BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Астанада инновациялық жобалар байқауының финалы өтті

Астана, BAQ.KZ. «Astana Нub» халықаралық IT-стартаптар технопаркінде «NURINTECH» республикалық жастар инновациялық жобалар байқауының финалы өтті.

Үздік атанған үш жоба 1 миллион теңгеден қаржылай сыйлық жеңіп алады. Байқаудың жалпы жүлде қоры 5 миллион теңгені құрайды. Сондай-ақ бір жоба авторына арнайы жүлде – Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне грант беріледі.

Осы жылдың қазан айынан бастап еліміздің барлық өңірлерінен 1000-нан астам өтінімдер келіп түсті. Сараптамалық комиссия экология, робототехника, баламалы қуат көздері, жасыл энергетика, өнеркәсіп, IT, медицина, химия, биология, фармацевтика, жол қозғалысының қауіпсіздігі салаларындағы 30 үздік жобаны таңдап алды.

Жоба авторлары Астана қаласында конкурстық комиссия алдында өз жұмыстарын таныстырды. Жас өнертапқыштардың жұмысын «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қуанғанов Ф.Ш., ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жұмағұлов Б.Т., «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты» АҚ басқарма төрағасы Смағұлов Б.А., «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Батырқожа А.Б. және т.б. мамандар бағалады.

Байқауға ұсынылған жобалар «Әлеуметтік маңызды инновациялар», «Үздік жас ғалым», «Жастардың инновациялық жобасы» номинациялары бойынша бағаланды. Жастар мобильді қосымшадан бастап ауыр өнеркәсіп саласына арналған инновациялық құрылғыларды ұсынып отыр. Д. Серікбаев атындағы Шығыс-Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің жас ғалымдары танталдан жасалған отандық медициналық импланттардың үлгісін ұсынды. Қазір үлгі клиникаға дейінгі сынақтан өтуде. «Егер сынақ нәтижелері сәтті болса, бұл құрылғылар Қазақстан ғана емес Ресейдің де нарығында сұранысқа ие болады» - дейді жоба авторлары.

«Байқауды «Жас Отан» Жастар қанаты үшінші жыл қатарынан өткізіп келеді. Осы уақыт аралығында жастар үшін байқау жаңа жеңістерге арналған трамплинге айналды. Байқау жүлдегерлері өздерінің жеке стартап-жобаларының негізін салып, ұлттық және шетелдік ірі кәсіпорындар мен ғылыми зертханалармен серіктестік орнатты. Бүгін қатысушылар жобаларын қорғады, енді қаңтар айында жеңіске жеткендерді марапаттап, сыйлықтарын табыстайтын боламыз», - деді «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев.

Осыған дейін жүлдегерлер атанғандардың бірі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Иван Крепак «Жарыс» мобильды қосымшасын әзірлеу арқылы краудфандинг нарығында 10 миллион теңгеден астам инвестиция тартты. Алматылық Мәулен Бектұрғанов «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанып, бионикалық қол протезін дайындайтын «MBionics» компаниясының негізін қалады, сондай-ақ Алматы қаласындағы Республикалық протез және ортопедиялық орталығымен бірқатар жобалар іске асыруда. 2017 жылы байқауда жеңіске жеткен Любовь Дудченко қытайлық танымал ғалым Гао Шичтың сыйлығына ие болып, Үндістандағы «Sanray» зертханасымен бірге жұмыс жасайды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер