BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Оралмандарға салынған үйлер заңсыз пайдаланылып отыр

Фото: Автор

«Нұрлы көш» бағдарламасы арқылы салынған үйлер заңсыз жалға беріліп отыр. Бұл туралы Көкшетау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

Ауылда өткен кездесуде қалалық мәслихаттың депутаттары тұрғындардың өтініштеріне құлақ түрді.

«Нұрлы көш» бағдарламасының шикіліктері төңірегіндегі дау-дамайға әлі нүкте қойылмай тұр. Құрылысты салу кезінде кеткен кемшіліктерді тұрғындар әлі түзетумен әлек.

«Осында он жылдан аса уақыт тұрып жатырмыз. Мұндағы тұрмыстық-әлеуметтік мәселелердің түйіні қашан шешілері белгісіз. Ауылды тұрғызар алдында инфрақұрылым толық жасалады деп сендірген. Бірақ бәрі аяқсыз қалды. Бәрінен бұрын үйлердің апатты жағдайда екені жанымызға батады. Бастапқыда жөнді салынбады, іргетасы дұрыс қаланбады, үйлер жазғы баспаналарға арналған құрылыс материалдарынан салынған. Қабырғаларында ауқымды сызаттар пайда болып, жауынды күндері су тамшылайды. Еденге цемент қана төселген. Үйіміз үнемі дымқыл тартып тұрады, әрі суық», – дейді «Нұрлы көш» ауылының бастамашыл тобының атынан келген Жырғау Туғанбай.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мәліметтеріне үңілсек, 274 үйдің біреуі ғана жекешеліндірілген. 2009 жылдан бері жалдау құны төленбеген. Көбі заңсыз пайдаланылып отыр. Баспананың бір шаршы метрі 88 теңге, айына 6 мың теңгеден есептеледі.

«Қоныстанушылар әуел баста «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» депозит ашып, қажетті соманы жинап, пәтерді өз аттарына ресімдеп, кейін қалған соманы өтеуге тиіс болатын. Баспана 3 млн теңгеге бағаланған. Бірақ жылдар өте үй ескіретіндіктен, бұл сома төмендейді. Қазіргі уақытта акт жасалуда. Тұрғындарға жаңа төлем бойынша келісімшарт беріледі. Бірақ олардың көбі жылдар бойы жалға алу құнын төлемегендіктен, қарыздары шаш-етектен. Балаларын да тіркеуге қоя алмай отыр. Пәтерлердің 70% заңсыз жалға беріліп отыр», – дейді қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Жанар Рахметова.

Тұрғындардың айтуы бойынша, бұл үйлерде әлі күнге дейін ешқандай құжат жоқ. Сол себепті де оған тіркеуге тұру мүмкіндігі қарастырылмаған.

«Біз төлем жасаудан қашпаймыз, алайда бұл үйлер тұруға мүлдем жарамсыз. Жыл сайын жөндеу жүргіземіз. Бұған дейін екі ұйымға жалға алу құнын төледік. Бірақ ол ұйымдар банкротқа ұшырағандықтан, алаңдаулымыз. Қанша сома қалғанынан да бейхабармыз, сол себепті үйді жекешелендіре алмай отырмыз», – дейді тұрғындар.

Красный Яр селолық округінің әкімі Нұрлан Айсиннің айтуынша, ауылдағы тұрғындардың саны 1400-дей. 194 бала мектепте оқыса, 192 бүлдіршін балабақшада тәрбиеленуде.

«Ауылда жеке кәсіпкерлер 180 түп ағаш отырғызған еді. Бірақ күтіп-бапталмағандықтан, бәрі қурап қалды. Биыл жергілікті бюджеттен бөлінетін 3 млн теңге қаражатқа ауыл айналасына ағаш егу жоспарланып отыр. Сондай-ақ жол жөндеуге де қаражат бөлінді. Спорт алаңын қалыпқа келтірдік», – дейді Красный Яр селолық округінің әкімі Нұрлан Айсин.

Тұрғындар «Нұрлы көште» балабақша, мектеп салуды, ауылды абаттандырып, жол салуды сұрап отыр. Балалар ойын алаңы сапасыз салынған. Екі рет жөндеу жүргізілсе де, құралдар тағы қираған.

«Красный Яр селолық округі әкімдігінен бір маман бөліп, осында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында этноауыл ашылғанын қалаймыз. Ол үшін бізде бәрі дайын. Он шақты киіз үйіміз, үй жануарлары бар. 30-дан аса ұлттық тағам түрлерін және 100-ге жуық халықтық-қолданбалы өнер үлгілерін дайындай аламыз. Сондай-ақ, бірнеше жылыжай орнатылса, облыс орталығын көкөніспен қамтыр едік. Әрі қосымша жұмыс орындары ашылып, селодағы жұмыссыздық деңгейін азайтуға мүмкіндік берер еді. Жұмыс іздеп 40 отбасы басқа өңірлерге көшіп кетті, 80 үй жалға берілуде», – дейді Жырғау Туғанбай.

Мамандар «Нұрлы көш» тұрғындары жылдар бойы коммуналдық төлемдерге ақы төлемей келетіндігін айтады.

«Қала әкімдігі мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне жалға беріліп отырған пәтерлер иелерін анықтауды жалғастыру тапсырылды. Егер келісімшарт жасаудан бас тартқан жағдайда сот арқылы үйден шығаруға дейінгі шаралар қолданылмақ»,–дейді қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Жанар Рахметова.

Кездесуде ауылдағы бала санын нақтылау қажеттілігі айтылды. Әкімдік мәліметіне сүйенсек, жалпы 386 бала тіркелген. 45 бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Ал тұрғындардың айтуларына қарағанда, ауылда 600-ден аса бала бар. Нұрлы көште заңды құжаттары болмағандықтан, көп ата-аналар балаларын басқа елді мекендерге тіркеуге мәжбүр болып отыр.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер