BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ақмоланың 22 елді мекені ауыз сумен қамтылмаған

Ақмола облысының 22 елді мекені сапалы ауыз сумен қамтылмаған. Тұрғындар құдықтан немесе тасымалданатын суды ақшаға сатып алуға мәжбүр болып отыр, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Өңірдегі 607 ауылда 500 мыңға жуық халық қоныстанған. 357 село орталықтандырылған сумен қамтылған. Ал 22 елді мекен әлі күнге ауыз суды тасып ішуде. Осы мәселені шешу үшін биылдан бастап бірқатар жаңа жобаларды іске асыру көзделуде.

Ақмола облыстық құрылыс басқармасы жетекшісінің орынбасары Манапхан Қансейітовтың айтуынша, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылыс пен коммуналдық салада жаңа заманғы технологиялар қолданылуда.

Биыл ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту бойынша 21 жобаны жүзеге асыруға республикалық және облыстық бюджеттен 5 миллиард теңге қаражат бөлінген.

«Заңнамаға сәйкес нысандар құрылысы жобасында энергия үнемдегіш материалдар қолданылуы тиіс. Қазір бұрынғыдай су мұнараларын тұрғызу қажет етілмейді. Оның орнына «Wilo SE», «Grundfos» сияқты танымал фирмалардың насос станциялары қолданылады. Қондырғылардың басқару жүйесі толығымен автоматтандырылған, мұның өзі энергияны барынша үнемдеуге мүмкіндік береді», – дейді облыстық құрылыс басқармасы жетекшісінің орынбасары Манапхан Қансейітов.

Бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында 200 адамнан кем тұрғын орналасқан елді мекендерде су тазарту жүйесі бар кешенді блок-модульдар орнату жоспарлануда. Бұл шағын ауылдарды сапалы ауыз сумен қамтуға мүмкіндік береді.

«Инновациялық энергия үнемдегіш технологиялар әлеуметтік нысандар құрылысында да қолданылуда. 2016 жылы пайдалануға берілген Бурабай ауданының Атамекен селосындағы дәрігерлік амбулаторияда фотоэлектрлік жүйе жұмыс істеуде. Кенесары ауылындағы медициналық мекеменің көше шамдары күн сәулесінен қуат алады. Ал ғимараттың ішіне энергияүнемдегіш жарықдиодты LED-шамдар орнатылды», - дейді М. Қансейітов.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер