BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Көкшетауда көмір жеткізуде кедергі жоқ

Биыл Көкшетауда көмір жеткізуде кедергі туындамайды. Бұл туралы қатты отын жеткізуші кәсіпорын басшыларымен өткізілген жиын барысында айтылды, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Соңғы күндері қалаға кеніштерден 18 вагон көмір жіберілген. Күніне 100-120 тонна көмір босатылуда. Вагонға жауаптылар "Қазақстан темір жолы" тарапынан ешқандай кедергі жоқтығын айтып отыр.

Дегенмен әкімдіктегілер жеке сектор тұрғындарын көмірмен қамтамасыз етуде білгілі бір қиындықтар барын мойындайды. Көмірге қатысты дүрбелең оны сатып алатындар қатары өскенде туындайды. Суықтың келуімен, мұнда ұзын-сонар кезекке тұрушылар қаптайды. Қала басшысы тұрғындарға қысқа дайындықты созып алмай, дер кезінде жүргізуге шақырды.

«Жылу маусымында ұзын-сонар кезек, бағаның шарықтауы сынды кедергілер болмауы тиіс. Көмір сатылатын теміржол тұйықтарының жағдайын тексеріп шықтық. Барлық жерлерде техника саны жеткілікті, тұйықтар көмір қабылдауға дайын. «Қазақстан теміржолымен» үнемі байланыс жасап, көмірдің тоқтаусыз жеткізілуі қадағалануда. Дегенмен, тұрғындарға айтарым, қазірден бастап көмірді сатып ала бастау қажет», – дейді қала әкімі Ермек Маржықпаев.

Мамандар былтыр вагондардың жетіспеушілігінен көмір тапшылығы орын алғанын айтады. Қалада қатты отынның екі айлық қоры жинақталған. Көмір түсіретін техникаға байланысты да еш қиындықтар жоқ. Қазір қатты отын барлық жерлерде сатылып жатыр. Тоннасы 13500 теңгеден босатылуда.

«Көмірдің әр жолғы тасымал көлемі әртүрлі болатындықтан, сұранысқа байланысты аталған отын түрі кейде ерте таусылады. Бірақ, мұндай жағдайда қойма көп ұзамай толтырылады», – дейді «Сэус» серіктестігінің директоры Игорь Левченко.

Қала бойынша қазір жағдай тұрақты. Қоймада көмір қоры бар. Бірақ жеке сектор тұрғындарына вагоннан жаңа түскен ірі көмір қажет екенін айтады жеткізушілер.

«Отын базаларында көмір жоқ емес, бар. Тек тұрғындар қызуы жақсы сапалы отын алғысы келеді. Елімізде Шұбаркөлдің көмірі үлкен сұранысқа ие. Бұл көмірдің сапасы жоғары әрі күл аз қалады деп біледі жұрт. Бірақ қатты отынның бұл түрін дилерлерден аз мөлшерде аламыз», – дейді «Норд Уголь» ЖШС директоры Ануар Мамлин.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер