BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Көкшетаулық кәсіпкер жерлестеріне «Оpen air» кешенін тарту етті

Фото: Автор

«Гормолзавод» кәсіпорны Көкшетаудың орталық саябағында қалалықтарға спорттық жаттығу кешенін тарту етті, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Ашық аспан астындағы «Оpen air» кешені «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында пайдалануға беріліп отыр. Бұл мақсатқа 5 млн теңге қаражат жұмсалған.

«Жастардың түзу жолдан тайқымай, салауатты өмір салтын ұстануы үшін барынша жағдай жасалынуда. Осы орайда көше спортының дамуына біз де өз үлесімізді қосқымыз келді. Жақында қаладағы Васильков мөлтек ауданы мен №4 орта мектеп аумағында екі спорт алаңын орнатуды жоспарлап отырмыз», – дейді «Гормолзавод» кәсіпорнының директоры Әсен Жақсылықов.

Қалада бұқаралық спортқа айрықша көңіл бөлінуде. Көпқабатты үй аулаларына белтемір, басқа да спортқа қажетті құралдар орнатылуда.

«Бүгінде спорт залдарына барып жаттығуға көпшіліктің уақыты бола бермейді. Ал, көше бойларына, аулаларға орнатылған құралдармен кез келген уақытта жаттығу жасауға болады. Әсіресе жастардың спортпен айналысуына, салауатты өмір салтын ұстануына септігін тигізеді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы болуы үшін арнайы құралдар орнатылды», – дейді қалалық денешынықтыру және спорт бөлімінің жетекшісі Уәлихан Галиев.

Жаңа алаңдардың көптеп ашылып жатқанына тұрғындар да разы. Былтыр облыс орталығында 15 миллион теңгеге 5 жаттығу алаңы салынды. Жаттығу алаңдары үлкен-кіші, жас-кәрінің барлығына арналған.

«Шындығында, кез-келген фитнес клубқа бара қалсаңыз, әжептеуір қаржы төлеуіңіз керек. Оны әркімнің қалтасының көтере бермеуі де мүмкін ғой. Ал мынадай аспан астындағы жаттығу алаңы кез-келген тұрғын үшін қолжетімді»,–дейді «Алтын жас» бірлестігінің мүшесі Ольга Зитева.

Фото: Автор

Қаладағы «Жайлау» мөлтек ауданындағы №21 орта мектебі, «Сұңқар» мөлтек ауданы мен орталық саябақ маңындағы жаттығу алаңдары қалалықтардың сүйікті орнына айналған.

– Өзім сабақтан қолым қалт етсе, осындай алаңдарға келушілердің бірімін. Әсіресе, ақшасы аз студенттерге жақсы деп ойлаймын. Өйткені, бұл ешқандай да қаржыны қажет етпейді. Сондықтан мұндай орындардың көбейе түскенін қалаймын, – дейді Айдана Сәкенқызы есімді студент.

Көкшетаулық «Empire Workout» көше гимнастикасы командасы осыдан үш жыл бұрын құрылған. Команда спорттық ойындарда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп жүр. Бүгінде аталмыш спорт түріне қызығушылардың қатары артып келеді.

«Спорттың бұл түрінің артықшылығы көп. Street workout денені шынықтыруға ғана емес, сонымен қатар ақыл-ой өрісін дамытуға көмектеседі. Сондықтан жастар арасында танымал болуда. Себебі бұл спортпен кез келген адам шұғылдана алады. Онымен айналысу үшін фитнес-клубтарға барудың қажеті жоқ, есік алдындағы алаңдарда спорт жабдықтары болса болғаны», – дейді «Empire Workout» көше гимнастикасы командасының мүшесі Ерлан Мұсаұлы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
14 Желтоқсан 2018, 14:17
Air Astana жаңа ұшақпен толықты
Пікірлер