BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазақфильмнің техникалық жабдықталуы төмен – министр 

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Кинематография туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасының бірінші оқылымында баяндама жасаған ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Қазақфильм» киностудиясының техникалық жабдықталуы төмен екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Сіз бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарыңызда «Астанафильм» атты жаңа киностудия құрылатынын жиі айтып жүрсіз. Әрине, елордада киноөндіруші қуатты компания жұмыс жасайтыны қуантарлық жайт. Алайда, бізде өнімділігі жоғары «Қазақфильм» және 35 жуық басқа да жекеменшік киностудия бар екенін есепке ала отырып, жаңа құрылған киностудия жұмысы тұралап қалады деген қауіп жоқ па?» - деп сауал жолдаған болатын депутат Айзада Құрманова.

Депутат сұрағына жауап берген Арыстанбек Мұхамедиұлы «Астанафильм» киностудиясының құрылуы уақыт талабы екенін айтты.

«Бұл - мемлекет басшысының тапсырмасы. Қазір біз экономикалық негіздемесін әзірлеп жатырмыз. Жалпы, бізге екінші киностудия салу қажеттілігі жоғары. Венгрия, Чехия секілді шағын мемлекеттердің өзінде бірнеше киностудия бар. Мысал ретінде, «Мосфильм» қазір мемлекеттен бір тиын да талап етпейтін, көмек сұрамайтын тәуелсіз мекемеге айналған. Керісінше, оның табысы жоғары. Ол кино қызметін пайдалы құрудың үлгісі болып табылады. Сол сияқты, «Ленфильмнің» де жүктемесі жоғары. Біз отандық туындыларды шығару, шетелдік киностудияларды тартуды алға мақсат етіп отырсақ, онда «Қазақфильм» бұл жүктемені жүзеге асыра алмауы мүмкін», - деді министр.

Мұхамедиұлы «Қазақфильм» кионстудиясының техникалық жабдықталуы да қазіргі заманға сай еместігін атап өтті.

«Қазақфильмнің техникалық жабдықталуы жоғары емес. Біздің көптеген киноөндірушілер, клип немесе телевизиялық жобаларды түсіретін мамандар техникалық қамсыздандыру үшін шетелге барады. Мысалы, Мәскеуге, Ташкентке. Себебі, олардың техникалық жабдықталуы жоғары. Сол себепті, біз Астанафильмнің тезірек қалыптасуына мүдделіміз. Әрине, «Қазақфильм» шетте қалып қалады ма деген қауіп бар. Алайда, біздің жоспарымыз бойынша аталған киностудия еркін экономикалық аумаққа айналса, оның табысы да, жұмысы да жоғары деңгейде болады», - деді ведомство басшысы.

Еске сала кетсек, ҚР Парламенті Мәжілісінде «Кинематография туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасының бірінші оқылымында палата төрағасы Нұрлан Нығматулин елдегі фильмдерге «ұлттық» мәртебе беру барысында сұрыптау белгілеріне қатысты пікір білдірді. Ол қазақстандық фильмдердің барлығын сақтау қажеттілігі бар екенін айтты және отандық кинотеатрлардың жұмысын бақылауға алу керектігін жеткізді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер