BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Фатима қажы: Пайғамбарымыздың сақалын сақтау әулетімізге оңай болған жоқ

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сақалын төрт ұрпақ бойы сақтап, оны Мүфтияттың мұражайына табыстаған Фатима апа бүгін кіші қажылықтан қайтқан сапарында республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің әйел жамағатымен кездесіп, тәбәрік сақалдың бүгінгі күнге аса қиындықтармен жеткенін әңгімеледі. Жастарды имандылық пен кішіпейілділікке шақырған кейуана Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сақалын өзіне аманаттап алған күннен бастап ораза ұстап, бес уақыт намаз оқығанын айтады.

«Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Элмира Бұхарбаеваның айтуынша Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шаш, тырнағы мен сақалы сахабалар арқылы тәбәрік болып кейінгі ғұламаларға жетіп отырған көрінеді. Ислам ғалымдарының пікірінше, бұндай мүбәрак заттар барлық мұсылман елдеріне тараған болуы мүмкін.

«Фатима апамыз бұл жолы қасиетті Меккеге барып Умра қажылық сапарынан келе жатқан бойында мешітіміздің әйел жамағаттарымен жүздесіп отыр. Ол кісінің ата-бабасынан бері сақтаған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сақалы төрт жыл бұрын Мүфтияттың мұражайына табысталған болатын. Елімізде Алла Елшісінің екі сақалы бар. Бір нұсқасын еліміз егемендік алған алғаш жылдары Түркия Президенті Елбасымызға сыйға тартса, екіншісі осы Фатима апамыздың бабасынан аманат болып жеткен», дейді Элмира Серікбайқызы.

Шешендік өнер жайлы жазылған еңбектерде кездесетін «Мұғау бидің Наурызбай биге айтқаны» деген шумақтардағы Мұғау би Фатима әженің төртінші атасы. Мұғаудың немересі Бөкей қажы мешіт салдырып елге дін таратқан екен. Тарихы сонау Осман империясына барып тірелетін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл сақалы діндарлар арқылы сол Бөкей қажының қолына түседі. Сақалды сақтаған сандықтағы 15-тей мөр басылған құлаштай шежіре осы деректерден сыр шертсе керек. Ол туралы қажы әже көргенін көзіне жас ала баяндап, тәбәріктің сақтаудың қиын болғандығын айтты.

«Мен бүгінгі күні 90-нан асқан шағымда тілегім орындалып, Алла Тағаланың бұйрығымен қасиетті Рамазан айында кіші қажылық өтеп келіп отырмын. Мекке қатты ыстық болғандықтан климатына үйренбей, сәл сырқаттанып үш күн оразамды қаза қылдым. Арманым болған бұл сапарға баруыма Көкшетаудың имамдары себеп болды. Менің атам Бөкей мешіт салған қажы кісі. Кейіннен сол мешітке менің әкем Әбдібек ие болған. Бірақ, ол байларды, діндарларды қудалап, дінімізді бұғаулаған қиын заман еді ғой. Атамның мешітін «белсенділер» келіп, мұнарасын құлатып, өрт қояды. Бірақ мүбәрак сақалды әкем жерге көміп жүріп сақтады. Соғыс кезінде сақалды аман алып қалу үшін отбасымызбен Қазақстаннан Башқұртстанға көшіп бардық. Ол жерді жеті жыл паналаған кезде әкем оны Құранмен қоса таудың арасына жасырып ұстады. 1945 жылы соғыс аяқталған соң елге оралдық. Бір жылдан кейін әкем Қостанай облысына келіп имам болды. Әкемнен тараған ұл жоқ еді. Қыздар барлығымыз тұрмысқа шығып кеттік. Әкем қайтыс болғаннан кейін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сақалын сақтау анам үшін ауыр болды. Ол біздің әулетке ғана емес, барша мұсылманға мұра ғой. Сөйтіп, оны өзім сақтайын деген ниетпен ораза тұтып, намазға жығылдым. Бірақ жасым ұлғайған сайын мен де аманатқа қиянат жасап алмайын деп алаңдай бастадым. Сонымен сақалды 2013 жылы Атбасар мен Көкшетаудағы имамдар арқылы Мүфтиятқа табыстадым», дейді Фатима апа Әбдібекқызы.

Кездесу соңында Фатима қажы жастарға ақылын айтып, ақ батасын берді.

ВИДЕО: Абзал Қалиев


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер