BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Сый-кәделер қанша тұрады?..

Елімізде тұңғыш рет өткізіліп отырған Азиаданы тамашалауға келетін шетелдік меймандар мен оған қатысатын спортшыларға берілетін сый-кәделер арнайы жасалды. VІІ қысқы Азиадаға қажетті сый-кәделерді жасауға кімдер үлес қосты? Сол сый-кәделердің бағасы қандай? Біз бұған да көз жеткіздік.
 VІІ қысқы Азиада ойындарына қажетті сый-кәделерді әзірлеу мақсатында өткізілген тендерді еліміз нарығында 10 жылға жуық жұмыс жасап, дәл осы салада бай тәжірибе жинақтаған «Әдемі-Ай» компаниясы жеңіп алған. Сөйтіп, дәл осы компания Азиаданың басты демеушісінің біріне айналыпты. Бұл жөнінде бізге «Әдемі-Ай» компаниясының басшысы Баһаргүл Төлегенова: - Халқымыздың ұлттық салт-дәстүрлерге бай мәдениеті мен қолөнерінің, этнографиясының тарихи жәдігерлерін сақтап, оны жұртшылыққа таныстырып отыру - біздің компанияның басты мұраты. Біз еліміз үшін сын сәт болып табылатын - Азиаданы ұйымдастыруға демеуші болумен қатар, кәде-сыйларды дайындау бойынша өткізілген республикалық тендерге қатысуға бел байладық. Бұл тендерге біз «Азиаданың кәде-сыйы болады-ау» деген мақсатта талай-талай дүниелердің эскиздерін жасап апардық. Ұсынған жобаларымыз жүзден жүйрік шығып, жеңіске жетті. Осылайша, ұзын-ырғасы 50-ден астам әртүрлі бұйымдар жасап, олардың барлығын дерлік сатылымға ұсындық. Азиада ойындарының кәде-сыйлары алтын, күміс, хрусталь және полимер сынды материалдардың қоспасымен жасалды. Олардың арасында Азиаданың символы - қар барысы, қар барысы бейнеленген төс белгі, флешка, киімдер мен алуан түрлі сувенирелер, тіпті ұлттық үлгіде жасалған асық та бар. Қысқаша айтқанда, Азиада ойындарына арналған сый-кәделердің арасынан қажетіңізге жарайтын талай дүниені таба аласыз. Тағы бір айтарым, VІІ қысқы Азия ойындарының демеушісі ретінде біздің компания құны бірнеше миллион теңгенің кәде-сыйларын ойынға қатысушы спортшылар мен меймандарға сыйлық ретінде ұсыну мақсатында Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің дирекциясына табыстады. Бұл сөз жоқ, біздің компанияның қысқы Азиада ойындарын өткізуге қосқан үлесі деп білеміз, - деп мәселенің мән-жәйін түсіндірді. «Әдемі-Ай» компаниясынан шыққан біз қала орталығындағы «Заңғар» сауда үйіне келдік. Өзіміз іздеген Азиаданың кәде-сыйларын еш қиындықсыз үшінші қабаттағы ықшам дүкендерден (бутик) таптық. Алдымен назарымызды аударған, Азиаданың символы - «ирби» атанған - Қар барысы болды. Қар барысының үлкені де, ортаншысы да, полимерден тігілгені де, металдан құйылғаны да осында екен! Көлеміне қарай бағасы да әрқилы. Мысалы, үлкен барыс - 7 мың, ортаншысы - 6 мың, ал ең кішкентайының құны - 3800 теңге. Ал Азиаданың символы - металдан құйылған көлемі шағын Қар барысын алғыңыз келсе, біраз қаржыңызды шығындауыңызға тура келеді. Өйткені оның құны - 25 мың теңге! Ал мұның алтынмен «апталғаны» көлеміне қарай - 6 мың теңгеден 38 мың теңге көлемінде сатылуда. Ал Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының алдына орнатылған Азиадаға қанша күн қалғанын көрсетіп тұратын табло көшірмесінің құны - 35 мың теңге! Бұл «Заңғар» сауда үйіндегі бутиктердің бағасы. «Қазақстан» қонақ үйіндегі, «Сити» сауда желісіндегі сауда бутиктердегі Азиада кәде-сыйларының бағалары да әрқилы. Бір ерекшелігі, бұл сауда нүктелерінде «Заңғардағыдай» сый-кәделердің құны да әр алуан екен. Мысалы, бір кәде-сыйдың бағасы сәл төмен болса, енді біреулері 1000 - 500 теңгеге жоғары. Сірә, қай жерде болмасын кәде-сыйларды сатушылар алдымен бірінің бағасын бірі зерделеп алатын да сыңайлы. Қалай десек те, Азиада кәде-сый бағаларының аттыны үркітіп, жаяуды сүріндіретіні хақ. Өйткені қымбат бағалы көлік мінген бүгінгінің қалталы байлары болмаса, қарапайым тұрғынның қымбат бағалы Азиада кәде-сыйларына қаншалықты қызыға қарағанымен, сатып алуға тәуекел ете алмасы анық. Содан біз «қарапайым халықтың қалтасына сай келетін кәде-сыйлар бар ма екен?» деген оймен бутиктердің бірін қалдырмай түгел араладық. Араладық та таптық. Сонда «арзандау-ау» деп тапқанымыз, Азиаданың эмблемасы таңбаланған спорттық бас киім мен шарф - 1200 - 3000, футболка (майка) - 2000 - 3000 мың теңге. Ал сый-кәделердің ең арзаны елімізде өткізіліп жатқан Азиадаға қатысты ұсақ-түйек, бүгінгінің тілімен айтсақ, алуан түрлі сувенирлер мен магниткалар. Мысалы, жалауы бар Қар барысы - 500, магнит значоктар - 300, брелок - 400 - 500 теңге тұрады. Бір қызығы, қаптаған дүкен сатушылары бір-екі нәрсенің бағасын сұрап, «бұлар неліктен сонша қымбат?» деп сұрай қалсаңыз болды, тіл қатпастан кері бұрылып кете барады. Сондықтан біз өзін Шолпан деп таныстырған сатушы келіншекке амалымызды асырып, «бізге шұғыл жағдайда 40-50 адамға Азиаданың алуан түрлі ескерткіш сый-кәделері қажет еді? Қалай алуға болады және қандай бағамен бересіздер, соны білейік деп едік» дедік өзін. Сол-ақ екен, Шолпанның қуанғаны ма, әлде, асыққаны ма, әйтеуір, сүріне-қабына жүріп халқымызға тән ақ көңілдікпен Азиадаға байланысты барлық сый-кәделерді біздің алдымызға жайып салды. Тіпті әңгіме арасында егер көбірек алсақ, онда бағасын әжептәуір түсіріп беретінін де жасырмады. Ал біз болсақ, арзандау бір брелокты сатып алдық та, «Шолпан, саудаңыз жүрсін!» деп игі тілек айтып, бутиктен шығып кеттік. PS: «Бәрін айт та, бірін айт» демекші, біз өзіміз жүргізген журналистік зерттеу барысында «Заңғар» сауда орталығында күні бойы саудаланып жатқан Азиада сый-кәделері бағасының «Әдемі-ай» компаниясы белгілеген бағадан әлдеқайда жоғары екендігіне көз жеткіздік. Көз жеткізіп ғана қоймай, өзіміздің жергілікті алып-сатарларлардың әрекеттеріне таңданып қайттық. Бәлкім, бұл - капитал билеген өмірдің жазылмаған заңы шығар?.. Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=6000&Itemid=2

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер