BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«ҚҰРДАСТАР» қытығыма тиіп болды

Қазірде еліміздегі көрермені көп қазақ тілді телеарналардың бірі - «Қазақстан» ұлттық арнасы. Әсіресе, көк жәшікке телмірген ауыл адамдарына қазақ тілінде хабар таратып, ел жаңалықтарынан да ана тілімізде құлағдар ететін бірден-бір арна осы - «Қазақстан».
Мұнда «Сөз мерген», «Сегіз қырлы», «Көршілер», «Сөнбес сәуле» және кішкене бүлдіршіндер асыға күтетін «Еркетай» сынды бағдарламалар да көпшіліктің көзайымына айналды. Бұдан да басқа «Сен сұлу», «Халық таңдауы», «Меншікті мекен» сияқты хабарларды көргенде көңілің толады. Сондай-ақ өткен жылдың соңына таяу осылардың қатары «Кеш жарық», «Пай-пай шоу» секілді концерттік бағдарламалармен толықты. Оның үстіне, ұлттық арнадан түріктер мен кәріс ағайындардың ұзақ сонар, көп сериялы шым-шытырық телехикаялары да арасы үзілмей, бірінің ізін бірі басып, біршама уақыттан бері көрсетіліп келеді. Қазақ көрерменін көгілдір экранға телмірткен осы телехикаялар басқа арналарға қарағанда сауатты да сәтті аударылған. Яғни аудармашылар қандас бауыр түріктер мен түрлері ұқсас кәрістерді қазақша жақсы сөйлете білген. Мүмкін соданда ма екен, бүгінде «Дон И» мен «Денизге» арбалған ауылдағы ағайындар алдындағы асын ішпеуге бар. Намазы қаза болса болар, бірақ бұл сериялдардың бірін де қаза жібермейді. Кәрі, жасымыз сағат санап теледидар алдында тапжылмай отырып, асыға күтетініміз де жасырын емес. Жә, айтпағым бұл емес. Өткен жылдың соңына таяу осы арнадан бүгінгі ауыл өмірін суреттейтін «Айналайын» атты көп сериялы комедиялық телехикая көрсетілгенін білемін. Елімізге аттары мәшһүр танымал артистер ойнағасын алғашқы серияларына көз салып, көңіл аударғанмын. Оқиға желісі ауыл өмірінің бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында өрбиді. Алайда, көп өтпей-ақ жалыға бастадым. Себебі түсінбедім. Тек Шәкен қарттың қаладан келген орыс тілді немересінің ауылға келіп қазақша үйренгені ғана қазіргі өзге тілде бұлбұлша сайрап, өз ана тіліне келгенде сақауланып қалатын шала қазақтарға аз да болса үлгі боларлықтай екен. «Айналайын» аяғына жеткенде ізін ала «Құрдастар» атты тағы бір комедиялық телехикая басталды. «Бір қызым бар, одан да сорақы» дегендей, бұл телехикая тіптен түсініксіз. Менің түсінігімше, бұл фильмнің айтпағы бала күндерді бірге өткізген құрдастардың бір-біріне адалдығы, достығы жайында. Бірақ фильм барысында оның жұрнағын да көрмейсіз. Артистердің актерлік қабілетінің төмендігі көзге ұрып тұр. Шынайылық жоқ. Хикаяны өмірден алынған деуге мүлдем келмейді. Оқиға желісі түсініксіз. Көз алдыңда мән-мағынасыз көріністер. Дарақы, арзан күлкі, жанұядағы белең алған бейберекеттік, зіңгіттей жігіттердің оңай жолмен ақша табуға ұмтылғаны, біресе маймылға айналып, біресе жартылай жалаңаш әйел кейпіне еніп, қазақ болмысын әжуа қылғаны күлкі шақыра ма? Жоқ, қайта шамыңа тиіп, намысыңды келтірмей ме?! Титтей де болса берер тәлімі жоқ, аз да болса тұщынатын дәмі жоқ құр қойыртпаққа қор болған қайран «Армандастар» әнін айтсаңызшы. «Құрдастар» басталғаннан жұбайым тұрмақ, балаларымның өзі түрлерін тыржитып, теледидар тетігін басып, басқа арнаға ауыстырып жібереді. Қысқасы, бұл телехикаяға отбасымызбен қос қолымызды көтеріп қарсы шығып, наразылық білдірдік. Онсызда балаларымыздың тілі шұбарланып болды. Компьютерден теріс бағытта тәрбиелейтін түрлі атыс-шабыс фильмдер мен ойындарға шектеу жоқ. Осылардың өзі ұрпақ санасын улауға жеткілікті емес пе?! Ал көгілдір экраннан жарты сағат бойы аузыбасын қисаңдатып, қазақтығымызға тән емес, ұлттығымызға жат ерсі қылықтар жасайтын «Құрдастарға» не айтуға болады? Жарайды, қоюшы-режиссерлер бүгінгі күннің шындығын мысқылмен жеткізгісі келген болар. Бірақ сәтті шықпаған. Бұл - менің жеке пікірім. Мүмкін «Құрдастардың» да өз көрермендері бар шығар. Менің пікіріме қайшы да келер. Әйтсе де, «Айналайын» мұның жанында айналайын екен. Ілгеріректе осы арнадан «Атажұрт», «Алтыбақан», «Алтын сақа», «Көкпар», «Аламан айтыс» секілді танымдық тағылымы мол, берері көп, ел сүйсініп көрер бағдарламалар болып еді. Бірақ кейін, өкінішке қарай, көрермен олардан көз жазып қалды. Сол бағдарламалар қалың жұртшылықпен эфир арқылы қайта қауышып, көрерменін көзайым етсе, нұр үстіне нұр болар еді. Бәлкім, соларды көріп, «Құрдастар да» өздерінің келеңсіз қылықтарына ұялар ма еді?! Қуат ӘДИСҰЛЫ, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы. http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=5864&Itemid=2

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер