BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Жалбыз түрлі ауруға ем

Астана. 5 мамыр. Baq.kz – Жалбыздың пайдасы, жалбыздың емдік қасиеті ертеден мәлім. Жалпы, аталған өсімдіктің құрамында адам ағзасына пайдалы элементтер өте көп.  

Емдік мақсатқа жалбыздың жапырақтарын пайдаланады. Оның тұнбасын залалсыздандыратын, тер басатын, ауруды асқындырмайтын дәрі ретінде ауыз уылғанда, қызыл иек қабынып, одан қан кеткенде, тіс ауырғанда, сондай-ақ жоғарғы тыныс жолдарының қабынуында ауызды және тамақты шаюға пайдаланады. Жалбызды булау, шаю және ванна жасау арқылы тері сыртына да қолдануға болады.Денені шаюға қажетті тұнба әзірлеу үшін 25 грамм жапырағын бір стақан (200гр) ыстық суға салып, 20 минуттай тұндырады.Кейбір дәрігерлер жалбыз тұнбасын қақырық түсіретін, күш беретін, несеп жүргізетін, жел шығаратын, қан тоқтатын дәрі қолдануға ұсынады. Ол үшін 10-20 грамм жалбызды 1 стақан ыстық суға салып тұндырады да ас қасықпен күніне бірнеше рет стақанның үштен біріндей мөлшерде ішеді. Сонымен қатар, жалбызды пиязбен және балмен қосып пайдаланса, оның емдік қасиеті арта түседі. Әдетте туберкулезбен ауырған адам кейде түнге қарай көп терлейді. Бұған 15 грамм жалбыз жапырағын бір стақан қайнаған суға салады да, сол күйінде жарты стақаннан ішсе пайдасы көп.

Халық медицинасында жалбызды бауыр мен өтқабы, бүйрек пен бүйрек түбекшесі ауырғанда, іш өткенде, етеккір қалыптан тыс көп келгенде, іш кепкенде, булыққанда, дауыс қарлыққанда, гриппен ауырғанда және суық тигенде қолданады. Сонымен бірге, жалбыздан жасалған шайдың ішек құртын түсіретін қасиеті бар. Сондай-ақ, ол қарын сөлінің бөлінуін жақсартады және жүйкені нығайтады. Туберкулезбен ауыратындар жөтелген кезде іріңді қақырық түссе және қатты терлесе, жалбызды сүтке қосып қайнатып, кейде жапырағын жартылай су қосылған шарапқа салып ішеді.

Сондай-ақ, жалбыздан түрлі косметикалық маскаларды жасауға болады.

Жалбыздан жасалған маскаларды жылдың кез келген мезгілінде жасап, пайдалануды әдетке айналдырған жөн. Жалбыз көк тамырларды қатайтумен қатар, құрғақ теріні ылғалдатады.

Ендеше жалбыздан маска жасаудың бірнеше жолымен таныс болыңыздар.

Бетіңіз құрғақ болса:

Жалбыздың құрғақ жапырақтарын ұнтаққа айналғанша ұсақтаңыз. 2 ас қасық жалбыз ұнтағын 2 ас қасық сумен араластырыңыз. Қоспаны пешке қойып, отты бәсеңдетіп қойыңыз.Ботқаның температурасы 70 градусқа жеткенде, пештен алып, суытыңыз. Бетіңізді жуып, масканы жұқалау етіп жағыңыз.Үстінен дәке жауып қойыңыз. Алдын ала мұрын, көз бен ауызға тесік жасап қойыңыз. Жарты сағаттан соң жылы сумен жуып тастаңыз. Нәтижесін бірден байқауға болады.

Ал, егер бетіңіз құрғақ әрі ісінгіш болса:

Ащы жалбыз, жолжелкен (подорожник) мен түймедақ өсімдіктерінен 1 ас қасықтан алып, араластырыңыз. Бір стақан қайнаған суға салып, қайнатыңыз. Бұған бір шай қасық крахмал қосыңыз. 5 минуттан соң сұйығын төгіп, қалған масканы бетке жағыңыз. 30 минуттан соң салқын сумен жуыныңыз. 

 

Дана Сағынбек


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер