BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Қазақстанның Еңбек Ері» иегерлері марапатталды

Фото: Бауыржан Жуасбаев

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Ақордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік наградаларды табыстады.

Жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы, айрықша ерекшелік белгісімен «Ақтөбе қаласы сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құралай Бәйменова, Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайрамбай Дөненбаев және Шымкент қаласындағы «А.С.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясы» КММ мұғалімі Алина Соловьева марапатталды. Оларға «Алтын жұлдыз» бен «Отан» ордені тапсырылды.

«Биыл «Қазақстанның Еңбек Ері» деген ең жоғарғы атағы Бәйменова Құралай Базарбайқызына берілді. Тағдыр тауқыметін тартқан қайсар қыз бәрін жеңіп өз басындағы өнегелі өміріменен елге үлгі болды. Өзінің мүгедектігіне қарамай, жұмыс істеп, көнбей, бүгінде ол көптеген жобаларды қолға алып мүмкіндігі шектеулі жандарға үнемі қолдау көрсетіп келеді. Мен өзім барып көрдім. Істеген жұмыстарының барлығына таңқалуға болады», - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, ҚР Президенті бұл атақты ұстаз Алина Соловьеваға да табыс етті.

«Құрметке лайық ұстаз. Өз аймағының білім беру жүйесін дамытуда үлкен жұмыс атқарған, новатор десек те болады. Креативті, шығармашыл педагог оқыту-тәрбиелеу процесіне әлемнің үздік практикалары мен жаңа технологияларды белсенді түүрде енгізеді. Жүлделер мен әлемнің үздік университеттерінің степендиясын жеңіп алған ондаған талантты баланы тәрбиеледі», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

«Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған Сайрамбай Дөненбаев бүгінде ірі шаруа қожалығын құрып, ауылды өркендетуге елеулі үлесін қосып келе жатқанын айтты.

«Жаңа жұмыс орындарын ашып, туған еліне адал қызмет етудің үздік өнегесін танытып отыр. Ол ауылда болдым, көрдім. Өндірісті өркендетумен қатар өз қаражатын ауылдың әлеуметтік жағдайына молынан салуда», - деді Мемлекет басшысы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер