BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Салқын күзде сәнді киініңіз

Ызғарлы қазан да Астанамызға қош келіпті. Қыстың иісі сезілетін бұл айда көңіліңізге кірбің түспесін. Себебі күз тек жаңбыр, тұман, салқын ауа ғана емес, бұл – жаздай кие-кие жалыққан көйлек-көншектерді ыңғайлы әрі жылы киімдерге ауыстыратын мезгіл. Сонымен Baq.kz 2016 жылғы күз мезгіліне сән сарапшылары кеңес еткен киім үлгілерін назарларыңызға ұсынады.

Пальто-бушлаг

Бұрынырақта бушлаг әскери форма ретінде белгілі болса, қазір бұл сәнқайлардың ұнатып киетін пальтосына айналды. Пальто-бушлагты шифоннан тігілген кеудешемен, былғары бәтеңкемен толықтырсаңыз болады. Бүрмелі белдемше, былғары сөмке мен теңіз үлгісінде тігілген бас киім де пальто-бушлагпен сәтті үйлеседі.

Былғарыдан тігілген плащ

Биылғы күзде сән әлемінде басты назар былғарыдан тігілген киімдерде болмақ. Күздің жаңбырлы күнінде былғары плащ таптырмас киім болары анық. Бұл тек плащ қана сәнді деген сөз емес. Былғарыдан тігілген қоңыр түстегі көйлек немесе қоңыр қызғылт түстес белдемше кисеңіз де болады. Образды күн көзінен қорғайтын көзілдірікпен, үлкен білезікпен, саусақты биялаймен толықтырыңыз.

Желетке әлі де сәнде

Өткен маусымдарда сәнқойлардың гардеробындағы ең сәнді киімге айналған тері желеткелер де бұл күзде өз маңыздылығын жоғалтпады. Бұндай желеткелер тек теріден ғана емес, әртүрлі материалдардан тігілген болуы мүмкін. Желеткені тоқылған свитермен, джинсымен, бәтеңкемен киіңіз.

Жамылғы-пальто (капа)

Егер сіз тері желеткені қатты ұнатпасаңыз, онда жамылғы-пальто сіздің талғамыңызға сай болуы әбден мүмкін. Капаны джинсы шалбармен, көйлекпен де киуге болады. Осы күзде жамылғы-пальто киген арулардың барлығы көпшіліктің назарында болатындығы даусыз.

Көлемді мойынорағыш (шарф)

Мойынорағыш тек қана жылылық үшін ғана емес, сәнді образ жасауға да таптырмас аксессуар. 2016 жылғы күзде әсіресе көлемді мойынорағыштар сәнде. Оларды кез келген киіммен тағуға болады. Бастысы талғамыңыз басқалардың емес, өз көңіліңізден шықса болғаны.

Ашық қызғылт түсті пальто

Нәзік ашық қызғылт түс биылғы күздің ең тартымды түсіне айналды дейді сән сарапшылары. Ашық қызғылт түсті пальтоны сұр түстес киімдермен толықтырсаңыз өте үйлесімді болады. Джинсы шалбары мен ыңғайлы бәтеңке де бұндай пальтолармен жақсы жарасым табады.

Сәнді қалпақ

Күздің кез келген киімін толықтырып тұратын стилді қалпақтар әрбір сәнқойдың гардеробынан табылуы тиіс. Түстерін таңдауда да қиялыңызға ерік беріңіз. Ашық қоңыр, көк, сарғыш жасыл, сұр түсті қалпақтардың кез келгені 2016 жылдың күзінде сәнді.

Көйлек-свитер

Свитерге ұқсас тоқылған көйлек биылғы күздің ең сәнді киімінің бірі. Көйлек-свитердің ұзындығы да әртүрлі болуы мүмкін. Көйлек-свитерді былғарыдан тігілген қысқа күрткемен, биік өкшелі бәтеңкемен кисеңіз болады. Жылы әрі сәнді көйлек күздің салқын күндерінде таптырмас киім.

Ұзын кардиган

2016 жыл күзінің ең сәнді киіміне кардигандарды жатқызуға болады. Сәнқойлардың талғамынан шыққан ұзын кардиганды барлық киімдермен үйлестіруге болады. Бұл көйлек, джинсы шалбар, белдемше болуы да мүмкін. Аяғыңызға бәтеңке не болмаса крассовки кисеңізде болады. Бастысы, өзіңізге ыңғайлы болсын.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
02 Қараша 2017, 10:11
Сенің маған шашуыңдай...
Пікірлер