BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Галстук тағудың артында не тұр?

Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімізде есеюдің бір белгісі, жігіт болудың нұсқасы ретінде 5-сыныптан бастап мойнымызға галстук таға бастаған кезіміз есімізде. Біз мектепке бара бастаған жылдары қызыл империяның құлауы себепті пионер болмадық. Сондықтан да біз мойнымызға пионер галстугін емес, осы заманауи «мойын орамалды» тақтық. Сол уақытта галстуктың өзімізді мәдениетті ұстауымызға мәжбүрлей бастағаны да қызық.
 Бала болған соң алыс-жұлыс, қуаласпақ-тығылыспақ, «мұрын бұзбақ» болмай тұрмайды. Мектеп қабырғасында «Бірінші атаман» немесе мектепке жаңа келген баламен «төбелестіру» яғни «Кім мықты?» деген секілді дәстүрлер болатын. Сонда дәл бүгін төбелесе алмайтыныңды, өйткені мойныңда галстук бар екенін айтасың. Сұлу Сәкен (Сейфуллин) жағасын кірлетіп алмау үшін мойнын бұрмай, бүкіл денесімен бұрылып қарайды екен деген аңыздарымыз болатын, сол себепті галстук таққан күні «шікірейесің» де қаласың. Ал бір қызығы, үйге галстугің арқаңа асылып немесе сөмкеңе салынып қайтатындығы. Қызды-қыздымен оның сол жасымызға қажеттігі шамалы екендігін сезіп қоятын болып тұрмыз-ау. Жоғарғы сыныптарға өте бастаған тұста қыздар жігіттің галстугіне, туфлиіне, шаш қою үлгісіне және қол сағатына қарап сынайды екен деп, оны гардеробымыздың тұрақты өкіліне айналдыра бастадық. Мектеп қабырғасында енді-енді өлең жазып, «Мектептің ақыны» бола бастаған шағымызда «шын ақындар галстук тақпайды екен, олардың жағасы ашық, өз болмысы секілді алқам-салқам жүруі керек екен», «Мұқағали галстук тақпапты» деген әңгімелер естіп, галстуктерімді шүлен таратқандай тарата бастағаным бар. Қожанасырдың «Есейе келе өзгерген...» дегеніндей, университет қайта тақтырды. Галстукпен де өлең жазуға болады екен деп шештік. Галстуктің осындай да жыры болған.  Қазір галстукті заманауи адамның киім кию имиджіне енгізбейтіндер де бар. Ол тек қана мемлекеттік қызметкерлердің, оны тағуды талап ететін компаниялардың ғана киім кию үлгісіне енген. Ол - ресмиліктің белгісі. Мәселен, егер мемлекеттік лауазымды қызметкерлер кездесуге галстуксіз келсе, ол кездесудің бейресми жағдайда өтетінін білдіреді. Сондай-ақ президенттердің жеке өмірі немесе белгілі бір мәселелерге жай ғана адамдық көзқарастарын көрсету үшін «Галстуксіз» ұғымы қолданылады. Галстук тағуға тыйым салынған жағдайлар да кездеседі. Мысалы, Италияның Денсаулық сақтау министрі Ферруччо Фацио мемлекеттік қызметкерлердің галстук тағуына тыйым салу жөнінде ұсыныс жасаған. Оның айтуынша, галстук ешқашан жуылмайтын болғандықтан, зиянды микроб таратушы болып табылады екен. Қазір Италияның денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлері галстук тақпайды. Ал Жапонияда «Жұмысқа - галстуксіз» жалпы ұлттық үрдісі басталған еді.  Сонымен, галстук тағу қайдан басталды? Оны кімдер ойлап тапты? Біраз қызықты деректерге жолығамыз. Біздің заманымызға дейінгі үшінші ғасырға жататын мойын орамалдың ең көнесін қытай археологтары тауыпты. Сондай-ақ Рим легионерлері де мойын орамал таққан екен. Яғни оны ауыр сауыттар мойынды қажап жібермеуі үшін қолданған көрінеді. Оның мойын орамалдан қазіргі заманауи галстуктерге дейін өсу тарихының да эволюциясы бар. «Галстук» ұғымы 30 жылдық соғыста хорват әскерлерінің мойнына таққан орамалдарын көрген француз сарбаздары олардан «Бұл не?» деп сұрайды. Оны «Сендер кімсіңдер?» деп сұрап тұр деп түсінген хорваттар «Хорват» деп жауап беріпті. Ал француздар оны мойын орамалдың аты екен деп ұғынған. Демек, француздың cravate сөзі қазіргі галстук ұғымының арғы атасы болып табылады. Ал орыс тіліне ол немістің Halstuch яғни «мойын орамал» деген сөзінен енген. Галстуктың Ресейге, одан бізге келуіне себепкер болған Петр 1-ші екен. Ол Ресейді өркениеттендіру барысында галстук тағуды да міндеттеген.  Ал галстуктің шығу тарихын және оның символикалық мәнін зерттеушілер оны масондық мистерияның бір сипаты ретінде қарастырады. Ал тағы бір нұсқада оны Христостың символы болып табылатын балық эквиваленті ретінде таниды. Галстук тағудың тағы бір сұмдық мәні бар. Оны Ібілістің құрығы деп білетіндер галстук рухани құлдықты көрсетеді деп отыр. Хайуандардың қарғы бауы мен галстукті салыстырмалы түрде қарастырушылар да бар. Біздің қазақылықта да оны иттің қарғы бауына баламаушы ма еді. Галстукті Иуданың ілмегі деп түсінетіндер Иуданың асылып өлуіне сілтеме жасайды. Яғни галстук арғы басын ұстап отырушылары бар дар жібіне де ұқсап қалады. Әрине, мұның бәрі-эзотерика мен мистиканың талқыламасы. Қылмыстық әлемде сатқындық жасаған немесе сөзді сыртқа шығарып қойған адамдардың тілін кеңірдегінен шығарып жіберетін дәстүр бар екен. Оны «Колумбиялық галстук», «Мексикалық галстук», «Сициллиялық галстук» деп атайды. Шынайы өз өмірімізде, америкалық зерттеушілер анықтағандай, оны ұзақ уақыт және қатты етіп байлау түбі көзден қалуға алып келеді екен. Көздің нашарлауы мойын күретамыры мен майда тамырлардың қысылуынан туады. Оның міндетті түрде көз тамырларына әсер ететіні анық. Жоғарыда айтып өткен пионерлердің қызыл галстугінің мәнін де сайтан өрнекке телитіндер де бар. Оның төмен қарап тұрған қызыл ұшы Каббаладан алынған, демек, сайтан символы екен. Галстукті байлаудың отызға жуық түрі бар. Әр түрінің туу тарихы өзінше. Олардың ішінде ең танымал түрлері «Кент», «Ориентал», «Кельвин», «Пратт», «Қасиетті Андрей», «Манхэттен», «Плацбург», «Диоганаль», «Кавендиш», «Балтус», «Аскот», «Висмара» секілді байламдары болып табылады. Әйелдер тағатын галсук түрлері де аз емес. Мәселен, «а-ля Стейнкерк». Оның туу баяны тіпті қызық . Бейқам отырған француздарға ағылшын әскерлері аяқ астынан шабуыл жасайды. Мойын орамалдарын қалыптасқан дәстүрлі этикет бойынша байлап үлгермеген француз офицерлері оны қалай болса солай мойынға орай салады. Ағылшындарға олар тойтарыс береді. Бірақ сарайда жаңа үлгіде галстук байлау сәні пайда болады. Оны «а-ля Стейнкерк» деп атап кетеді. Бүгінгі өмірімізде галстук тағу әр адамның өз қалауына байланысты. Ыңғайлы, ықшам киінуді талап ететін қарбалас кезеңімізде көбіне галстукті ресми отырыстар мен үлкен кештерге, театрлар мен концерт залдарына ғана тағып барамыз. Егер әрбір өз қолданысымыздағы дүниелердің түп-төркінін зерттей бастасақ онда, әрине, көп нәрседен бас тартуымызға тура келер еді. Ерлан ЖҮНІС http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=6003&Itemid=44

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер