BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Абылайдың қара жолы» экспедициясы жолға шықты

Фото: Автор

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Ақмола-Ұлытау-Түркістан» бағыты бойынша «Абылайдың қара жолы» экспедициясы бүгін жолға шықты, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында жергілікті қоғам қайраткерлерінің бастамасымен және облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің қолдауымен құрылған экспедиция 17-27 қыркүйек аралығында «Абылай ханның қара жолы» жобасы шеңберінде 18-ші ғасырдың «Көкшетау – Ақмола – Ұлытау – Түркістан» бағытымен жүріп өту көзделген. Жалпы жолдың қашықтығы шамамен 3500-3700 шақырымды құрайды деп жоспарланған.

«Жоба аясында экспедиция мүшелері жол талғамайтын көліктермен солтүстіктен оңтүстікке қарай Көкшетау, Бурабай, Астана, Қорғалжын, Жәнібек-Шалқар, Баршино, Шұбаркөл, Сабынды, Ұлытау, Жезді, Сәтбаев, Жезқазған, Қызылорда, Шымкент,Түркістан қаласына дейін барып, оңтүстіктен солтүстік бағытқа Түркістан, Шымкент, Шу, Балқаш, Қарағанды, Астана арқылы Көкшетауға қайтып келуді жоспарлап отыр», - дейді Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева.

Фото: Автор

Экспедиция барысында Абылайдың қара жолы бойындағы көне қорымдарға зиярат етіліп, халық аузында сақталған аңыз-әңгімелер, тарихи маңызды деректер жинақталмақ. Қаржылық демеушілік жасаушылар – жергілікті кәсіпкерлер.

«Басты мақсат – үш жүздің басын қосқан Абылай бабамыздың ел мен жерді сақтап қалудағы еңбегін паш ету, қара жол арқылы сауда-саттық мәселесін ғана шешіп қоймай, ұлы хан шекаралас елдермен дипломатиялық қарым-қатынас та жасап, бітімгершілік саясатты да жүзеге асыра білді. Экспедицияға белгілі ғалымдар, өлкетанушылар, қоғам қайраткерлері, тарихшылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері,блогерлер қатысады. Абылайдың қара жолы бойындағы елді мекендерден тарихи маңызды деректер, аңыз әңгімелер жинайтын боламыз», – дейді қоғам қайраткері, экспедиция жетекшісі Мұрат қажы Ыдырысұлы.

Жолсапар алдында Көкшетаудағы Науан Хазірет мешітінде құрмалдық асы беріліп, оған жергілікті белсенді қариялар, зиялы қауым өкілдері, әдебиетшілер мен тарихшы ғалымдар шақырылды. Абылай хан бабаның рухына құран бағышталды. ҚМДБ-ның Ақмола облысындағы өкіл имамы Қуаныш Сәбит осынау игілікті іске шын ниеттес болғанын айтты. Ел ағалары ақ тілектерін арнап, ақ жол тіледі.

Экспедиция мүшелеріне ішкі саясат басқармасынан арнайы киімдер беріліп, жолға шығатын көліктер безендірілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Абылайдың қара жолы бойында жатқан елді мекен басшылары құлағдар етіліп, тиісті деңгейде ақпар берілген.

«Абылайдың қара жолы» экспедициясын жерлестері Бурабайдағы Абылай ханның алаңында алыс жолға шығарып салды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер