BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Оралман» фильмінің тұсаукесері өтті

Астанадағы «Сары-арқа» СОО кинотеатрында Ауғанстаннан туған жеріне оралған қазақ отбасының өмірі туралы баяндайтын «Оралман» фильмінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Мәдени іс-шараға ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, «Республикалық радио» ЖШС Бас директоры Мәди Манатбек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер Сламбек Тәуекел, сонымен қатар фильмнің шығармашылық тобы қатысты. Картинаның режиссері – Сәбит Құрманбеков («Секер», «Жиде»).

Фильмді Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Кадам» кинокомпаниясының қатысуымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген. Кинотуындының сценарийін белгілі кинодраматург Нұрлан Санжар Сәбит Құрманбековтің қатысуымен жазған.

«Бұл фильмді түсіруге тек Нұрлан Санжардың сценарийі ғана емес, сонымен қатар репатриация тақырыбына арналған көптеген мақалалар түрткі болды. Жергілікті басылымдардың бірінен Ауғанстандағы соғысқа қатысқан замандасымыз туралы мақала оқыдым, кейін сол бейнені фильмнің кейіпкері етіп алдым. Туған жерге оралған азаматтардың бастан кешетін қиындықтары әлемдегі өзекті мәселелердің бірі. Қай елді алсаңыз да, репатрианттары бар. Кино немесе БАҚ арқылы болсын, осы тақырыпты қозғауымыз қажет. Біздің фильм атамекеніне қоныс аударуды армандайтын қарапайым адам және Отан туралы», - деді фильмнің режиссері Сәбит Құрманбеков.

Картинаның түсіру жұмыстары Тәжікстан астанасынан 150 км. шақырым жерде, сонымен қатар, Қарағанды облысы Приозерск қаласы мен Алматы облысындағы Қапшағай қалаларының маңында жүргізілді. Фильмге еліміздің танымал актерлері: Дулыға Ақмолда, Есім Сегізбаев, Шынар Асқарова, Баян Қажнабиева және басқа да актерлер түскен.

Естеріңізге сала кетсек, «Оралман» фильмінің әлемдік премьерасы Иранда өтті. Тегеран қаласында өткен, 35-ші Халықаралық Фаджр кинофестивалінің «Шығыс панорамасы» атты конкурстық бағдарламасына қатысқан отандық кинотуынды ондаған фильмдер арасынан топ жарып, үздік атанды. 2017 жылдың шілде айында «Оралман» фильмі Астанада өткен XIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің негізгі бағдарламасына іріктеліп, нәтижесінде Бас жүлдені иемденді. Ал қыркүйек айының басында аталған фильм Қазақстанның атынан Татарстандағы Қазан қаласында өткен XIII Халықаралық мұсылмандар киносы фестиваліне қатысып, фильмде басты рөлді сомдаған актер Дулыға Ақмолда «Үздік ер адам рөлі» жүлдесімен марапатталды. Сондай-ақ кинотуынды Брисбен (Австралия) және Оренбург (Ресей) қалаларында өткен халықаралық кинофестивальдердің негізгі бағдарламаларына қатысқан болатын.

«Біздің фильмнің фестивальдік тағдыры әлі де жалғасып жатыр. Бүгінгі күні «Оралман» фильмі 6-шы Забайкал фестивалінің конкурстық бағдарламасына қатысып жатыр, қазан айында өтетін Италиядағы фестивальде де бақ сынайтын боламыз. Сонымен қатар, күздің ортасында Австралияда халықаралық прокатқа шығады, ал келер жылдың басында «Оралман» фильмін итальяндық көрермендер тамашалайтын болады», - деді режиссер.

Қазақстандықтар «Оралман» фильмін бүгіннен бастап (15 қыркүйек) еліміздің кинотеатрларынан көре алады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер