BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Алматыда құлтемірлер күш сынасты

Фото: Автор

Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде KazRobotics 2018 атты алматылық балалар жасап шығарған роботтар сайысы өтті, деп хабарлайды Вaq.kz аймақтағы тілшісі.

Бұл жарыс 2015 жылдан бері бері тұрақты өткізіліп келеді. Биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр. KazRobotics 2018 – КazRoboProjekt және KazRoboSport деп екі түрлі сайыстың басын қосқаніріктеу сыны. Жобалар жарысы республикалық деңгейде Астанада өтетін болса, спорттық жарыс қазан айында Павлодар қаласында өтпек.

Фотосурет: Автор

«Сонымен қатар мастер класс өткізіледі. Онда робототехника бойынша өз өнімін дамытып жүрген жастар тәжірибесімен бөліседі. Сайыстар жыл сайын күрделеніп келеді. KazRoboSport Робосумо, Кегельринг, лабиринт сияқты сайыстардан тұрады. Биыл Кегельринг, лабиринт қосылды. Оның алдында тек қана сумо мен жарыс қана болған. Енді сайыстардың саны 4-ке жетіп отыр. Және лигаларға бөлініп отыр» - дейді Қазақ ұлттық университетінің Механика кафедрасының аға оқытушысы Жылқыбаева Салтанат.

Робосумода роботтар сайысып, бірі екіншісін алаңнан шығарып тастауы керек болса, лабиринтте белгілі бір траекториямен робот жүріп өтуі тиіс. Кегельринг шар тастарды алаңқайдан шығарып тастау үшін жарысқа түседі. KazRoboSport деңгейлеріне байланысты үш лигадан тұрады. А лигасы жаңа қатысып жүргендерге арналған. Олар Алматы қаласы бойынша сайысқа түседі. В лигасы – республикалық деңгейде өнер көрсетсе, С лигасының жеңімпаздары Қазақстанның атынан халықаралық жарыстарға қатыспақ. Балалардың жұмысына қойылатын талап та қатаң. Қазылар роботтарды түрлі қырынан електен өткізеді.

Фотосурет: Автор

«Жобалар сайысы түрлі тексерістен өтеді. Біріншісі, плагиатқа тексеру жүргізіледі. Яғни, жобаны кімнің жасағаны, идеяның біреуге тиесілі-тиесілі еместігі жіті қадағаланады. Содан кейін ғана сайысқа қатысуға рұқсат беріледі. Екіншісі, теориялық жағынан түсіндіре алуына мән беріледі. Электроникасы, бағдарламасы, техникалық қыры да тексеріледі. Үшіншісі, қаншалықты қажеттілігі бағаланады. Яғни, бұл робот қажет пе? Сатыла ма? Сұраныс бар болса,ол адамдарға қажет деген сөз. Осы үш талапқа сай келсе, жүлделі орын беріледі. Өткен жылы Мәскеуде өткен жарысқа Алматы қаласының екі командасы қатысып, бірінші және екінші орын алып келді. Биыл да жүлделі орындарды иелендік. Бұл робототехникадан Қазақстанның деңгейі көтеріліп келе жатқанын көрсетеді, - дейді Қазақ ұлттық университетінің Механика кафедрасының мұғалімі Бекзат Аманов.

Расында да, балалардың ұшқыр ойлары осы саланың мамандарын да таң қалдырып отыр. Тың идеялар бар. Мәселен, талантты балалардың бірі есту-сөйлеу қабілеті жоқ адамдардың қоғамнан тыс өмір сүрмеуі үшін сөйлейтін қолғап жасап шығарған. Мылқау адам жест арқылы сөйлесе, қолғаптағы динамик арқылы не сөйлегені естіледі. Яғни, ым-ишараны дыбысқа айналдыру құрылғысын ойлап тауып отыр. Бұл жобаның ғажайыбы мұнымен де шектелмейді. Браслеттегі түймесін басса, ол кординаттары арқылы 101, 102, 103 нөмірлеріне қонырау да шалады.

Жас өнертапқыштар Қажымұхамбет Рейімбаев, Омар Құрбанәлиев, Жанарыс Мейманқожаев Ресейдегі Кемерова қаласындағы қайғылы оқиға қатты әсер еткен. Үш дос ойлана келе, сондай алапат өртте адамдарды құтқаратын робот ойлап тауыпты.

Фотосурет: Автор

«Бұл төтенше жағдайда құтқару операциясы деп аталады. Кемеровадағы оқиға естеріңізде болар. Өрт болған ғимаратқа өрт сөндірушілер кіре алмай қалды. Сондай жағдайларда осы роботты жіберетін боламыз. Бұл робот жүрген жері туралы бізге ақпарат беріп отырады. Ол ақпарат үш тілде жеткізіліп отырады. Сосын әр бөлмелерге кіріп, ультрадыбыс арқылы адамдардың бар-жоғын тексереді. Адам болса, оны көтеріп алып шығады», – дейді олар.

Жасөспірімдер бұл роботты әлі жетілдіруді жоспарлап отыр. Датчиктердің санын көбейте түспек. Соның арқасында қай жақтан түтін шықса, сол жаққа өздігінен жүретін болады. Ғимарат ішіндегі температура туралы және басқа да ақпараттарды беріп отырады. Бұл робот, тіпті адам денесінің температурасына қарай, адамның тірі не өлі екенін де ажырата алады екен.

Тоқбергенов Нұрәлі болса, күн көзінен қуат алатын, жүре алмайтын адамдарға арнап робот арба жасап шығарған.

Фотосурет: Автор

«Бұл робот жасыл энергия қуатына негізделіп жасалған. Біз жаяу жүргіншілер мен велосипед жолақтарына қоса, роботтарға арналған жолақ жасауды ұсынамыз. Мүмкіндігі шектеулі жандар батырманы басу арқылы өзі баратын мекемені таңдайды. Робот оны қалаған жеріне жеткізіп береді. Ол көшеде жүргенде дабыл-сигнал әрдайым қосылып тұрады. Қозғалыс кезінде робот қандай да бір кедергіге жолықса, робот қозғалысын кілт тоқтатып белгі береді. Кедергі жойылғанға, қозғалыс жалғасады», - дейді жас өнертапқыш.

Жарысқа түсіп жатқан балалардың да жас ерекшеліктері әртүрлі. Мектеп оқушыларынан бастап колледждің, университеттің студенттері де бар. Бұған алты жастан 21 жасқа дейінгі балалар мен жастар қатыса алады екен. KazRobotics 2018 балаларға кәсіби бағыт-бағдар беретін, тәжірибе алмасып, білімі мен білігін, талабы мен талантын шыңдайтын, болашаққа жол ашатын шара болып отыр.

Фотосурет: Автор

"Техникаға қатты қызығатын балаларды көріп отырмыз. Болашақта олардың бізге оқуға түскенін қалаймыз. Сонымен қатар біздің универститеттің мүмкіндігін де көрсетеміз. Балалардың мұғалімдерімен танысып жұмыс жасап жатырмыз. Жалпы біз мектептермен ұдайы жұмыс істеп келеміз. Ғылыми жобаларға көмек көрсетеміз. Бұрынғы ғарыш мектебі – 48 мектеп-лицеймен 5 жылдан бері жұмыс істейміз. Өзге мектептерге де барып жүрміз. Робототехника бағыты күшті дамуы тиіс. Бұл саланы жаңа деңгейге көтергіміз келеді», дейді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Механика кафедрасының меңгерушісі Зауре Рақышева.

KazRobotics «Жас Отан» және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ атынан ерекше көзге түскен балаларға жеке-жеке әзірлеген сыйлықтар тапсырды.Басты бәйге, әрине, республикалық жарысқа жолдама.

Фото автордікі


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер