BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Көп ақша тапқың келсе, көп ұйықта...

Зерттеушілер көп жұмыс істейтін адамдардың, аз жұмыс істейтіндерге қарағанда жалақы мен сыйақыны төмен алатындығын дәлелдеген. BBC Capital-дың айтуынша, шамадан көп жұмыс істеген адамдардың еңбегі өнімсіз болады.

Стюарт Номимицу Бирмингемнен Токиоға көшкеннен кейін достарымен, туыстарымен хабар алысуды тоқтатқан. Оған оның отбасы алаңдай бастады. Сонымен қатар, олар Номимицудың кеңседе таң атқаннан кеш батқанға дейін жұмыс істейтіндіктен, оны сол жақта тұрады екен деген ойға келген. Жұмыс кестесінің тығыздығы отбасын таңғалдырған әрі сенімсіздік танытқан. Номимицу оларды сендіру үшін арнайы бір апталық жұмысы туралы бейнеролик түсірген де, әлеуметтік желіге жүктеген. Оның видеосы YouTube-та миллионнан аса көрсетілім жинаған. Бейнероликте дүйсенбіден сенбіге дейінгі қарқынды әрі қызу жұмыс күндері түсірілген. Ол бір аптада небәрі 35 сағат ұйықтап, 78 сағат жұмыс істеген және сенбі күнгі 6 сағаты тағы бар.

Номимицу аптасына 80 сағат тынбай жұмыс істеп жүрген. Бір күні ол өзінің үйінде есінен танып қалған.

«Кароси» деген түсінік бар екен, мағынасы – «қалжыраудан өлімге дейін».

Номимицудың осындай шаршауы мен қажуы ұзаққа жалғаспады, алайда оның айуынша, «кейбір токиолық компаниялардың қызметкерлері осындай өмірді жыл бойы сүреді».

Өткен жылдың қазан айында Жапонияның еңбек, әл-ауқат және денсаулық сақтау министрлігі кароси туралы баяндама жасады. Онда әрбір 4-ші қызметкер компанияда (елдегі компаниялардың 23 пайызы) айына 80 сағаттан артық жұмыс істейді.

Аптасына 80 сағат жұмыс істеп талып қалған. Номимицу (суретте сол жақта). Фото: bbc.com

Үйге бірінші болып кетіп қалу – ұжымды сыйламаумен тең

«Жапондықтарда өздерінің әріптестеріне деген сыйластық ерекше. Солай бола тұра, олар өздерінің ойын ашық айтпайды. Сондықтан да, қызметкерлер кеңеседен бастықтарынан бұрын шықпайды. Ол ерте кете ме, кеш кете ме, бәрібір күтеді. Бірінші болып шығып кету – ұжымды бұзумен, сыйластықты үзумен тең», – дейді 26 жастағы Номимицу. Және оның ойынша, шамадан тыс жұмыс істеу денсаулыққа зиян, бір жағынан карьера мен компания өнімділігін төмендетеді.

Аз жұмыс істеген сайын өнімділік көп...

Жалғыз Жапония емес, АҚШ та тұрғындардан берілген уақыттан артық жұмыс істеуді талап етеді екен.

Гэллаптың сауалнамасы бойынша, әрбір америкалық қызметкер аптасына 47 сағат жұмыс істейді, яғни өзгелерге қарағанда бір стандартты (9.00-ден 17.00-ге дейін) толық жұмыс күнінен артық. Соның ішінде, бес адамның біреуі (18%) бір аптада 60 сағаттан артық жұмыс істейтіндіктерін айтқан. Дегенмен, отбасы немесе достарымен өткізетін уақыттарын жұмысқа бөлген, еңбек демалысын да қысқа мерзімге алған қызметкерлер соңғы үш жылда өзге әріптестеріне қарағанда сыйақыны да, жалақыны да аз алғандығы анықталған. «Егер қызмет бабында көтерілмесе, артық жалақы алмаса, онда артық жұмыс істеудің қажеті қанша?» дейді Кэйти Денис – Project: Time Off зерттеушісі.

Жапондықтар үшін бастықтан бұрын үйге қайту – ақылға қонымсыз. Фото: bbc.com

Көп қызметкер басшының келгенінде және кеткенінде жұмыста, кеңседе отыру керек деп ойлайды. Зерттеушілердің ойынша, бұл да – дұрыс емес. «Бәлкім, бастық таңертең кеңседе жалғыз болғысы келеді. Бәлкім, қызметкерлерінің ерте келіп алғанын ұнатпайтын шығар».

Сонымен қатар, адамдар жұмыс барысында үзіліс жасағысы келмейді. Себебі, айналасындағылар оны жалқау, не еңбекқор емес деп есептеп қалады деп қорқады. Сондықтан да, қызметкерлер күні бойы жұмыс істейді, тіпті түскі асын жұмыс үстелінде іше салатындықтары белгілі болды.

Мөлшерден тыс тегін жұмыс қызметкерлерге де, жұмыс берушілерге де тиімсіз. Себебі, жұмыс уақыты 50 сағаттан асып кетсе, еңбек өнімділігі тез бәсеңдейтін көрінеді. Ал жұмыс үстеліне аптасына 70 сағат отыратын адам, артығымен отырған 14 сағатында пайдалы ешнәрсе істемейтіні белгілі болды. Сонымен қатар, ондай «еңбекқор» қызметкерлердің есте сақтау қабілеттілігі төмендеп, өздігінен шешім қабылдауы нашарлайды екен.

Осы жағдайға байланысты, Жапонияның әлемге танымал ірі компанияларының бірі Toyota қызметкерлердің бір жылдық жұмыс уақытын 360 сағаттан асырмайды (яғни қызметкерлер бір айда 30 сағат қана жұмыс істейді).

Сонымен қатар, Германияның BMW мен Volkswagen компаниялары, Американың бірқатар компаниялары да жұмыс уақытына байланысты бірқатар жұмыстарды қолға алып жатыр екен.

Зерттеуші Вандеркам былай дейді: «Егер бір машинаны қолданып жүрсең және оның жағдайына қарамасаң, ол уақыт өте келе, ең керек кезінде сынады да қалады».

Бұл сөз адамдарға да қатысты...

The Qazaq Times

Суреттер: bbc.com


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер