BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Көкшетауда өнерлі қариялар арасында «Дауыс 60+» байқауы өтті

Фото: Автор

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда қарттарды қолдау айлығы аясында тұңғыш рет өнерлі қариялар арасында «Дауыс 60+» байқауы ұйымдастырылды.

Бұл жоба жастайынан үлкен сахна төрінде өнер көрсетуді армандаған жандардың басын қосты. Тіпті жасы жетпістен асқан қария да домбырасын құшақтай жетті. Залға лық толған көрерменнің басым дені зейнет жасындағы жандар.

Аталған байқауды алғашқылардың бірі болып голландық продюсер Джон де Молем ұсынған екен. Жобаның шарты бойынша қазылар алқасы үміткерді теріс қарап отырып тыңдайды. Дауысы ұнаса, қызыл кнопканы басып, бұрылады.

«Жобада қазылар қатысушылардың бәріне бірдей көңілдерін білдірді. Бұл бір жағынан қарияларға деген құрметтің белгісі болса, екіншіден олардың көңіліне қаяу салмауды ойлағандары еді. Әр қатысушыға қошаметтерін көрсетіп, ду қол шапалақпен қолдап отырған залдың да құрметі үміткерлердің қобалжуын басып, сахнада өзін еркін ұстауына септігін тигізді. Қатысушылар өздеріне ұнайтын қазылар алқасының бір мүшесін таңдау мүмкіндігіне ие болды», - дейді мәдениет қайраткері, музыкалық режиссер Надежда Глазунова.

Бірінші кезеңге шыққан 12 үміткер өз жастарына сай әндерді орындап, ретро шығармаларды залдағы көрермен қосыла шырқады.

«Байқаудың қорытындысы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында шығарылады. Оған дейін қазылар алқасы өздерін таңдап алған үміткерлермен жұмыс істеп, репертуар таңдайтын болады», - дейді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі Айгүл Сәбитова.

Кеш жүргізушілерінің әдемі әзілмен қариялардың көңілін көтеріп, демеп отырғаны да тартымды шықты. Сахнаға шыққан әр қатысушының бұл көптен күткен жұлдызды сәті еді. Әншілікке бет бұрған қарияларға деген ілтипат та ерекше болды.

«Сахнаның безендірілуі, қазылар алқасына арналған айналмалы орындықтар, қызыл кнопка, қатысушылардың сахна сыртында толқынысын жеткізіп, көрерменге бет алғанына дейін бейнетүсірілім арқылы көрсетілуі, бәрі-бәрі кәдімгі телеарналарда ұйымдастырылатын осындай байқаулардан асып түспесе, кем болған жоқ», - дейді Үміт Ертілесова есімді көрермен.

Бағдарлама соңында барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.

Фотолар: Автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер