BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қорқыт мазарының картасы таныстырылды

Астана, BAQ.KZ. Бүгін Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Қазақ өнерінің антологиясы» жобасы негізінде жарық көрген жаңа кітаптардың тұсаукесері өтті.

Іс-шара барысында Қазақ Ұлттық өнер университетінің Қорқыт Ата ғылыми-зерттеу институты дайындаған «Шешендік өнер» (VIII-IX том), Мырзатай Жолдасбековтың «Ойтолғау», «Қалың қазақтың қадірлісі» және Әлқуат Қазақбаевтың «Қорқыт ата аңыздары мен күйлері» атты кітаптар таныстырылды.

Аталмыш кітаптар ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласын қолдау мақсатында жүзеге асырылып отыр.

«Шешендік өнер» кітабында қазақ халқының шешендік өнерінің философиялық мән-маңызы жайында баяндалады.

«Ойтолғау» кітабында М. Жолдасбековтың ел мен жер тағдыры, рухани
мұра, кісілік тұлға туралы нақыл сөздері мен өлеңдері және үзеңгілес достары, замандастары мен ізін қуған әріптестерінің жылы лебіздері берілген.

«Қалың қазақтың қадірлісі» кітабында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, түрколог ғалым, Мырзатай Жолдасбековтың өнегелі өмір жолын, мемлекет ісіндегі қажырлы еңбегін, қазақ ғылымы мен мәдениетінің дамуына қосқан үлесін жан-жақты зерттеген отандық және шетел ғалымдарының ғылыми мақалалары мен танымал тұлғалардың эсселері және мазмұнды сұхбаттары енгізілген.

«Қорқыт ата аңыздары мен күйлері» кітабында Қорқыт Ата жайындағы аңыздар мен ұлы қобызшының күйлері алғаш рет кең ауқымда беріліп отыр. Кейбір аңыздар мен жаңадан табылған күйлері музыкалық мұрасын зертеушілер жағымды жаңалық болары анық. Сондай-ақ, құнды тарихи дерек Қорқыт атаның жүріп өткен жерлері мен Сыр бойындағы мазарының картасы тұңғыш рет таныстырылады.

Жиынға әдебиет, өнер, тарих, этнография, түркология саласындағы отандық танымал ғалымдар, ғылыми институттар мен ЖОО ректорлары мен қызметкерлері, этномәдени қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік құрылым өкілдері, Парламент депутаттары, шетел елшіліктері және басқа да ұйым өкілдері қатысады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер