BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Өз басындағы қиыншылығына қарамай ораза тұтқан жандар

Жексенбі күні Ақтөбе қаласындағы «Дәстүр үйінде» елу адамға арналып, ауызашар дастарханы жайылды. «Ерекше» елу жанға. Олай дейтін себебіміз, олар – өмірді шексіз сүйетін, мүмкіндігі шектеулі жандар. Арбада отырса да, Алласын танып, алғашқы бес парыздың бірін орындап, ораза тұтқандар, деп хабарлайды BAQ.kz.

"Мұндай жандарға мейлінше қолдау көрсетіп, көңіл бөліп, қоғамға бейімділігін арттырған бір топ абзал азаматтар оларға дәмді дастархан жайып, құрметтеп, қонақ етті. Соның ішінде, «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешіті мен қалалық орталық мешіттің жақсылыққа жанашыр жамағаты, ұстаздары, қайырымды жандар ортақ қаражат жинап, қосымша сый-сияпаттар әзірледі" - дейді ұйымдастырушылар.

Сүт өнімдерін сатылымға шығаратын «Айс» компаниясы да ағарғандарын ұсынып, ақ пейілділіктерін танытты. Мүгедек жанның әрқайсысына сәресіге деп салынған азық-түлік пакеттері, «Ораза тағылымы» атты кітапшалар үлестіріліп, ізгілікке бастаған үлкен шара болып өтті.

Дәм басында ән айтылып, әдемі дұға-тілектерден шашу шашылды. Қам көңілдерді жадыратып, қуанышына себеп болған көңілді отырыстан баршасы ерекше күш-қуат, әсер алып қайтты. «Жас келсе іске» демекші, жақсылықта жәрдемдерін аямаған ерікті жастар да шараға атсалысып, кеш меймандарын үйді-үйділеріне жеткізіп, зор ілтипат танытты.

Елу «ерекше» жанды қуанышқа бөлеп, жүректі елжіретер ізгі іске атсалысқан баршаларыңызға Алла разы болсын!


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер