BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Асыл мұра» фотоконкурсының жеңімпаздары анықталды

Фото: Нұржас Жақсыбай

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры ұйымдастырған «Асыл мұра» фотоконкурсының жеңімпаздары марапатталды.

Конкурсқа 18-35 жас аралығындағы кәсіби және әуесқой фотографтар қатысты. Бұл конкурс Қазақстанның жаңа көркем бейнелерін қалыптастыруды, патриотизмді нығайтуға ықпал етуді, халқымыздың дәстүрлерін насихаттауды көздейді.

Фотоконкурс жеңімпаздарын марапаттау барысында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев фотожұмыстар Қазақстанның барлық өңірінен келіп түскенін атап өтті.

«1822 жылы алғашқы фотосурет түсірілді. 4 жылдан кейін бұл тарихи оқиғаға 200 жыл толады. Бүгінде смартфоны бар әрбір адам фотограф бола алады. Қазылар алқасымен бірге біздің күнделікті өмірімізді, Қазақстанды суреттейтін бірегей кадрларды анықтадық. «Асыл мұра» конкурсын өткізу барысында шығармашыл жастардың тарапынан үлкен қызығушылықты көрдік. Тапсырылған фотожұмыстар халқымыздың ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүрін, Астананың сұлулығын бейнелейді. Сонымен қатар конкурсқа қатысушылар өз жұмыстарында қазақстандықтардың күнделікті өмірін шығармашылықпен көрсете білген»,- деді ол.

ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы қоры жобалау кеңсесінің жетекшісі Зәуре Түрікменбаева фотоконкурсты жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу жоспарланып отырғанын атап өтті.

«Бұл фотоларды осы жерде ғана емес, басқа да орындарға қоямыз. Сондай-ақ, фотосуреттерді бір фотоальбомға жинақтап шығаруды ойлап отырмыз. Конкурсқа келер болсақ, қатаң іріктеу болған жоқ. Себебі кәсіби де, әуесқой да фотографтар қатысты. Финалға шыққандардың тең жартысы әуесқой фотографтар. Қазылар фотожұмыс авторларын білмеді, себебі әр фотосуретке нөмір қойылды. Дауыс беру арқылы 180 астам жұмыстан бес үздік жұмысты таңдап алды», - деді Түрікменбаева.

«Астананың 20 жылдығы» номинациясын Ерлан Омаров, «Күнделікті өмірдегі оқиға» номинациясын Алексей Попцов, Сайфуллин Фарид, «Тұлғалар» номинациясын Бақыт Сәтбек; «Қазақстан халқының мәдениеті мен салт-дәстүрлері» номинациясын Максим Стадниченко жеңіп алды. Жеңімпаздар «Асыл мұра» конкурсының лауреаттары деп танылып, әрбірі 350 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.

Видео: Нұржас Жақсыбай

«Екі номинация бойынша суреттер жібердім: Атырау облысы сыйға тартқан көпірдің төбесінен түсірілген сурет, Ақорда фонындағы 20 жылдыққа арналған отшашу және дәл осы фондағы егіз баланың суреті. Үш фотоның ішінен Астананың 20 жылдығына жіберген суретім 1-орын алды. Егемен Қазақстан газетінді жұмыс істегеннен кейін Астанадағы әр ғимаратты қалт жібермеуге тырысамыз. Фотоға қызығатын жастар өсіп келеді. Қазір екінің бірі смартфонмен фото түсіреді. Жақсы ракурс, жақсы сапа болса мұндай конкурсқа барлығы қатысқаны дұрыс», - деді «Астананың 20 жылдығы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған фотограф Ерлан Омаров.

Ал алматылық студент Бақыт Сәтбек мұндай конкурсқа алғаш рет қатысып отыр және «Тұлғалар» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

«Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясында киноопреатор мамандығында оқимын. Фотомен, видеомен айналысып жүргеніме алты жылдай болды. Осы жолға алып келген менің әкем. Бірінші телефонға түсіріп бастадым, сосын фотоаппарат алып берді», - деді жас фотограф.

Он тоғыз жастағы Бақыттан өзі түсірген «428, Абая-Гагарина» деген фотоның мағынасын сұрадық.

«Сурет өзіме ұнады. Мағына жағынан қатты терең деп айта алмаймын. Өмірлік жол деп айтуға болады. Бір кадрды түсіру деген – секундтық шешім, сол сәтті ұстап қалуың керек. Бірінші түсіремін, содан кейін мағынасын, тереңдігін ойлаймын», - дейді ол.

Бүгінгі таңда Елбасы Қоры жастарға арналған басқа да көптеген жобаларды жүзеге асыруда. Олардың қатарында жас ақындар мен жазушылардың «Алтын тобылғы», журналистерге, жас ғалымдарға арналған конкурстар бар. Бұл конкурстардың нәтижелері ағымдағы жылдың желтоқсан айында шығарылады.

Сонымен қатар, Қор шығармашылық жобаларды қолдау үшін грант конкурсын, ғылым мен өнер саласындағы сыйақы конкурсын және тағы да басқа іс-шараларды өткізеді.

Фотолар: Нұржас Жақсыбай


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер