BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Жол» фильмі халықаралық кинофестивальде «Үздік сюжет» номинациясын жеңіп алды

«Қазақфильм» киностудиясында өндірілген Асқар Ұзабаевтың «Жол» фильмі 2017 жылдың 13-20 сәуір аралығында Ресейде өткен «Красногорский» халықаралық спорттық кинофестиваліне қатысып, «Үздік сюжет» номинациясы бойынша жеңіске жетті, деп хабарлайды Baq.kz.

Бұл фильм Қазақстандағы ең әйгілі спорт түрі – бокс туралы баяндайды. Картина ережесіз жекпе-жекке қатысатын жас жігіт туралы.

«Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметі мәлімдегендей, «Жол» фильмінің түсірілімі Алматы қаласында өткен. Түсірілім жұмыстарының бір бөлігі қаладағы «Барахолка» аталып кеткен базарда түсірілсе, жаттығу жұмыстары бейнеленген көріністер Қазақ ұлттық аграрлық университетінің спорт залында түсірілген. Фильмдегі басты рөлді «G.H.A.D» музыкалық тобының әншісі, жас актер Назар Шархан сомдаған. Ал бас кейіпкердің сүйіктісінің рөлінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының түлегі Динара Жұмағалиева ойнаған. Ал картина барысындағы ең жағымсыз кейіпкердің бейнесіне ҚР Еңбек сіңірген артисі Димаш Ахимов («Соңғы асу», «Примите Адама!»).

Сонымен қатар фильмде жаттықтырушының рөлін - ҚР Еңбек сіңірген актері Ерік Жолжақсынов, Темірланның әкесінің рөлін – Ержан Түсіпов («Сіз кімсіз Ка мырза?») ойнайды.

Еске сала кетсек, 2003-ші жылы құрылған «Красногорский» халықаралық фестиваль - Шығыс Еуропадағы және ТМД елдеріндегі ірі спорттық кинобайқау. Кинофестиваль президенті – әлемнің үш дүркін олимпиада чемпионы, әлемнің он дүркін чемпионы, он бір рет Еуропа чемпионы – Ирина Роднина.

Айта кетейік, биылғы жылы фестиваль бағдарламасына 100-ге жуық спорт туралы кинотуындылар түскен. Фестивальге қатысу үшін таңдап алынған 70-ке жуық көркем және деректі кинофильмдер 15 елден ұсынылған. Олардың арасында Ресей, Австрия, Беларусь, Ұлыбритания, Германия, Испания, Италия, Қазақстан, Канада, Молдова және т.б. бар.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер