BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Жат ағымның жетегінде кеткен 500-ден астам азамат райынан қайтқан

Фото: ашық дереккөзден

Алматы, BAQ.KZ. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мәліметіне сәйкес бұл жыл бойы жасалған күрделі жұмыстың бір көрінісі. Себебі, жат діннің жетегінде кеткен әр азаматпен жекелей жұмыс істеу оңай шаруа болмай тұр. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.

«Олардың да ол бағытқа кетуі бірден болмайды. Ол жәйлап уағыз тыңдау арқылы болады. Немесе материалдық көмек алу арқылы. Сондықтан осы жағын да қарай, зерттей келе бәлкім біреуге материалдық жағынан көмек керек болар, қайырымдылық керек болар деп сол арқылы оның бетін бері қайтарамыз. Біреуге діни насихат жетіспейді. Сол жағынан алып келеміз», - дейді ҚМДБ Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы.

«Адасқанның алды - жөн, арты - соқпақ, Оларға жөн - арамның сөзін ұқпақ». Абайдың сөзі теріс ағымды насихаттайтындарға да қарап айтылғандай. Психолог Гүлжан Мырзақұлованың радикалды топ қатарында болған азаматтармен жұмыс істегененіне біраз жылдың жүзі болған. Теріс ортаға тап болатындардың психологиялық бейнесі мынадай екен:

«Түскенге дейінгі адамның психологиялық ерекшелігі 2 топқа жатқыза алар едім. Билікке жеткісі келетін адам, екіншілері бағынушы тип. Яғни тәуелді тип деп айтады психиологияда. Біреуге тәуелді болмай жүре алмайды. Соның заңдарымен бағынып жүреді», - дейді психолог Гүлжан Мырзақұлова.

Діни басқарманың мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылы 347 адамнан құралған республикалық, жергілікті ақпараттық-насихат тобы бірқатар кездесулер өткізіпті. Бірақ, радикалдармен күресте әлі де кемшіл тұстар жоқ емес.

«Муфтият тарапынан болсын, полиция тарапынан болсын, арнаулы мекемелер болсын, акиматта болсын, дін істері басқармасында болсын, қайсында болсын осы мәселемен айналысатын мамандар тапшы. Ең бастысы әдістемесін үйрету, тәсілін үйрету. Себебі, Қазақстан Республикасы бұл мәселеде тізеге салып сындыру емес, жәймен жұмсақ түсіндіруді қолға алдық. Өте дұрыс бағыт деп ойлаймын», - дейді «Шаңырақ» діни кеңес беру және оңалту орталығының жетекшісі Мирхат Мадияров.

Адасқанның да айласы бір кісідей. Насихат жұмыстарының басы қасында жүргендер осылай дейді. Алдымен «болдым, қойдым» деп, артынан қайта бүлінетіндер де табылыпты. Бірақ, тәжірибелі мамандар ондай әдістің құйрығын бірден кесетін көрінеді.

«Біреуі әлеуметтік жағдайы төмен болуы мүмкін. Біреуде әлеуметтік жағдайы бар. Оған насихат дұрыс бармаған. Келіннің бетін кім ашса сол ыстық дегендей оның бетін ашқан ұстазы, шейхы бас жат ағымдағылармен кездесіп қалып, солар ашып кеткен болуы мүмкін. Ол жағын қарастыра келе ойлап жүрген ойлары біржақты екенін дәлелдеу үшін арнайы діни тұрғыдан материалдарды апарып, көзін жеткізіп дәлелдеген кезде ғана райынан қайтып жатқандар бар», - дейді ҚМДБ Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы.

Қалай болғанда да, жат ағымның жетегінде кеткендерді бірден қайтару оңай емес. Айлап, тіпті жылдап жұмыс істеу арқылы ғана көзқарастарын өзгеруге болады. Қазірдің өзінде арнайы жобалар қолға алынған. Атап айтсақ, республиканың әр өңірінен теріс ағымды насихаттайтындар әрі солардың жетегінде жүргендер көп жиналатын 2 мешіттен таңдалып, арнайы теологтар жіберіліпті. Ендігі үміт білімі жоғары, сауатты мамандарға артылып отыр.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
30 Желтоқсан 2018, 18:34
500 МЫҢ ТЕҢГЕ АЙЛЫҚ ТІЛЕЙМІН!
Пікірлер