BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Туған елге тағзым» экспедициясы басталды

Фото: Автор

Солтүстік Қазақстан, Baq.kz тілшісі. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының ұйымдастыруымен «Туған елге тағзым» танымдық-өлкетану экспедициясы басталды. Жоба аясында Қазақстанның барлық облыстарының оқушылары басқа өңірлерге саяхат жасап, түрлі бағытта зерттеу жүргізеді.

Биыл «Ақ қайыңдар өлкесі» атты тақырыпқа ие болған танымдық-өлкетану экспедициясы аясында Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқнов, Ғабит Мүсірепов, Шоқан Уәлиханов сынды ұлтымыздың ұлыларын бесігінде әлдилеген қасиетті Қызылжар топырағы шырайлы Шымкент пен құт қонған Қызылордадан келген меймандарды қабылдады. Оңтүстік өңірлерден келген оқушылар бір апта бойы Солтүстік Қазақстанның көрікті жерлерін аралайды. Ал Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары шырайлы Шымкентке табан тіреді.

«2012 жылдан бері Назарбаев Зияткерлік мектептерінде «Туған елге тағзым» жобасы жүзеге асырылып келеді. Оған дербес білім беру ұйымының құрамындағы 20 мектеп қатысады. Қазақстан – табиғаты көркем, тарихы бай мекен. Ата-бабаларымыздың найзаның ұшымен, білектің күшімен, қасық қаны қалғанша қорғаған бұл жер – жас ұрпаққа аманат. Жобаның басты мақсаты – жас ұрпақтың Отанына деген сүйіспеншілігін арттырып, бойларына патриоттық сезім ұялату. Шымкент пен Қызылордадан келген оқушылар бір апта бойы Солтүстік Қазақстанның тарихи-мәдени орындарын аралап, мол мағлұмат алады. Айыртау ауданындағы Ағынтай мен Қарасай батырлардың мемориалдық кешеніне, Айғаным қонысына, Шоқан Уәлиханов музейіне барады. Мағжан бабамыздың туған ауылы Сарытомардағы музейіне саяхат жасайды», - дейді Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сәулет Мұқанова.

Петропавлды аралаған меймандар, қаладағы сәулет өнерінің ескерткіштеріне айналған ғимараттармен танысты. Бір ғасырдан артық уақыт шежіресі бар нысандар осы күнге дейін жақсы сақталған. Көненің көзі - мемлекет қорғауына алынған.

«Петропавл – мен ойлағаннан әдемі қала екен. Әсіресе тарихи ескерткіштердің көптігіне көзім жетті. Мен мұнда солтүстік өңірдің мәдениетімен, тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында келдім. Қалада Мағжан Жұмабаевтың бір емес, екі ескерткіші бар екен. Екеуі де еңселі, көркі көз тартады. Оны көргенде ақын бабамызға деген ерекше көзқарас сезілді. Мағжан атамыздың туған жеріне, музейіне барғым келеді», - деді экспедициядан алған әсерімен бөліскен Шымкент қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Асылбек Сәдуақас.

Қазақи қонақжайлылық пен ұлттық дәстүрді берік ұстанған өлкеде өңір мақтанышына айналған тарихи орындар баршылық. Соның бірі – облыс орталығындағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі тұсауын кескен Абылай Хан резиденциясы. Онда оқушылар Үш жүздің басын қосқан қазақтың ұлы тұлғасының өмірі мен қызметі жайында мағлұмат алып, қазақ тарихының тұңғиығына терең бойлай алады. Сонымен қатар, оқушыларды облыстық тарихи-өлкетану, Бейнелеу өнері музейлерімен таныстыру жоспарда бар.

«Оңтүстік өңірлерден келген оқушылар үшін ақ қайыңдар өлкесіндегі «Туған елге тағзым» экспедициясы қызықты әрі пайдалы өтеді деп ойлаймын. Бір апта бойы экспедицияға қатысушылар Солтүстік Қазақстандағы тарихи-мәдени орындарды аралап, өздеріне сарқылмас рухани байлық алады. Саяхат аяқталған соң, балалар ғылыми, публицистикалық еңбек жазады. Біздің мектепте жас ұрпақтың санасын серпілтіп, оқушылардың бойындағы туған елге деген сүйіспеншілігін арттыратын шаралар болашақта да жалғасын табады», - деді педагог-ұйымдастырушы Сәуле Уәлиева.

Фотолар: Автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
28 Желтоқсан 2018, 08:57
Бүгін менің туған күнім
Пікірлер