BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ойнауға арналған киіз үй. Онымен бүгінгі бала ойнай ма?

Фото: скрин

Балаларға арналған шағын киіз үй балалар батуты мен құрастырылмалы үйшіктің орнын баса ала ма? Негізінде сауалды керісінше қоюымыз керек еді. Бірақ, бүгінгі күні киіз үй тігу мен жығуды және оның жабдықтарын бала түгілі үлкендер де білмейді десек артық айтқан болмаймыз.

Кейінгі ұрпаққа ұмыт болып бара жатқан қазақтың байырғы баспанасын ұғындыру мақсатында Тараз қаласындағы «Би-Дәулет» ЖШС шеберлері киіз үйдің 10-12 есеге дейін кішірейтілген нұсқасын жасады. Кәсіпорын басшысының айтуынша, бұл киіз үй туралы түсінікті арттыруға үлкен септігін тигізетін көрінеді. Астанадағы «Этноауыл» мәдени қалашығындағы қолөнер көрмесіне әкелінген шағын киіз үйді тігуден ұйымдастырушылар шеберлік сабағын өткізді.

«Қазақтың киіз үйі қазіргі таңда ұмыт болып бара жатыр. Атын білгенмен, көпшілі затын білмейді. Сол үшін біз балаларға бала бақша мен мектептен бастап киіз үйдің құрылысымен толық таныстыруымыз тиіс. Ұлттық ойындарды қайта қолға алып жатқанымыз сияқты, киіз үйді де жас буын біліп өсуі керек. Киіз үйдің құрылысы тұнып тұрған геометрия. Онда барлығы есептелінген. Мысалы, шаңырақтың көзі керегенің басымен сай келуі керек. Бір үйдің керегесі екінші үйдің керегесіне тура келмейді», - деген «Би-Дәулет» ЖШС директоры Туғанай Жолақова макеттің киіз үйден еш айырмашылығы жоқ екенін айтты.

Туғанай Жалмұратқызының пікірінше, қазақтың киіз үйін ешбір пластмассаға немесе темірге ауыстыруға болмайды. Сондықтан да кәсіпорын киіз үйдің кішірейтілген макетін тек ағаштан құрастырған көрінеді.

«Киіз үйді ешбір пластмассаларға, тіпті, темірге ауыстыруға болмайды. Ата-бабаларымыз тек ағаштан, киізден шегесіз жасаған киіз үйді біз не үшін өзгертуге тиіспіз? Балаларға көрсеткіміз келгені де сол емес пе?! Сол үшін киіз үй сияқты бұл макеттерге де сәмбі ағашын, таза киіз мен бау, басқұрларды қолдандық. Алайда, қалталылардан басқа ешкім алып жатқан жоқ. Бала бақшалар мен мектептер қызыққанымен, сатып алуға келгенде қауқарсыз қала береді», - дейді 1991 жылдан бері киіз үй шығарумен айналысып келе жатқан кәсіпорын.

«Этноауылда» шеберлік сабағын өткізген кәсіпорын қызметкері Бағдәулет Жақыпбаев бізге макеттің көлемін таныстырды.

«Бұл мектепке дейінгі балаларға арналған шағын киіз үй. Уықтары иінімен 1 метр болып, жалпы 51 уықтан тұрады. Ал керегесі 75 см, шаңырағының диаметрі 70 см», - дейді Бағдәулет Жақыпбаев.

Біздің білуімізше, киіз үй тігу ең алдымен кереге керуден басталады. Керілген керегелерді құр арқанмен біріктіріп, есікпен қоса таңады. Осыдан кейін бақанмен шаңырақ көтеріліп, уық шаншылады. Уықтар керегеге байланып, дөдеге (уық пен керегенің түйіскен жері) басқұрмен тартылады. Уықтың қарнына шалма бау шалынып, керегенің сыртына ши ұсталады. Одан соң туырлық, үзік, түндік жабылып, туырлықтың терме баулары айқастыра байланады. Туырлықтың ішінен басқұр арқан тартылып, сыртынан белдеу арқан байланады. Шаңырақтың екі жағына киіз үйді желден қорғайтын желбау тартылып, жел соққанда оған ауыр зат байланады. Үйдің сыртына салма арқан салынып, желдің қарсы бағытына қарай қазыққа байланады. Ол да киіз үйді желден қорғау рөлін атқарады. Ши үйге құрт-құмырсқа, құм-топырақ кіріп кетпеуден сақтайды. Қазақ ораған шиді шым ши, оралмаған шиді ақ ши деп атаған.

Ал үйді жығудың да өз тәртібі болған. Яғни, киіз үйді жығарда ең алдымен түндігі, үзігі, туырлығы ретімен жиналады. Одан соң уық шешіліп, 10 шақты уық қалғанда шаңырақты бақанмен көтеріп тұрып, қалған уықтар алынады. Атам қазақ шаңырақты көшетін бағытқа қарай алғаны айтылады. Ең соңында керегелер шешіліп, құр жіптермен жиылады. Ерекше ескерер жайт, басқұр арқанды шаңырақты алмайынша шешпеген. Олай болмағанда шаңырақ ортасына түсіп кетуі әбден мүмкін.

Видео автордікі


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер