BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қырымбек Көшербаев немен ерекше мақтанатынын айтты

Биыл қызылордалық түлектердің 97 пайызы білім грантын жеңіп алды. Мен осы көрсеткішпен ерекше мақтанамын. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Биыл мектеп бітірген 6000 түлектің 97 пайызы жоғары және арнайы орта оқу орындарына түсті. Мен осы көрсеткішпен ерекше мақтанамын. Бұл облыс жастарының үлкен потенциалы бар екенін көрсетеді», - деді облыс әкімі.

Көшербаев жастардың оқуға мүмкіндік алуы олардың жаман жолға түспеуіне жол ашатынын атап өтті.

«Жоғарыда аталған 97 пайыз – білім сапасының көрсеткіші ғана емес. Бұл балаларымыз бейтарап маргинал жастар қатарын толықтырмайды деген сөз. Яғни, болашақ экстремистер мен қылмыскерлердің орнын толтыратын әлеуметтік база қысқарды. 2013 жылдан бастап, осы мақсатта өңірдегі тұрмысы төмен және көпбалалы отбасынан шыққан, әсіресе, ауыл балаларына жоғарғы оқу орнында оқу үшін облыс әкімінің гранты тағайындалды. Бүгінге дейін 694 бала республиканың белді оқу орындарында әкім гранты есебінен білім алуда», - деді өңір басшысы.

Оның айтуынша, Қызылорда жастарының Ресейде де білім алуға мүмкіндігі бар.

«2014 жылдан бері Қызылорда жастарына Ресей Үкіметінің арнайы білім гранттары бөлініп келеді. Ресейдің жетекші жоғары оқу орындары қызылордалық түлектерді техникалық мамандықтар бойынша оқытуға, яғни IT-мамандар, металлургтер, технологтар, химиктер даярлау туралы ұсынысымызды құптады. Олар жыл сайын 150 баланы өздері таңдап алады. Бүгінде біздің 452 түлек Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында грантпен білім алуда. Олардың алғашқы легі келесі жылы елге оралады. Сондай-ақ М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничий 2018 жылдан бастап, Қызылорда жастары үшін Мәскеу мемлекеттік университеті есебінен физика-математика және механика-математика мамандықтарына қосымша 20 грант бөлу туралы шешім қабылдады», - деді Қырымбек Көшербаев.

Сөз соңында өңір басшысы жастарға зор үміт артатынын айтты.

«Дәл осы балалар өңірге жаңа индустриалдық келбет беріп, заманауи зиялы қауымды қалыптастыратын болады. Біз олардың екі мемлекеттің арасындағы достық дәнекері болатынына сенімдіміз», - деді Қызылорда облысының әкімі.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер