BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Көкшетауда 100-ден астам жер үй сүріледі

Фото: Гүлжан Раманкулова

Көкшетауда Қопа көлінің жағасына жақын орналасқан 100-ден астам жер үй сүріледі. Қаланың бас жоспарына сәйкес, ол маңайдан жаяу жүргіншілер мен велосипед жолағы бар жағажай салынады, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Қопа көлі маңайындағы тұрғын үй ауданының нақты жобалау жоспарында жағалау аймағы мен айналма жол аралығын кешенді абаттандыру, демалыс орындары қарастырылған. Мұнда Қылшақты өзенінде көпір салынып, жағалау бойымен төрт жолақты жол жүретін болады. Бұл жоба бойынша орта мектеп, балалар бақшасы, 9 қабатты ғимараттар бой көтермек. Осыған байланысты ескірген 108 тұрғын үйді сүріп тастау жоспарланса, қазіргі мұндай жұмыс 23 нысанға қатысты жүргізілген.

«Бүгінде сүрілетін үйлер анықталып, олардың баспанасын бағалау жүргізіліп жатыр. Ал аталған жоба бойынша құрылыс жұмыстары келер жылы басталады. Жоба арнайы сараптамадан өткен соң, оған нақты қанша қаржы қажет жұмсалатыны белгілі болады», – дейді қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің жетекшісі Илуа Әбенов.

Тұрғын үйлер жағалауға жақын орналасқандықтан, көктем сайын су басу қаупі зор. Сүрілетін үйлердің барлығы ескі, өткен ғасырдың басында салынған. Қазіргі есеп бойынша 108 жер телімі тұрғындардан сатып алынады.

«Алдымен жол салынады, су құбырлары мен кәріз жүйесі тартылады. Бұл ауданның дамуына осы инфрақұрылымның жоқтығы кедергі келтіруде. Жағалау ретке келтіріліп, құм төселеді. Ағаштар егілмек. Балабақша мен мектеп салу жоспарда бар. Осыдан кейін Қопа көлінің жағалауы инвесторларды тартуға лайықты болады. Тұрғын үй кешендерін кәсіпкерлер есебінен салу көзделіп отыр. Әзірге жер телімдерін сатып алу құны нақты белгіленген жоқ. Оны тәуелсіз бағалаушылар айтады. Ал, жергілікті билік өкілдері тұрғындарға өтемақы немесе жаңа пәтер ұсынуға дайын», –дейді И.Әбенов.

Қала тұрғындары үшін тағы бір жағымды жаңалық, орталық базар маңындағы контейнерлер мен сауда үйі сүріліп, оның орнына 2400 орындық мектеп пен 280 бүлдіршінге лайықталған балабақша бой көтереді. Ал Бармашино ықшам ауданында енді бірде-бір жер үй қалмайды.

«Сарыарқа» ықшам ауданында «Тұрғын үй жинақ банкі» салымшылары үшін тоғыз қабатты төрт үйдің және әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға арналған бес қабатты арендалық 6 үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Бұған қосымша, жалға алушылар қоныстанатын дәл осындай 10 көпқабатты үйдің құрылысы басталып отыр.

«Жалпы, биылғы жылы 132 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл қорытындысымен бұл көрсеткіш 180 мың шаршы метрге жетпек. Бүгінгі күні қалада 34 үй салынып жатса, жыл аяғына дейін 18 көпқабатты үйдің тұрғындары пәтер кілтін алады. Сондай-ақ, инфрақұрылымның дамуы есебінен, келесі жылы 200 мың шаршы метрлік тұрғын үйлер құрылысы басталмақ. Қала тарихында мұндай құрылыс қарқыны бұрын болған емес», – дейді қала әкімінің орынбасары Иван Юрченко.

Қалада «7-20-25» бағдарламасымен пайдалануға берілген алғашқы 9 қабатты тұрғын үйді «Үй құрылысы» комбинаты тұрғызған. Пәтер алушылар бұл үйдің әр шаршы метріне 153 мың теңгеден төлеген.

«Қазақстанның тұрғын ұй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы облыстық филиалының өкілдері депозит ашу үй алуға тамаша мүмкіндік екендігін айтады.

«7-20-25» бағдарламасына қатысу үшін пәтер құнының 20 пайызын қайткен күнде де жинау қажет. Оған қоса, банк салымшылары үшін қолайлы «Өз үйім» бағдарламасы да жүзеге асырылып жатыр. Бұл банктің өзінің ішкі бағдарламасы. Оған да қатысу үшін салымшыларға барынша аз талапты орындау, атап айтқанда, 20 пайыз көлеміндегі бастапқы жарна жинау қажет. Кейін жылдық мөлшерлемесі төмен пайызбен заем алуға болады, – деп түсіндірді «Қазақстанның тұрғын ұй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы облыстық филиалының бөлім меңгерушісі Әсет Боранбаев.

Қазір облыстың 35 мыңнан астам тұрғыны «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» депозит ашып, қаражат жинауда. Дегенмен, көп азаматтар тұрғын үй кезегіне тұрып, банктен депозит ашқанымен, пәтер жалдап тұратындықтан, тиісті қаражат жинау қиын екенін айтады.

«Кей отбасылардың қаражат жинау мүмкіндігі жоқ екендігі белгілі. Алайда, банк арқылы баспана алудың ең басты жолы – салымшы болу. Қаражат жинағандардың ғана пәтер алуға мүмкіндігі бар. Банктен шотты жай ғана ашып қою жеткіліксіз. Жеті жыл бұрын ашып, 10 мың теңге ғана салған тұрғындар да бар», – дейді Ә.Боранбаев.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер