BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Биік өкшелі аяқ киім денсаулыққа зиян

Астана. 4 мамыр. Baq.kz – Қыз-келіншектердің көпшілігі биік өкшелі аяқ киімге әуес. Тіпті, әр әйелдің ең кемінде бір биік өкшелі аяқ киімі болатыны белгілі. Олардың көбі «Биік өкшелі аяқ киім ерлерді бойұсындырудың қаруы» деп есептейтіні де жасырын емес. Алайда, денсаулық тұрғысынан алып қарағанда, аталған аяқ киімдер тәніңізге айтарлықтай зиянын тигізуі мүмкін. 

Биік өкше кигенде, сіз бар салмақты башпайыңызға түсіресіз. Кішігірім өкше башпайға түсетін күшті 22%-ға арттырса, 7 сантиметрлік өкше башпайға екі есе салмақ түсіреді екен.

Алайда, биікөкше кигенде аяқтары ауырмай, өзін жақсы сезінетін қыздар да кездеседі. Мұны олардың табандарының анатомиялық құрылымымен түсіндірсе болады. Қалай болғанда да, дәрігерлер 8 сантиметрлік өкшені аптасына екі-үш рет киюге ғана рұқсат береді. Клиникалық сараптау биік өкшелі аяқ киім киетін әйелдердің жасы ұлғайған сайын әртүрлі бүйрек, несеп ауруларына шалдығатынын дәлелдеді. Мұндай аяқ киім кигенде табанға түсетін салмақ артатындықтан, жамбас бөліміне түсетін қысым да екі-үш есеге артады. Сонымен қатар, дененің алдыңғы бөлігі мен қуық түбіндегі бұлшық еттердің босауы тездейді. Бұл несеп жолы ауруларының ең басты себепкері.

Биік өкшені көп киетіндерде плантарлық фасциит жиі кездеседі, ол – табан сүйегінің үлкеюі. Және үнемі киілетін биік өкшенің әсерінен уақыт өте келе аяқтың тобық артындағы сіңірі өз қалыбынан өзгеріп, жайтабан аяқ киіммен жүру мүмкін емес болып қалады. Бұл жағдай тек ота жасау арқылы ғана емделеді. Сонымен қатар, өкше биіктеген сайын омыртқаға түсетін күш те арта береді. Биік (8см-ден жоғары) өкшелі аяқ киімді ұзақ уақыт киюдің әсерінен омыртқааралық жарық (омыртқа арасында ет өсу, грыжа), бел аурулары, буындардың жылжуы, сіңір созылу сияқты аурулар жиі ұшырайды. Сколиоз (омыртқаның бір бүйірге қисаюы) бар адамдарға биік өкше киюге болмайды, қауіпті. Сондықтан биік өкше кигенде аяғыңыз талып, ауыра бастаса, денсаулығыңызды ойлағаныңыз дұрыс.

Ал, балиғат жасқа толмаған жасөспірімдер мен бүлдіршін қыздардың бұл аяқ киімді киюі – бойжету мезгіліндегі қалыпсыз аурулармен қоса, психологиялық ақау тудыратыны тағы бар. Бұл туралы жапондық ғалымдар жас қыздарға биік өкшеге ерте жастан әуес болу, ол денедегі зат алмасу мен қай айнылымына тікелей ықпал етіп, тамаққа тәбеті тартпайтын болатынын анықтады. Сонымен қатар, мұндай аяқ киімдер әйел мінезіндегі психологиялық ауруға шалдығуға душар етеді.

Жас қыздардың сау денелі, тәрбиелі, салмақты, сұлу мінезді болып өссін десеңіз, аяқ киімнің зардабынан барынша аулақ ұстағаныңыз абзал. 

 

Дана Сағынбек


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер