BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Өлгендер қайтып келмей ме?

Осынау фәни әлем есігін әу баста шыр-шыр етіп шырылдап жылап ашып, сонан соң алшаң басып өмір кешіп жат­қан барша жұмыр басты пенделердің бә­рі де ақыр аяғында бақилық болатыны – бұлжымас қағида!

Қайран Бекеңді айтам-ау, Бердібек Соқ­пақбаев аға ше! Ол кісінің ең соңғы шығармасы «Өлгендер қайтып келмейді» деп аталмаушы ма еді. Иә, Бекеңнің сөзі ащы да болса шыңғырған шындық, о дүниеге аттанғандар сол күйі басқа әлем­ге ауысады. Бізден іргесін аулақ салады. Алайда…

1974 жылдың күз айында Алма­ты­дағы Жазушылар одағының үшінші қа­батындағы фойеде (өте кішкентай орын, неге сонда өткеніне осы күнге дейін таң қалам) Б. Соқпақбаевтың жақында ғана баспа жүзін көрген «Өлгендер қайтып кел­мейді» романын талқылау болды. Оны жүргізіп отырған – академик-ға­лым З.Қабдолов. Біз сол жылы журналистика факультетінің бірінші курсына оқуға қабылданғанбыз. Хабарландыру­ды ести сала, Одаққа тезірек баруға асық­тық. Өйткені, Бердібек ағаны көру бір арман, ал дауысын есту – ол өзінше бір бақыт!

Зейнолла ағамыз әдемілеп, бипаздап сөйлеп, роман туралы азды-көпті ой-пікірін білдіріп болды да, бізге қарап: «Енді кім сөйлейді?» деді. «Сендердің ойларың қандай?» дегендей бәрімізге барлай қарап отыр. Өзім жас кезімнен сүйіп оқып өскен жазушым болған соң ба, делебем қозып:

– Мен сөйлейін, – дедім.

Академик ағамыз сол сәтте өз шә­кірті екенімді сезбесе де, «ал сөйле, студент» деп, жылы қабақпен сөз тізгінін берді. Мен өзімді таныстырып, сосын сөзді жалғай бергенімде маған жалт қарады.

«Өлгендер қайтып келмейді» рома­ны­ның алғашқы бөлімі 1970 жылы жа­зушының «Бастан кешкен» кітабында жарияланған болатын. Біз соны сүйсіне оқығанбыз. Кітаптың соңында армияға кетіп бара жатқан бас кейіпкердің «отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын Еркіндерің әлі-ақ оралады» деп айтатын монологы бар еді. Мен соны айтып, алғашқы бөлімнің өте шымыр жазыл­ғанын тәптіштеп кеп, «ал енді мына романның қалған екі бөлімі сәл-пәл әлсіздеу сияқты көрінеді» дедім.

– Маған сондай әсер қалдырды, бұл шын ойым, – деп тағы да шегелеп қойдым.

Сол-ақ екен, Зекең қол шапалақтап жібереді.

– Міне, біз осындай батыл шәкірттер тәрбиелеп жатырмыз, – деді көңілді үнмен.

Мұны жазып отырған себебіміз – сол күнгі кездесуден соң Бердібек ағамен жақын араласып, өте сыйлас болып кеттім. Қаламгер сол кезде Жазушылар одағында кеңесші болып істеп жүр екен. «Мені сарыауыз бала сынады-ау» деп намыстанып, бір жағына қисая қалған жоқ, қайта арқамнан қағып: «Өзің кітап­ты мұқият оқиды екенсің», деп еді.

– Жазғандарың бар ма? – деп сұрады бір күні.

– Балаларға арналған бір хикаят жа­зып жүр ем.

– Онда ертең осында алып кел, бірге отырып оқиық, – деді ағам.

Ертеңіне қайта кездестік. Жазушы ағам хикаятты бастай берді де:

– Ой, мұның не? – деп тоқтап қалды.

– Нені айтасыз?

– Мына хикаятта менің атымды атап­сың. Мен әлі тірімін ғой. Тірілер кейіпкер бола алмайды. Алып таста.

– Сонда-а…

– Әуелі өлгендер жайлы жетістіріп жа­зып алайық, бала! Әруақтардың ал­дындағы парыз деген болады…

Ол кісінің осы сөзі күні бүгінге дейін есімнен кетпейді.

Рас-ау, тірілерді тірілер мақтап, әде­би кейіпкер етіп жазып жатса, бұл тым әбес көрінбей ме! Ал мұндай жағ­дайлар осы күні көбейіп бара жатыр ғой. Тіпті қымсынуды да қойып барамыз.

«Әй, осы қалай болады, а?» деп ойланғымыз да келмейді.

* * *

Иә, өлгендер қайтып оралмайды. Олардың жаны көкте қалқып жүрген болуы да ықтимал.

Жақында Б. Соқпақбаевтың «Өлген­дер қайтып келмейді» романын қайта парақтап отырып, есіме өзіммен қатар­лас шыққан, осы күні ана дүниелік болып кеткен құрбы-достар еріксіз есіме түсті. Көбінің аты көмескі тартып, шығармаларын да шатастыра бастаған екем. Тіршілік деген сол…

Б.Соқпақбаев шығармасы бәрін де қайта есіме салғандай болды.

Біз әдебиет есігін жетпісінші жыл­дардың орта шенінде аштық. Ол кезде қазақ әдебиетінің абыз-ақсақалдары көп еді. Жазушылар одағының алды ығы-жығы болып жататын. Ана тұстан Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин келе жатса, мына тұстан Ә.Тәжібаев, Ә.Сәрсенбаев, оларға ілесе Т.Ахтанов, Қ.Мұхамед­жа­нов, С.Шәймерденов, Т.Әлімқұлов секілді қаламгерлер көзге көріне қалар еді.

Бір тұстан қабағынан қар жауардай боп батыр көкем – Бауыржан Момыш­ұлы шыға келетін.

Мына өмірдің жалғыз еркесі бір өзіндей боп, еркін басып Мұқағали Ма­қа­таев ағатайым да бой көрсететін. Оны көрген кезде:

Махаңдар жоқ!

Махаңдардың сарқыты,

Мұқағали Мақатаев бар мұнда! –

деген жыр жолдары еріксіз көмейі­мізге тығылып тұра қалатын.

Біз олардың сөзіне ғана емес, жүріс-тұрысына дейін қызықтап, алыстан қа­рап тұратынбыз.

Біздің буын ол кезде өте жас еді, балауса, балғын еді. Ішімізден енді-енді көзге түсе бастағандары – Ұ.Есдәулет, Ә. Ас­қа­­ров, С.Абдрахманов, С. Байхонов, Қ. Ер­­­­­гөбек, Е.Бағаев, А.Әлімов, Ш.Әб­ді­кә­рімов, Қ.Түменбай, Ж.Әбілұлы, т.б. бол­ды. Көбісі бірте-бірте ашылды. Келе-келе шыңдалды. Әлгі тізім жетпісінші жыл­дың аяғы мен сексенінші жылдың ба­сында ұзара түсті. Қ.Жиенбай, Ж.Шаш­тайұлы, А.Ыбыраев, С.Ақсұң­қар­ұлы, Т.Әлім­бекұлы, Ә.Меңдеке, Е.Ашық­баев, Қ.Бегманов, Е.Асқаров, Қ.Данабаев, Е.Кіш­­кенеев, Б.Үсенов, О.Мақсұтұлы, Т.Ша­­­пай, Т.Әсемқұлов, С.Оспанов, Е.Рау­шанов, М.Қайыңбаев, Н.Раманқұлов, М.Сыздықов, С.Томанов, Ғ.Жұматов, Ш.Орын­бай, И.Тастанов, Г.Әбілдаева, С.Сатанов, т.б. болып жалғасты.

Бірінен бірі оза шауып, бірте-бірте әде­биетке олжа сала бастаған-ды.

Расын айту керек, біздің буынның басына қиын кезең тап келді. Кітап шы­ғармақ тұрмақ, күн көрудің өзі қиындау болған тұс еді. Сонда да олар қаламын тастаған жоқ. Замана қиындығына қалам қайратымен қарсы тұра білді.

Осы күні газет-журналдарда «кіта­бым екі-ақ мың данамен шығады» деп зар сөзін айтушылар өте көп. Ал менің буыным тіпті екі жүз данамен кітап шы­ғарса да разы болмақшы еді. Қаламақы туралы сөз тіпті айтылмайтын да.

* * *

Бүгін қарап отырсам, менімен тұстас қаламгерлердің көбісі-ақ о дүниелік бо­лып кетіпті. Бірімен қоштасып үлгерсек, ал қайсыбірімен «қош» деуге де шама жетпей қалыпты. Бұл – өмір! Бірақ, бар­лығы да көз алдымда. Бәрінің де бейнесі жадымда жаңғырып тұр.

Мұрат Сыздықов менің курстасым болатын, оқу бітірген соң өмірінің соңы­на дейін Таразда тұрды. Шығармаларын сонда жазды, сол жерден танылды. Әлі есімде, оның «Күміс сақал арыстан» деген повесі «Жалынның» жабық бәй­гесінде екінші орын алды. Көзі тірісінде екі-үш кітап шығарды. Әдемі, әсерлі, нәзік етіп жазушы еді. Ол, әсіресе, бала психологиясының байқампазы бола білді. Соңғы рет 1996 жылы жазға таяу хабарластық.

– Мен «Жетісі берілмеген өлім» деген пьеса жаздым, Тараз драма театры сах­налап жатыр, – деді. Атынан кісі кө­ңілі шо­шығандай екен.

– Ойпырмай, мына пьесаңның аты… – дей беріп ем, ол сөзімді бөліп:

– Келіп қайтсаңшы, – деді. Көріп кетпейсің бе?

Бірақ мен бара алмадым.

Ал арада екі-үш ай өткенде жол апа­тынан қайтыс болды.

Сейітқұл Оспанов екеуміз бірге оқы­масақ та бір жерде біршама уақыт қыз­меттес болдық. Өте таза, сыпайы, ақкө­ңіл жан еді. Өзі қалай болса, жаз­ғандары да солай мөлдіреп тұратын. Маған әсіресе оның балаларға арнап жаз­ған «Ағаш ат» деген кітабы қатты ұнады. Өзі «Жалынның» жабық бәйге­сін әлде­неше рет жеңіп ал­ды. Соңғы шығар­масының бірі – «Құлдар көтері­лісі» 1986 жылғы оқиғаны сөз ететін-ді. Жалпы, Сейітқұл тақырып таңдап жат­пайтын. Ол үшін өмірдің кез келген көрінісі – тақырып! Нені жаз­са да жеріне жеткізе әңгімелей білетін. Әттең, елу жасқа толмай, жүрек ау­руынан көз жұмды.

Артығали Ыбыраев деген ақын жігіт әлі есімде. Оның да шабысы бөлек, сілтесі өзгеше болып келетін.

Қамықпа, досым, қамықпа,

Келер күн бақыт сыйлайды.

Адамдар сыяр табытқа,

Ақындар бірақ сыймайды!  – деп жа­зыпты-ау жап-жас балаң жігіт. Не деген батырлық! Не деген өмірге құштарлық!

Бауыржан Үсенов деген керемет та­лантты жігіт бол­ды. Ол да жастай көз жұм­ды. Өлеңдері ғажап еді.

Күндіз-түні қораңда аба­лаған,

Күзетші боп күн кештім саған, адам!

Тіл бермеген табиғат мыл­қау қылып,

Бақыт тіптен бұрылып қа­ра­маған, – деп жыр төгу­ші еді ол.

Бәлкім, бұл ақынның ар­тында қалған өлең-жырлары соншалық көп те емес болар. Алайда, мықтылық белгісі көлемде ме?

Серік Сатанов – бірге оқыған досым еді. Ол да екі өлең жинағын шығарды да, мәңгіге көз жұмды. Қырық­тың үстінде ғана еді.

– Айыптама ақынды арақ ішкен,

Шайқатылып жүргені дара күшпен!

… Ішсін-жесін, ақынға жарасады.

Әруақтар оттарын жағады іштен!..

– деп жазушы еді ол да. Серіктің жазу мәнері өзінше болды. Өзін­ше өлең өрнектеді. Сонысымен ғажап еді.

Ақындар арасында Е. Асқаров пен Е. Кіш­кенеев бөлекше бітімді болды. Екеуі екі түрлі мінездің ақыны. Бірі әсіресе айтыста кеңірек танылса, екіншісі «Қы­зылқұм циклы» деген топтама өлең­дерімен елді елең еткізді. Екеуі де енді танылып, енді қанат жайып келе жат­қанда көз жұмды.

Мен Қызылордада тұрып та қазақ әде­биетінің ауласына қомақты олжа салуға ұмтылған Қази Данабаев, Ниятолла Ра­манқұлов және Оразбек Мақ­сұтұ­лы­ның қайсарлығына осы күнге дейін таң қалам. Қ.Данабаевтың «Шоң­төбе. Шотай. Бал­дәурен» деген повесі «Жалын­ның» бәй­гесін алды. Ал, Оразбек Мақ­сұт­ұлы аз жазса да, саз жазды. Бәлкім барлық жазған әңгімелері бір кітап та бола қой­мас. Әйтсе де солардың ішіндегі «Па­дашы», «Көк кесе» секілді мөлтек әңгі­мелері өзінің шеберлігімен тәнті ете білді. Оразбектің очерк-эсселері де әңгіме секілді әсерлі оқылатын-ды.

Менің ойымша, Қ.Данабаев та, О.Мақ­­­сұтұлы да жазушылық кәсіпке шындап кірісе алған жоқ. Тиіп-қашып жазды. Әйтпесе, осы күнгі мүйізі қара­ғайдай жазушылардың жуан ортасында есімдері аталып отырар ма еді, кім білген!

Ал Ниятолла Раманқұлов маған туған інідей болды. Әуелі айтыс­кер ақын болып аты шықты. Ол сонымен қабат жазба ақындықты да қатар алып келе жатты. Өзі лапылдап, алып-ұшып тұратын-ды.

Желөкпеміз тынар бір күн, тоқтармыз.

Қайда екенсің құмар қылған мақпал қыз?

Ұясына батқан күндей қызарып,

Киіз үйге кіріп бара жатқан қыз! – деп жыр кестелеуші еді. Осылай төгіліп беруші еді. Өзі мәнерлеп, әсем етіп оқушы еді.  Әттең, дүние-е…

Жұмабай Әбілұлы қазақ әдеби сы­нының қара жүгін көтерісті. Өзі жас­тайынан-ақ «Белинский» деген атқа ие болып еді. Қазақ комедиясын зерттеп, ғы­лым докторы атағын алды. Түркіс­тандағы Қ.Ясауи атындағы халық­аралық қазақ-түрік университетінде жұмыс істеп жүр­ген шағында автомобиль апатынан қаза болды. Арманы асқақ еді, әлі де жаза­тыны көп еді.

Гүлзәкира Әбілдаева есімді қыз тамаша жарқырап көріне бастап еді, кенеттен қайтыс болып кетті. Оның да жаз­ған­дарында от бар болатын. Тәп-тәуір про­зашы болатынына күмән жоқ еді.

* * *

Айта берсек, бұл тізім біраз со­зылары анық. Менің қатарлас дос-жаран­дарымның ішінде таланты зор жігіттер мен қыздар өте көп болатын. Бірақ, амал қанша, тағдыр деген осы!

Сөз ретіне қарай айта кетелік, біз сөз етіп отырған жігіттер мен қыздар мүм­кін өзінің бойындағы талантын түгел танытып үлгермей, о дүниелік болып кеткен шығар. Жазғандары өте аз болуы да ықтимал. Алайда, асылды сол аз дүние арасынан да тауып алуға болады.

Атақты ақын М. Шаханов өзінің «Төлегенге» деген өлеңінде:

– Он том өлең жазғандарды кетті ұмытып кең дала,

Бірақ шағын он өлеңмен он миллион қазақты,

Толғандырған, таңғалдырған Махамбет пен сен ғана! – деп жазған жоқ па еді!

Осы рас сөз! Тіпті он өлең емес, жалғыз өлеңмен не жалғыз әңгімемен де тарихта мәңгі қалуға болады.

Есте қалу демекші, өмірден ерте озған көптеген ақын-жазушылар есімі осы күні мүлде ұмытылып бара жат­қандай. Біз жоғарыда атаған (есімі еске түспегендері де) бар қыз-жігіттердің ең болмаса туып-өскен жерінде іс-шаралар өткізіліп жатыр дегенді естімеппіз. Сонда дейміз-ау, олардың бар жазығы ерте көз жұмғаны ма? Обал-сауап деген болмас па!

Мынадай ұсыныс-пікірімізді айта кетсек, еш артықтық етпес деп ойлаймыз.

Менің тұстарым елуінші жылы ту­ғандар ғой, сол себепті де олардың алды осы күні алпысқа иек артып, ал соңғысы елуден асып отыр. Солардың ішінде көзі тірі бірлі-жарымы болмаса, ана дүниелік боп кеткендердің еш­бірінің мерейтойы өз дәрежесінде ата­лып көрген емес.

Жарайды, мерейтой бүгінгі кезде сон­шалық маңызды да емес болып қал­ған шығар. Әйткенмен, жастай көз жұм­ған қаламгерлерді ұмытпас үшін кейбір мәселелерді есте ұстау да керек болар.

2003 жылы өмірден озған Серік Томанов ақын:

– Көздерімде көлеңке,

Сөздерімде кең өлке!

Келтірмеңдер маған сөз,

Өлтірмеңдер мені ерте! – деп жазып еді.

Ақынның осы сөзі сөз-ақ қой!..

Ең алдымен, тірі жүрген біздер шама келгенше ерте көз жұмған ақын-жазу­шылардың артында қалған азды-көпті мұраларын қайтадан жинас­ты­рып, жеке-жеке кітап етіп шығарға­нымыз абзал-ақ. Тіпті мүмкіндік болып жатса, сол дүниелердің ең үздіктерін орыс тіліне аудартсақ та артық емес.

Сонымен қабат, көз жұмған боздақ қаламгерлер есімін ұмытпау үшін олар­дың атындағы жүлделер (мейлі облыс, аудан көлемінде болса да) белгіленіп, оны өткізуге қызу атсалысу дұрыс-ақ болар еді.

Содан соң, боздақ қаламгерлердің ту­­ған, өскен жерлерінде көше, мектеп ат­тары беріліп, өзі оқыған мектептерде ең болмағанда бір мүйіс ашылғаны жөн-ақ.

Бұл шаралар қазақ әдебиеті үшін, соның мерейін асқақтатуға шама жеткенше аянбай тер төге жүріп, жарық дүниеден ерте аттанғандар есімін ардақ­тау бағытындағы ең бір игілікті шара болары даусыз ақиқат.

* * *

Осы мақаланы жазып отырып, мен тағы да Бердібек Соқпақбаев ағаны еске алдым.

Өлгендер қайтып келмей ме?

Біздіңше, өлгендер есті жандардың есінде, жақсы жандардың жүрегінде һәм шын жанашырдың жадында мәңгі сақталмақ! Жер бетінде өмір барда олар да бар. Өйткені, жас ұрпақ олардың шығармаларын оқып, өмір жолы мен жеткен биігіне баға беріп жатады, тамсана, таңғала сөз етіп, өзара дуылдасып талас құрады.

Бұл, міне, менің қатарлас достарым­ның өмірінің еш болмағанының белгісі. Оның мәңгілік екенінің айнасы. Шығар­малары арқылы келер күндерге аты жететінінің бұлтартпас дәлелі.

Айтқымыз келгені осы еді…

http://www.egemen.kz/310016.html


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер