BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Отан өзін қорғаған ұланын ұмытпайды

Фото: Нұржас Жақсыбай

Биыл Пшихавр шатқалында қаза болған 17 жауынгерді еске алу күніне 23 жыл толды. Осыған орай Астанада еске алу шарасы өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1993 жылғы 15 сәуірдегі «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының тәжік-ауған учаскесіндегі шекарасын қорғауды күшейту туралы» қаулысына сәйкес жауынгерлік міндеттерін орындау кезінде өшпес ерліктің үлгісін көрсеткен қазақстандық жауынгерлерді еске алу шарасы еліміздің Әнұранымен және қаза болған жауынгерлерді еске алған бір минуттық үнсіздікпен басталды.

Халықаралық келісімге сәйкес қазақстандық жауынгерлер 1993 жылдың маусымынан 1999 жылдың тамызына дейін тәжік-ауған шекарасын күзетуге қатысты. Осы 6 жылда кезекті ауысым түрі бойынша 20 құрама рота құрылып, 2 мыңнан астам сарбаз бен сардар жауынгерлік тапсырманы орындады. 1995 жылдың 7 сәуірінде Памир тауындағы Пшихавр шатқалында болған қарулы қақтығыс кезінде Ұлттық ұланның 17 жауынгері ерлікпен қаза тапты.

«Бұл оқиға өзім қатыспасам да, менің өмірімде өз ізін қалдырды. Және өзім арнайы қадағаламасам да дәл осы оқиғамен өте жақсы таныспын. Олай дейтінім 1995-1997 жылдары Жаркенттегі 74261 әскери бөлімшесінде батальонның саяси істер бойынша орынбасары болып әскери борышымды өтедім. Сол кезде біздің батальоннан көп жігіттер тәжік-ауған шекарасын қорғауға аттанды. Жеке өз ротамнан үш жауынгер кетті сол міндетке. Құдайға шүкір, бәрі де аман-есен оралды. Олар келген соң да өздерінің әскери борыштарын өтеуді жалғастырды. Алайда солардың шекара шебінде көргендерін, бастан өткізген қиыншылықтарын, қандай жағдайда болғандарын айтқанда, өз басым қатты әсерлендім. Бұның әскери біліктілік жөнінен де, кейінгі ұрпаққа берер патриоттық тәрбиесі де өте жоғары» – дейді «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев.

"Тәжік-ауған шекарасындағы әскери қақтығыстарға қатысушылардың" РҚБ төрағасы Мұрат Мұхамеджанов қаруластарының ешқашан ел жадынан өшпейтінін айтады.

«Қарулы қақтығысқа тек қазақстандықтар ғана емес, ресейлік, қырғызстандық азаматтар да қатысты. Біз тікелей Елбасымыздың бұйрығын орындадық. 17 арыстың арамыздан кеткені қабырғаны қайыстырады. Бірақ, олардың есімдері әркез жадымызда. Бүгінгі еске алу жиынында да біз олардың рухын асқақтатып, есімін отандастарының есінде мәңгі сақтау үшін ұйымдастырып отырмыз. Қай ел болса да, өз батырларын ешқашан ұмытпақ емес!» - дейді Мұрат Мұхамеджанов.

Іc-шараға тәжік-ауған шекарасында қаза болған жауынгерлердің туыстары, Ұлттық ұлан әскери бөлімдері, тәжік-ауған және ауған соғысының ардагерлері қатысты.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер