BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Көкшеде сал-серілер өнерін жалғастырушылар азайып барады

Фото: qazaly.kz

Ән бесігі атанған Көкшеде сал-серілер дәстүрін жалғастырар жас буынның азайып бара жатқанына өнер иелері алаңдаулы. Бұл туралы Көкшетауда өткен ІІІ өңіраралық дәстүрлі әншілер фестивалі барысында айтылды, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Фестиваль алдында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында халық әндеріне қатысты кейбір кемшіліктер туралы, ән сөздерінің көбінің өзгеріске ұшырап, шатастыру мәселелері, орындаушылардың әндердің тарихына бойламай, түсінбей орындаулары жөнінде сөз болды.

Жазушы Жабал Ерғалиевтің пікірінше, ұлттық ән өнері терең ізденісті қажет етіп отыр.

«Кеңес үкіметі саясатының салқыны тиіп, қазақ әні саябырлап қалғаны жасырын емес. Домбыраны мазақ еткен кезеңдер де болды. Өнерде жершілдік болмауы тиіс! Қазір исі қазаққа ортақ ұлыларды әр аумаққа бөліп алу үрдісі белең алып барады. Бұл өнерге жасалған қиянат. Ендігі жерде балаларымызды ұлттық ән-күймен тәрбиелеуіміз қажет. Әлем сахнасында ұлы өнеріміз арқылы ғана таныла аламыз. Осыны жете ұғынуға тиіспіз», - дейді ол.

Өз еліміз бен шетелдерде де дәстүрлі ән өнерін кеңінен насихаттап жүрген дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали дәстүрлі ән өнері жайлы келелі әңгіме қозғады.

Өнер иесі шет мемлекеттерде қазақ өнері жоғары бағаға ие екендігін айтады.

«Германияның Кельн қаласында болған сапарымда «Құлагердің өлімі» спектаклін неміс тілінде тамашаладым. Қойылымда менің орындауымдағы «Маңмаңгер» әнін пайдаланды. Жұртшылықтың қошеметі ерекше болды. Неміс режиссері Ирина Мюллер ән орындаушысының залда отырғанын хабарлады. Сахнаға көтерілдім. Көрермен әнді қайталап орындауымды өтінген соң табан астында «Маңмаңгерді» шырқап жібердім. Көрермен жарты сағат бойы тік тұрып қошемет көрсетті. Осылайша, Ақан әнінің арқасында жұлдызды сәтім туды. Тыңдаушылар сөзін ұқпаса да, әннің мың құбылуын, ғажаптығын айтып тамсанды. Көрермен талғамының жоғарылығына таңқалдым. Сал-серілер өнері қазаққа ғана емес, барша адамзатқа ортақ мұра екенін түсіндім», - дейді Ерлан Рысқали.

Қолдағы бар асыл ән мұрамызды мансұқтамай, барынша қастерлеп, шашау шығармай жиыстырып, дәстүрлі ән өнерін кеңінен насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе беруде зор жанашырлық, ықтияттылық, қамқорлық, кәсіби білгірлік керек екенін айтады зиялы қауым.

«Ән Меккесі атанған Көкшетау өңірі Біржан мен Ақан, Үкілі Ыбырай мен Балуан Шолақ әндерін қаз-қалпында сақтап, сыр-сипаты мен болмыс-бітіміне сызат түсірмей құндауда құнсыздыққа душар болып отырғандығын ащы да болса ашық айтуға тиіспіз. Ең алдымен бұл өңірде белгілі әншілердің орындау шеберліктерін бағалап, үйрету, үйренер талаптары кезінде ескерілмеді. Дәстүрлі ән өнерін насихаттайтын арнайы мектеп жұмыс істемеді, әлі де істемейді. Келе-келе Арқа әнінің әрлі де әсерлі, сәнді де салтанатты, айбынды да ажарлы кескіні көмескі тартып, бұл күнде кезінде Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақпен даңқы асқан өңірде дақпырттың ғана қалғандығын мойындау керек», - дейді жазушы Төлеген Қажыбаев.

Ән меккесі атанған Көкшеде сал-серілер дәстүрін жалғастырар кейінгі буынның азайып бара жатқанына өнер иелері алаңдаулы.

«Ән байқауларында Көкшеден озық шыққан әншілердің бой көрсете қоймайтындығы көңілге реніш ұялататындығы жасырын емес. Бұл аталмыш аймақтарда таланттар сарқылып бітті дегенді әсте білдірмейді, дәстүрлі әншілік өнердің сөніп, кеміп бара жатқандығын аңдатса керек деген пікірді мойындауға мәжбүрлейді. Осы бағытта тұрақты әрі тындырымды шаралар белгілеп, жұмыс жүргізу жағы жетіңкіремей отыр», - дейді республикалық байқаулардың жүлдегері Амангелді Күзеубай.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер