BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазақ даласындағы қағба қашан пайда болды?

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынып, «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деп қадап айтқан-ды.

Қасиетті Сыр елінде – Жаңа­қорған ауданынан 40 шақырымдай қашықтықта «Тотықұс» деп аталып кеткен жерде «Хорасан ата» кесенесі орналасқан. Хорасан ата – тарихтан белгілі Әбдіжалил баптың лақап аты. Пайғамбар ұр­пағы саналады, данышпан, емші, ақылгөй кісі болған. Осы Хорасан атаның өзге киелі жерлерден ерек­шелігі – мұнда Меккедегі Қағбаның көшірмесі бар.

Меккедегі Қағбаның көшір­месі бұл жерге қашан және қалай тұрғызылған?

Бұл жөнінде тарихта нақты дерек жоқ. Ертеректе Хорасан ата­ның ұрпақтары салған деген ел аузында аңыз ғана бар. Осы сұрақ­ты біз белгілі тарихшы, шежіреші Сейітомар Саттарұлына қойғаны­мызда, ол былай деді: «Біздің қо­лымыздағы шежірелер бойынша Әбдіжалил бап (Хорасан ата) VII ғасырда ислам аша келіп, Сырдың жағасындағы «Оғыз қыратында» шахид болған. Осынау ұлық ата­ның мазарының күнбатыс бетінде тұрған «Қағбаның» сұлбасына шабуылды бастап кеттік. Бұл Қағ­баның көшірмесі біз есімізді білгенде бар болатын. Яғни, 1950 жылдан құлағымызда. Арғы жағында қаншама саясат ауысты, қаншама заман озды, қаншама патша, билік ауысты, бірақ бұл жәдігер сол ежелгі қойылған ор­нын­да тұрған дүние. «Бұл жә­дігерді бұзып тастау керек» деген әңгіме бір белгісіз әйелдің «Хо­расан атаға барған адам Қағбаға тәуеп еткендей қажы болады» деген сөзінен шыққан. Бірақ осы маңда осында келіп қажы атанған кімдер бар деп ешкім сұрамаған. Хорасан атаға жылына мыңдаған адам келіп-кетеді. Барлығы да Қағбаның сұлбасын көреді. Бірақ ешкім осыдан қажы атанбайды. Атанған да емес. Себебі, бұл Қағба емес, Қағбаның сұлбасы ғана. Осы күні шын Қағбаның суреті са­лынған қаншама жапсырма қағаз, плакаттар бар. Алла сақ­тасын, соның барлығын Қағба етіп жіберу қаупі төніп тұрған жоқ па? Неге барлығымыз бір шетте өзінше тұрған төрт бұрышты үйге қадалып қалдық?

Әбдіжалил бап Орта Азияға хижраның 150-жылы келген дейді. Бұл шамамен 772 – 774 жылдар. «Тоты құс» аралындағы қағбаның сұлбасы-суреті, көшірмесі Әбдіжалил баптың көзі тірісінде салынған. Бүкіл түркі әлеміне әйгілі Құл қожа Ахмет Яссауидің өзі Хорасан атаға барып зиярат еткен. Бірақ осы ұлық зат та қарсы болмаған секілді. Себебі, бір адам қарсы болса әлдеқашан қиратып, орнын тегістеп жіберуі керек еді ғой. Қарсылық болған жағдайда 12 ғасыр өмір сүрмеген болар еді.

Енді осы жазылып, айты­лып жүрген қағбаның сұлбасына қа­рай ауыссақ. Ауыз әдебиеті бізді алыс VII ғасырға алып кетеді. Аңыз бойынша (Хорасан ата) Әбдіжалил бап атамыз күнде таңер­теңгі екі бас парыз намазын Мек­кеге барып оқып келеді екен. Хорасан атаның ұлы Хусеин бап «Ата, сіз күніге Мекеге барып келе бересіз бе, онан да Меккені осында алып келсек қайтеді?» дей­ді. Хорасан ата рұқсат бер­мейді. Күндердің бір күнінде Хусеин бап әкесіне: «Ата, далаға шығып бір қараңызшы» деп өті­неді. Хорасан ата сыртқа шықса, бұлт үстінде тұрған Қағбаны кө­реді. «Көлеңкесін сызып ал да, тез орнына жібер» деп бұйырыпты әкесі. Бұл ислам тарихы мен пәл­сапасындағы Ибраһим пайғам­бардың басынан өткен тарихқа ұқсайды.

Алла Тағала Ибраһим пайғам­барға Меккеде Қағба үйін Байтул Мамурды салуға бұйрық бергенде, Ибраһим пайғамбар: «Е, Раббым, мен Қағбаның қандай екенін білмеймін ғой» дегенде, бұлт арасынан Қағбаның сұлбасы көрінген. Ибраһим пайғамбар сұлбаның сыртқы пішімін сызып алып, сол сызықтың үстіне Қағ­баны тұрғызған. Қазіргі барлық мұсылман барып жүрген Қағба, Құбыламыз – сол Ибраһим пай­ғам­бар тұрғызған жай. Бұл жерде Хусеин ибн Әбдіжалил бап баба­мыз­дың әулиелік мақамнан хабары, несібесі барма еді? деген сауал келеді. Біріншіден, қазір Хо­расан атаның маңындағы Қағ­баның сұлбасына зер салып қарау керек секілді. Хусеин бап – Орта азия деп аталып жүрген Түркілер елінде, Сырдарияның орта ағы­сында дүниеге келген адам. Егер өмірінде Қағбаны бір рет көрме­ген адам болса, Қағбаның төрт бұ­рыш­ты, текше екенін қайдан білді? Ол заманда елдің баспана­сының дәл қандай пішінде бол­ғанын ешкім тап басып айта ал­май­ды. Демек, төрт бұрыш текше екенін көрген адам ғана қазіргі қағбаның сұлбасын салуы мүмкін. Болмаса енінен, көлденеңінен бір жерін бүлдіруі кәдік емес.

Екіншіден, қазіргі қағбаның сұл­басына зер салған адам сұл­баның төрінің Құбылаға қарап тұрғанын аңғарады. Бұл да жай көзбен шешілетін жағдай емес. Демек, Хусеин бабамызда әулие­лік мақамнан бір несібенің бол­ғандығы. «Әулиенің кереметі не?» деген сұрауға ғалымдар, «Әулие­нің кереметі дегеніміз – Тағадат ибадатпен Аллаға жақын болған адамның Алланың құзы­рында тілегі қабыл болуы» деп айтады.

Хусеин бап Әбдіжалил бап­тың ұлы болғандықтан, ең кемі он екі ғасыр бұрын өмірден өткен адам. Олай болса, сол он екі ға­сыр­дан бері ешкім қағбаның сұл­басын көрген жоқ деп айта алмай­мыз. Бізден бұрын өткен әзіз­дер,Түркістан мүлкінің Шайх-машайхы Құл қожа Ахмед Я­ссауи бабамыз «Қағба махаллаңды алдыңда көрдім» деп отырғанда, оның қасында біз кімбіз? Сондай ұлықтар істемеген істі істеп, екі беті­міз қап-қара болып қалмай ма?
XII ғасырда өмір сүрген ғалым Хакім Термези «Әулиенің жатқан жерінде Алланың нұры болады, Нұр бар жерде береке болады. Бірақ Әулиенің әулиелігін жоққа шығару зұлымның көңілінде бо­лады» деген екен. Осы күндері Түркі елдерінен ағылып қысы- жазы келіп жатқан халайықтың көңіліндегі Алланың салған нұры мен Хорасан атаның сағанасынан шашырап тұрған нұрдың бір – біріне қосылғысы келіп ұмтылуы болар дегім келеді». Міне, белгілі тарихшы, шежіреші Сейітомар Саттарұлының бізге айтқаны.

1995 жылы Жаңақорған ауда­нында Хорасан атаның өмірден өткенінің 1100 жыл толуы кеңінен аталып өткен. Ғұламаның ұрпақ­тары жиналып, кесенені қайта жаң­ғыртқан. Жанындағы Қағба­ның сұлбасы да жөнделіп, ретке келтірілген. Кесенеде суының емдік қасиеті бар құдық та бар. Дертке шалдыққан адамдар ар­найы ниет етіп, суын ішіп кетеді. Тіпті қасиетті сумен жуыну үшін, арнайы орындар әзірленіп қойыл­ған. Намазхана да бар. Күннің ыстығына қарамастан, қазіргідей шіліңгір шілде айында да Хорасан бап рухына Құран бағыштап, тілек тілеуге келгендердің қатары сетінеген емес. Әрине, оның ішін­де кесене қасында орналасқан Қағбаның көшірмесі де көпші­ліктің қызығушылығын тудыра­тыны анық. Бұл зират «аймаққа ислам дінін жайған Әбжәлил баптың Құдайға сыйынған жері» деп саналады. Кей зиярат ету­ші­лер бұл жерге «Қағба көшірмесін» көруге ғана келсе, кейбір адамдар оны жеті рет айналып, Мекке­дегідей қажылық ғұрыптарын да орындайтын көрінеді. Әрине,
бұл – үлкен адасушылық. Бұл жерді ешқашан «Екінші Қағба» деп атауға мүлде болмайды. Молдалар Қағбаға ұқсайтын ес­керткіштің түр-сипатын өзгертуді Әбжәлил баптың ұрпақтары мен жергілікті халыққа бірнеше рет ұсы­ныпты да. Алайда жергілікті халық ескі­ден келе жатқан орын­ды өзгерт­пеуді, қаз-қалпында қал­дыруды сұраған.
Жер жүзінде «Мұсылмандар неге Қағбаға табынады?», «Олар­дың Қара тасқа құлшылық жасай­тыны рас па?» деген алып-қашпа әңгімелер аз айтылмайды. Жауап біреу ғана: мұсылмандардың еш­бірі де Қағбаға немесе Қара тасқа табынбайды. Мұндағы Қара тас айналымның қай тұстан басталу керек екендігін ғана көрсетіп тұр. Басқа ешқандай мақсаты жоқ. Қағба – намаз бағытын көрсетуші ғана.

Әрине, жер бетінде Мекке секіл­ді құрметтелетін қала, Қағба секілді қадірлі ғимарат жоғы аян. Жиырма төрт сағат бойы мыңда­ған адамдардың Қағбаны тыным­сыз айналып жататындығы бұл сөзімізді айқындай алады. Қағба – жер жүзіндегі барлық мұсыл­мандардың құбыласы. Қағба – қара жердің кіндігі, әл-Харам мешітінің жүрегі. Қағба – қара мата жамылған төрт бұрышты ғимарат қана емес, тұла бойы та­рих тұнған қасиетті орын. Қа­сиетті орын болса да, Қара тасты сүю парыз емес. Тек Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбар сүйгені үшін ғана сүннет саналады. Қара тасты қалайда сүюге тиіспін деп, басқа мұсылманды қағып-соғып, зәбір-жапа көрсетуге болмайды. Онда сауап жиямын деп жүріп, қайта күнә жамап алуың бек мүмкін. Тірі мұсылманның құқы жансыз Қағбадан жоғары. Міне, шынайы мұсылмандар Меккедегі Қағбаға қаншалықты құрметпен қараса да, оған табынған емес және қара тастан жәрдем сұраған емес.

Қазақ даласындағы Қағбаның көшірмесі Меккедегі шын Қағ­бамен салыстыруға да келмейді. Десек те, біз құрметпен қарауға тиіс­піз, өйткені онда да бабалар­дың тұнған тарихы жатыр. Тарих қашан да құрметтелуі тиіс. Біз сөз еткен орын да қазақ дала­сындағы тылсымға толы киелі мекеннің бірі. Мұндай ғажап­тарды бұзып тастағаннан гөрі, сақтап қалған абзал. Онсыз да уақыт әсерінен жойылып бара жатқан көне ескерткіштерді адам қолымен жойғаннан зияннан басқа таба­рымыз жоқ.

Дереккөз: aikyn.kz


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер