқа мінерлері: «егер жоңғардан босаған жерлерге қазақтар ішкерлеп кіре беретін болса, күндердің күнінде ондағы мұсылман ұйғыр, дүңгендермен бірігіп бізбен шекараласатын аймақтарға қатер төндіруі мүмкін» деп патшасына хат жазған болатын. Дәл осындай алаң қазіргі қытай билігінде ашық көрініс табуда.
«Аңның қасуына массаның басуы тура келгендей» халықаралық ұйымдардың дінни топтарға, «терористрге», «Шығыс түркістан» атауындағы ұйымдарға қарсы одақ құрып, күрес жариялауы қытай билігі үшін көптеген тиімділік әкеліп, мұсылман ұйғырларының басына «әңгіртаяқ» ойнатты. Енді сол қосаққа қазақтарды тіркеудің амалын қарастырып, ондағы бауырлардың «шиқанын тырнай» бастады. Мүбада, қазақтар жағынан болмашы ғана қарсылық іс-әрекет байқала қалса бірден тарпа бас салудың қамында отыр. Және де жәй ғана бас салмайды, дінни астар іздеп, қазақтың түсіне кірмейтін сұмдықтарды таңа салуы бек мүмкін.
Тұтастай қарағанда нақты қылмыс айғағы анық ішінара ұйғыр содырларының түсінбестігіне бола тұтас бір ұлтты қаралауға болмайды. Егер ондайлар шығып жатса, оны бір жағынан заңмен, екініші жағынан ұйғырдың өз зиялы қауымымен басуға болар еді. Қазақ ұлты өкілдері туралы айтқанда да «тырнақ астынан кір іздеу» үрдісі де олардың басқан ізін аңдып, басына бұлт үйіріп отыр.
Мұндай тығырыққа тірелгенге ең үлкен қауіп – қытай емес, өз ағайының. Ежелдің ежелінен түркі мұсылмандарын ірітуге әрекеттенген жауларымыз осы бір осал тұсымызды оңай пайдалана білді. Қазір Шынжаң жағдайында ұйғырды ұйғыр аңдитын, қазақты қазақ аңдитын, ораты келсе сылтауын тауып орға жығатын сатқындықтар жүз берді. Тіпті қытай билігі ашық түрде ақша, мансап сынды шырға арқылы «еңбек көрсеткендерге» сыйлық, марапат белгіледі. 1937-1938 жылғы зұлматтағы «халық жауларын ұстап беру» сұмдығы қайта бас көтерді. Сөйтіп ұйғырды ұйғырға, қазақты қазаққа айдап салу, астыртын қастандық ұйымдастырулар басталды. Қолдан жасалған бұл арамдықтардың астары ендігі жерде ұйғыр мен қазақты бір-біріне қарсы қойып, ұлтаралық қайшылықтарға жалғасуы мүмкін. «Өз етімізді өз маймызға қуырыу» империялардың кәнігі әдеті ғой.
Қытай саясатындағы қазіргі «төңкеріс» туралы айтқанда оның тереңінде әдейі арандатушылық немесе қарсыластарын қылмысқа итермелеу арқылы оларды торға түсіру нысайы көбірек байқалады.
Тұтас бір мемлекеттің қауіпсіздігі туралы айтқанда, әрине, әр кімнің өз басының амандығы өзіне керек. Қытай билігінің қауіпсіздік шараларын күшейтуі мемлекетшілдік тұрғыснан қалыпты құбылыс. Халықаралық ұйымдармен болған «жау күштерді жазалау жайындағы» ортақ одақтық келісімшарттар негізінде әрекеттеніп отырғанын айтады. Дегенменде, адамзат қоғамында жүз берген тарихи оқиғалардың соңғы шешімінен қарағанда күрес бағыты әділетсіз деп танылған қанды жазалаулар күндердің күнінде сәтсіздікке ұшырап отырған.
Осындай қиын-қыстау кезеңдерде ұлттың және діндес бауырлардың ішкі бірлігі, рухани жүректестігі бәрінен маңызды. Сен біреудің жеке басына немесе өзің бағынышты болған елдің билігіне қауіп-қатер төндіретіндей ешқандай іс-әрекетке барма. Бірақ өзіңді аман сақтау үшін өз бауырыңмен тонның ішкі бауындай тату-тәтті бол. Ат басындай алтын берседе аға-бауырыңды сатпа.
Мұсылман бауырларың жаны шырқырап жылап жатса әр бір мұсылман баласының жүрегі сыздап, оған көмек көрсетуге міндетті. Ең кемінде жақсы сөзімізді сыйлап, өз сатқындарымызды өзіміз жазалап, ішкі бірлікті бекемдеуге әрекеттенуміз керек. Қанды қарсылыққа бармай-ақ қаламды қару, сол елдің заңын тірек ете отырып, халықарлық ұйымдарға дәлелді өтініш хаттар, арыздар жазуымыз қажет. Заман өтеді, залымдар құриды. Жауыздықтың басы болған бір ғана Сталин қаншама адамның қанын төкті. Кейде мемлекет емес, мемлекет заңын аяқ асты еткен жеке тұлғалардың халықты қан қақсатып жататындығын талай көрдік. Біз қытай үкіметі деп отырғанмызбен, мүмкін, азғантай топтың азғындығы болуы да мүмкін ғой. Қытайда өткен «Шың Шысай дәуірі», «Ұлтшыл-оңшылдарға қарсы күрес», «Мәдениет төңкерісі» сынды өзін-өзі терістеп үлгірген келеңсіз кезеңдер соны еске салады. Халық басына қара бұлт тұрмайды, жел соқса ыдырайды. Заман қанша қатыгез, өзгерісшең болса да ардан таюға болмайды. Адамның адамдық ағайындастығы, тарих алдындағы нағыз бейнесі мәңгілікке жалғасады.

Соңғы түйінге – Бізге Мұстафа Кемал Ататүрік рухы керек

Мұстафа Кемал Ататүрік өзінің бүкіл саналы өмірін туған халқының жарқын болашағына, туған елінің тәуелсіздігіне, тұтастығына, бірлігіне, ана тілі мен ұлттық мәдениетінің дамуына, өркендеуіне арнады. Әлемге әйгілі болған жаңа Түрік мемлекетін – Түркия республикасын құрды. Ататүрік тек өз халқының, өз елінің ғана емес, бүкіл түрік әлемінің ұлы перзентіне айналды.
Ол былай деді:
«Түрік ұлтының мінезі – асқақ. Түрік халқы – еңбекқор халық. Түрік халқы – зерек халық. Өйткені, түрік халқы ұлттық тұтастықтың және бірліктің арқасында басқа күштерді жеңе білді. Түріктің түріктен басқа досы жоқ. «Мен түрікпін» деген адам қандай бақытты!»

***

«Әлем бізді құрметтесін десек, өз ұлтымызды және ұлттық бейнемізді алдымен біздің өзіміз бар сезімімізбен, ақыл-ойымызбен, ісімізбен, бүкіл қимыл-әрекетімізбен құрметтеуіміз керек. Өзінің ұлттық бейнесін таба алмаған ұлттардың басқа ұлттарға жем болатынын біліп қойғанымыз жөн!»
Түркия Республикасының 10 жылдығына орай 1933 жылы өткен салтанатты жиында сөйлеген тарихи сөзінде Ататүрік былай деп еді:
– «Бүгін Кеңестік Ресей – көршіміз, одақтасымыз. Бұған біз бүгін мұқтажбыз. Бірақ, ертең не боларын ешкім кесіп айта алмайды. Дәл Осман империясы сияқты, дәл Аустрия-Венгрия сияқты оның да ыдырауы мүмкін, бөлшектенуі мүмкін. Бүгін қолында мықтап ұстап отырған халықтары уысынан шығып кетуі мүмкін. Әлемде сонда жаңа тепе-теңдік орнайды. Міне, сонда Түркия не істейтінін білуге тиіс. Біздің бұл «досымыздың» билігінде тілі бір, наным-сенімі бір, өзегі бір бауырларымыз бар. Соларға қол ұшын беруге дайын болуымыз керек. Дайын болу деген сөз - сол күнді күтіп отыру деген сөз емес. Әсіресе, рухани көпірлерге мән беруіміз керек. Тіл – бір көпір, наным-сенім – бір көпір, тарих – бір көпір... Бүгін біз олардан тіл тұрғысынан да, салт-дәстүр женінен де, тарихи байланыстардан да ажырап, өте алыста қалып қойдық. Біз тұрған белес дұрыс па, олар тұрған деңгей дұрыс па, мұны есептеп жатудың пайдасы жоқ. Олардың бізге жақындасуын куте алмаймыз. Біз оларға жақындасуымыз қажет. Тарихи байланыстарымызды жаңғыртуымыз керек. Бұларды кім істейді? Әрине, біз. Өздеріңіз көріп отырсыздар, Тіл қоғамын, Тарих қоғамын ұйымдастырдық. Тілімізді солардың тіліне жақындатуға, сөйтіп бір-бірімізді оңайырақ түсінетін жағдайға жетуге тырысудамыз. Тарихымызды да соларға жақындатуға тырысып жатырмыз. Ортақ тарих жасаудың соңындамыз. Бұл оңай жасалына салмайды... Естуімше, шолақ ойлы кейбіреулер «Ататүріктің басқа жұмысы жоқ па, тілмен, тарихпен айналыса бастағаны несі?» дейтін көрінеді. Сөз жоқ, жұмысым бастан асады, мен бүгін озық Түркияны құруға қалай тырысып жатсам, ертеңгі Түркияның негізін қалауға да соншалықты мән беріп жатырмын. Осы жасап жатқандарымның бәрі ешбір басқа халыққа дұшпандық емес. Бейбітшілікті жақтаймыз. Бейбітшілікті жақтап қала береміз. Бірақ, тоқтаусыз өзгеріп жатқан бұл әлемде ертеңнің ықтимал өзгерістеріне де дайын болуымыз керек».
Тарих Мұстафа Кемал Ататүрік рухын асқақтатып, оның айтқандарын толығынан дәлелдеді.
Әлемде өзгермейтін нәрсе жоқ. Талай-талай алып империяларда құлады. Шығыс Түркістан мәселелері де сондай өзгерісшең кезеңдерді бастан кешті. Қазіргі қытай аумағында өзінің байырғы жұртында отырған түрік бауырларды да тағдырдың не сыйы күтіп тұр?! Оған біз де кесім айта алмаймыз, қытай да жауап бере алмайды. Адамның дәрмені емес Алланың пәрмені бәрін жеңеді.
Қазақ ұлты бір ғана қазақпыз. Түркі ұлттары бір ғана түркіміз. Мұсылман халықтары бір ғана мұсылманбыз. Бірлік барда тірлік бар. Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді. Бәріміз бұл дүниенің сынағындамыз. Сынақтан сүрінбей өтейік, ағайын!

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ,
жазушы


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер