BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Дәурен Абаев: «EQUUS» фильмімен еліміз мақтанатын болады

Фото: Абзал Қалиев

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Ақмола облысына қарасты Ақкөл ауылының аумағындағы «EQUUS» деректі трилогиясының түсірілім алаңына арнайы барып қайтты. Ақпараттық турға «Қазақстан» РТРК АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қарин, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты, деп хабарлайды BAQ.kz ақпарат агенттігі.

Жылқы туралы ұзақ толғап, таңды-таңға ұрып жырлар, күнді күнге жалғап дастан айтса тауыса алмаспыз. Ал қолына қалам ұстаған қазақтың, екі ауыз сөздің басын қосып өлең жазар ақынның жылқы жайлы бір шумақ жазбағаны кемде кем болар, бәлкім.

Неге екенін кім білсін, осы бір адам баласына тым жақын, тым етене жануарды көрсе көңілі тебіренбес қазақ жоқ.

Бүгін де сондай бір салиқалы сапардың куәсі болып қайттық.

«Өздеріңіз білесіздер, Елбасының мақаласынан кейін біз осындай жобаны қолға алған болатынбыз. Аталған туынды арқылы Қазақстан жері өркениеттің орталығы болғанын әлемге танытуға үлкен мүмкіндік туып отыр. Әлем ғалымдары жылқы ең алғаш қолға үйретілген жер қазіргі Қазақстан территориясы екені туралы көптеген дәлелдер келтірді. Фильмнің Қазақстан аумағында түсірілуінің ең басты себебі де - осы. Осы сериалдың арқасында жылқыны ең алғаш біздің ата-бабаларымыздың қалай үйреткенін күллі әлем тамашалайтын болады. Бұл Қазақстанның халықаралық аренадағы имиджін арттырып, тарихы мен мәдениетіне қызығушылықты күшейтеді», - дейді Дәурен Әскербекұлы.

Естеріңізде болса, 2017 жылы 7 наурызда өткен баспасөз маслихатында министр Дәурен Абаев «Қазақстан» РТРК» АҚ мен «Clearwater Documentary Inc.» компаниясының «EQUUS» деректі трилогиясын түсіретінін жариялаған болатын. Екі жақты меморандумға сәйкес, «Қазақстан» корпорациясы «Equus» фильмін Қазақстан аумағында қазақ және орыс тілдерінде тарату құқығына ие болады. Сондай-ақ, халықаралық ақпарат таратушы қызметін атқарады.

"Бұл туындыны қазақстандық телеарналар ғана емес, АҚШ-тың, Германияның, Канада мен Францияның телеарналары бірлесе отырып жасап жатырмыз. Біз бұл жобаны аяқтасақ әлемнің 50 мемлекеті сатып алуға дайын отыр. Сондықтан да біз осыны қолға алдық. Қазір Алматыда осы фильмге арнайы 6000 жыл бұрынғы адамдардың киген киімдері жасалып жатыр" - деді министр.

Фильм 28 тамыздан бастап түсіріле бастайды. Ал трилогияның алғашқы нұсқасы 2018 жылдан бастап көрсетіледі. «EQUUS» трилогиясында жылқы жануарының адамзат тарихындағы рөлі, сондай-ақ Орталық Азия даласындағы жылқы шарушылығының қашан және қалай басталғаны жайында баяндалады. Барлық материал ғылыми зерттеулерге негізделген.

"Жылқы түрлерін, ол кездегі жылқылардың сын-сипатын түсірілім кезінде арнайы мамандар айтады. Бірақ, менің ойымша сол кездегі жылқылар да біздің қазіргі жылқылардан тым өзгеше болмаған шығар деп ойлаймын" - деген Дәурен Әскербекұлы бұл жобаға бөлінген қаражатқа да тоқталды.

"Біз бұл жобаға көп қаражат бөлген жоқпыз. Керісінше бізбен бірлесіп осы трилогияны жасап жатқан әріптестеріміз бізден 2-3 есе артық қаржы құйып отыр. Айта кетер бір ерекшелік, ол - АҚШ, Франция, Канада, Германия ғалымдарының өзі жылқы алғаш рет Қазақстан аумағында қолға үйретілген екен деп келді. Мұның өзі біз мақтанарлық жайт" - деді Дәурен Абаев.

Трилогияның режиссері – канадалық Найоби Томпсон. Продюсері – қазақстандық Нұрбол Баймұханов. Түсіру жұмыстарына шетелдің кәсіби кинематографтары, арт-дизайнерлері мен дыбыс режиссерлері тартылады. Ал ең алғаш жылқы қолға үйретілді деген Ботай қорымын ашқан ғалым Виктор Зайберт Ақкөл аумағында жеркепелерді тұрғызған екен. Бұдан бөлек, тың жобаны іске асыруға Қазақстанның кәсіби мамандары – реквизиторлар, суретшілер, каскадерлер мен киногерлер атсалысады. Негізгі мақсат – көшпелі халықтың ежелгі тұрмыс салтын қаз-қалпында көрсету. Ол үшін Канада мен Германияның үздік түсіру топтары келеді. Фильмде танымал композитор Даррен Фангтың симфиониялық музыкасы қолданылады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер