BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Мемлекет басшысы: Шығыс Қазақстан облысы еліміздің ірі өнеркәсіптік өңірінің бірі

Елбасы Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Қазақстан Президенті Шығыс Қазақстан облысы еліміздің ірі өнеркәсіптік өңірінің бірі екенін және қазіргідей күрделі жағдайда жақсы өсім қарқынын көрсетіп отырғанын атап өтті.

– Мен облысқа ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығында келіп отырмын. Өнеркәсіптік өндіріс өсімі биылғы 5 айда 39% болғаны, ауыл шаруашылығы 13%-ға өскені, ал еңбекақы 11%-ға ұлғайғаны қуантады, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев өңірде индустриялық бағдарламаның, сондай-ақ «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында автомобиль жолдары құрылысының тиімді жүзеге асырылып жатқанын айтып, облыстың өнеркәсіптік әлеуетіне тоқталды.

– Мұнда «Қазмырыш», «Қазақмыс», Өскемен титан-магний комбинаты, Үлбі металлургия комбинаты, ең ірі су электр стансасы сияқты еліміздің жетекші кәсіпорындары орналасқаны мәлім, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы жұмыс сапарының бірқатар негізгі тұстарына тоқталып өтті.

– Мен біздің машина жасау индустриямыздың алғашқы қарлығашы – «Азия АВТО» кәсіпорнына бардым. Қазақстан ешқашан автомобиль шығармаған еді, ал қазір бізде құрастыру өндірісі жолға қойылды. Дамыған автомобиль индустриясы бар көптеген ел нақ осы құрастырудан бастаған. Сосын мамандар даярлап, жергілікті қызметкерлер үлесін ұлғайтып, біртіндеп төл өндірісін іске қосты, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы шетелде оқып келіп, бүгінде отандық кәсіпорындарда жұмыс істеп жатқан жас мамандардың үлесін атап өтті.

Қазақстан Президенті «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған облыстық Қан орталығы сияқты әлеуметтік мекемелер қызметінің маңыздылығын айтты.

– Бұл нысан денсаулық сақтау саласы үшін өте маңызды, халық та мұны түсініп, қан өткізу үшін топ-топ болып келіп жатыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Мемлекет басшысы облыстың жалпы қалыпты дамып келе жатқанын, ал түйткілді мәселелер жүйелі шешімін табатынын айтты.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер