Павлодарлықтар ойын-сауық орнының құрылысына наразылық білдірді - Оқиға|06 Қыркүйек 2018, 15:35
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Павлодарлықтар ойын-сауық орнының құрылысына наразылық білдірді

Фото: Автор

Павлодар қаласындағы үш көпқабатты үйдің тұрғындары ойын-сауық орнының құрылысына наразылық білдіруде. Себебі, үшқабатты нысан дәл баспаналарының жанынан бой көтеруі мүмкін, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Бүгінде Короленко 2, 4 және 6 мекен-жайындағы үйде 220 отбасы тұрады. Жер аумағында ондаған ағашты рұқсатсыз отаған кәсіпкер қарсылық білдірген зейнеткерлерді «қайыршылар» деп балағаттаған.

Қос тарап арасындағы түсінбеушілік кәсіпкердің 60-қа жуық ағашты тамырымен бірге жұлып тастаған сәтте басталды. Бұл жасыл желекті зейнеткерлер өздері отырғызған. Кейін бизнесменнің бұл жер аумағын артығымен «жаулап» алғаны белгілі болды. Бұл ретте тағы бір мәселе туындайды, болашақ ғимараттың инженерлік желілері баспаналардың коммуналдық жүйелеріне қосылмақ. Сәйкесінше жылу және су беру жүйелерінің сапасы нашарлайды деген қауіп бар.

Бастамамашыл топ өкілі, педагогикалық еңбек ардагері Розалия Рахимованың айтуынша, кәсіпкер тұрғындарды балағаттап, жергілікті билік өкілдеріне де сөз тигізген.

«Құрылыс учаскесінің иесі мәдениетсіз мінезін көрсетті. Бізді балағаттауға қақысы жоқ. Тұрғындардан кешірім сұрағаны дұрыс. Оны сотқа беруге де барамын», - дейді Розалия Рахимова.

Тұрғындардың айтуынша, ойын-сауық орнының құрылысы барысында санитарлық және өрт қауіпсіздігі ережелері бұзылады. Оған қоса, құжат бойынша сатып алған бизнесмен 608 шаршы метрге қосымша 14 сотықты өз бетінше басып алған.

«Мен бірінші қабатта тұрамын. Үш қабатты ғимарат салынса, пәтеріме күн түспейді. Біздің ауданда бірнеше ойын-сауық орны бар. Тағы біреуі пайда болса, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырыламыз», - дейді зейнеткер Алевтина Шпанагель.

Тұрғындардың дабылынан соң Павлодар қалалық прокуратурасының шешімімен құрылыс тоқтатылды.

«Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарының заңдылығына қатысты тексеріс жүргізіледі. Алдағы уақытта мәселенің мән-жайы анықталады», - дейді Павлодар қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің бас маманы Кирилл Ефремов.

Фото: Автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер